22.11.2024

Ауыл мектептерін дамыту үшін және ауыл мектептерін тәмамдаған оқушылардың өмірде табысты болуына нені өзгерту қажет?

Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ауылдың амандығы – Елдің амандығы» деген жақсы сөзі бар. Осы ретте, ұлттық қайнарымыз бен қасиетіміз саналатын ауыл мектептерін дамытуға қатысты келесі ұсыныстарды енгізуге рұқсат етіңіздер.
Ауыл мектептерін дамыту үшін және ауыл мектептерін тәмамдаған оқушылардың өмірде табысты болуына нені өзгерту қажет?
1️⃣ БІРІНШІ. Типтік оқу жоспарын ауыл мектептеріне арнайы икемді қылу, сол негізде оқушының индивидуалды даму траекториясын қалыптастыру қажет. Ауылдық мектептерде білім беруде индивидуалды даму траекториясын енгізу мүмкіндіктері сөзсіз нормативті-құқықтық реттелуі қажет деп атап өтеміз. Оқушылардың жеке негіздемесін ескеріп, қоғамға қажетті құндылықтар мен мемлекет бөлуге дайын ресурстар негізінде болашақ экономикаға жұмыс күші ретінде қарастыру өзекті. Базалық пәндер, бейіндік пәндер, таңдау пәндері және қосымша білім беру, атап айтқанда элективті курстар және кәсіби бағдар жұмысы ауыл мектептерінде толықтай қамтылуы қажет. Еңбек нарығында алдағы он жылда әмбебап дағдылар, коммуникативтілік, ашықтық, креативтілік, аналитикалық ойлау, өзінің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, білімді шығармашылыққа және қиындықтарды еңсеру ұстамдылығына басымдық берілетін болады. Ауыл мектептеріндегі оқу бағдарламасы осы, біз атап өткен ұстанымдардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету маңызды.
2️⃣ ЕКІНШІ. Ауылдағы мектеп оқушыларының адам капиталын дамыту, интеллектуалды әлеуетін жетілдіруде ауылдық мектептердегі тәрбие жұмысы маңызды.
Біз ауыл мектептеріндегі гуманитарлық білімнің мазмұнын, тәрбие жұмысын естен шығармауымыз қажет. Туған Отанына шексіз сүйіспеншілікпен қызмет ету, оның дамуына үлес қосу, патриоттылықты қалыптастыру және дамыту секілді қасиеттер мен құндылықтарды сіңіретін, төл тарихы, ана тілін білетін, құрметтейтін, еркін ойлап, күрделі сұрақтардың шешімін табатын тәрбие жұмысына басымдық берілуі керек.
3️⃣ Үшінші және негізгі басымдықты бұл ауыл мектептерін сапалы педагог кадрлармен қамтамасыз ету.
М. Барбердің халықаралық зерттеулерінің нәтижесіне сәйкес, «Кез келген білім жүйесінің сапасы сол жүйедегі мұғалімдердің сапасына байланысты». Ауыл мектептеріндегі мұғалімнің пәндік білім деңгейінің сапасын арттыруға кешенді шаралар қабылдау қажет. Мұғалімдердің білім сапасын көтеруге жағдай жасау. Арнайы педагог кадрларды дайындайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар мен критерийларды, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту маңызды.
Ауыл мектептерін дамытудың басты әрі негізгі факторы – мұғалімдердің шығармашылықпен айналысуына және кәсіби біліктілігін жүйелі негізде арттыруына жағдай жасау. Ауыл мектептерінің мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттырудың жалпыұлттық жүйесін құруды ұсынамыз. Сонымен қатар ауыл мектептерінің директорларының да оқу процесін тиімді ұйымдастыру, стратегиялық басқару, корпоративті жоспарлау біліктіліктерін арттырудың қажеттіліктерін атап өтеміз.
Ауыл мектептерінің түлектеріне туған ауылдарына мұғалім болып еңбек етудің жаңа ірі масштабтағы жобасын ойластыруды ұсынамыз.
4️⃣ Төртінші. Ауыл мектебі – цифрлық қоғам мен ақпараттық заман талаптарына сай дамуы қажет. Бірыңғай онлайн білім беру платформасын енгізуді ұсынамыз. Аталған онлайн платформада оқу материалдары, дәрістер, сабақ үлгілері, әдістемелік құралдар қамтылып, әр оқушы қазіргі заманның бағыт-бағдарына сай ақпараттық ресурстар және оқыту бағдарламаларымен қамтылуы міндетті. Сапалы интернетпен қамтамасыз ету, электронды базаларға, тегін негізде білім беру контентіне қолжетімділікті қамтамасыз ету.
5️⃣ Бесінші. Ауыл мектептеріндегі инфрақұрылымды дамыту арқылы қосымша білім беруді жүзеге асыру. Ауыл мектептерінде қосымша білім беруді дамыту, атап айтқанда техникалық үйірмелер, инженерлік сыныптар, био, нано, квант технологияларына бағытталған, робототехника, жасанды интеллект, өндірістік процесстерді қашықтықтан басқару, шығармашылық студиялар, спорттық секциялардың жұмысын жандандыру қажет. Бұл ретте, ауыл мектептерінің бірыңғай қосымша білім беру кеңістігін құру, инфрақұрылымын дамыту, педагог кадрлармен қамтамасыз ету маңызды.
6️⃣ Алтыншы. Ауыл мектептерінің оқушылары арасында кәсіби бағдар жұмысын дамыту. Бүгінде кез-келген мектеп оқушысы үшін өмірлік жолын анықтау, дұрыс бағыт пен бағдардың негізінде мамандық таңдау маңызды. Осы ретте, ауыл мектептерінің оқушыларына экономиканың нақты секторларына адам капиталы ретінде үлес қосуға негіз болатын кәсіби бағдар жүйесін енгізу қажет.
7️⃣ Жетінші. Ауыл мектептерін дамытуға жергілікті атқарушы билік органдарының бюджеті есебінен гранттар тағайындау. Аталған гранттар ауыл мектептерінің даму бағыттарына жұмсалуы маңызды. Мысалы, агро-мектептер, қолөнер мектептері, қолданбалы шаруашылық және басқа да бағыттарда кәсіпкерлікті дамытуға, сол негізде жоба жұмысын жүзеге асырып, кәсіби бағдарды енгізуге мүмкіндік берер еді.
Агромектептерді дамыту ауыл мектептерін аграрлық тұрғыдан кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасайды, кәсіби бағдар жүзеге асырылуына негіз болады, ауылдың әлеуметтік мәдени әлеуетін толыққанды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Білім – басты құндылық. Сапалы әрі жоғары білім азаматтардың өмірлік табысының негізгі және маңызды факторы.
Орта білім беруді, атап айтқанда ауыл мектептеріндегі орта білім беретін ұйымдардың жүйелі және концептуалды модернизациясын жүзеге асыру ауылды дамытуға мүмкіндік беретін негізгі фактор деп білеміз.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Сүлейменова Жұлдыз
facebook әлеуметтік желі парақшасынан алынды
-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА