Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан – Қазақстан азаттығының, тәуелсіздік жолындағы ұлт зиялылары күресінің рәмізіндей есім. Уақыт өткен сайын осы тұлғаның әрбір елдік ісі айшықтала түседі деп санаймыз.
Адамзат тарихындағы аса ауыр кезең – Бірінші дүниежүзілік соғыс болғанын әлем жақсы біледі. Дүниежүзін аяқтан шалып, трагедияға ұшыратқан қан майданға қазақ азаматтары Ресей империясы қорғаныс шептерін салу үшін шақырылды. Бұл – патша өкіметі құлардан бір жылдан астам бұрынғы амалсыз жағдай еді. Соғыстың аты – соғыс, майданның аты – майдан. Өлім-жітім, басқа да қиындықтар болмай тұрмайды. Сонда Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан өзі бас болып, от пен оқтың арасына таяу жүрген қандастарына қамқорлық етті.
Бір жағынан, осы Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей империясының тағдырын да шешіп, азаттыққа ізашар Алаш автономиясы құрылар күнді де жақындатты. Ұлт зиялыларының асыл арманы – түбі келетін бостандықты қорғайтын майданда шыныққан немесе қару ұстаған сарбаз-сардарларды қалыптастыру еді. Кейінгі Алаш милициясы, Алаш полкі – соның жемісі.
ХХ ғасырдағы тарихымыздан мәлім, 1916 жылдың 25 маусымында адамзат тарихындағы алғашқы ең зор қантөгіс – Бірінші дүниежүзілік соғыстың Ресей империясы жағындағы Батыс (Беларусь), Солтүстік Батыс (Украина) және Солтүстік (Латвия) майдандарында қорғаныс шептерін қазу-салу жұмысына «бұратана халық» есебінде қазақтан 19-43 жастағы азаматтарын күштеп айдау туралы орыс патшасы ІІ Николайдың жарлығы шықты. Жарлық бойынша 1916-1917 жылдары түрлі дерек бойынша 150-ден 300 мыңға тарта қазақ жігіті аталған үш майданның тылдарына окоп-блиндаж-траншея қазуға айдалды. Кеңес мифологиясы, «ұйымдаспаған қарсылық» болғанын еріксіз мойындаса да, қазақ халқын сол жарлыққа қарсы «ұлт-азаттық көтерілісіне» шығарды. Көтеріліске қарсы шығып, халықты жарлыққа мойынсұнып, балаларын қара жұмысқа жіберуге үндеген Алаш зиялыларын «патшалық биліктің итаршылары», «ұлт сатқындары» деп жетпіс жыл бойы қаралағаны да рас. Ал тарихи ақиқатқа келсек, халқын жаһандық соғыстың үшінші жылында әбден қансырап, жаралы аюдың кебін киген отаршыл империяның зұлымдығынан қорғау мақсатында Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуі «Алаштың азаматына» мынадай үндеу жолдады: «Міне, дүние жүзіндегі халықтардың көбі соғысқа кірісіп, қанға боялып, шаруасы күйзелгеніне 2 жыл толып, 3-ншіге айналды… Сол 2 жылдан бері біздің халық мал шығыны болмаса, бас шығынын көрген жоқ еді… Отан қорғау ісіне көмегі тиер деп бізді жұмысқа шақырған жарлық шықты… Біздің жұртқа айтатынымыз: бұған көнбеске болмайды… Көнбейміз деушінің сүйенгені жантәттілік болса, салыстырып қаралық: көнгенде жұрт қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қысаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (Қысаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қысаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған хүкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесең, хүкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер».
Алаш арыстары үндеудің соңында бұл соғыс Ресей империясын үш ғасырдан астам билеп-төстеген патшалық билікті құрдымға жетелеп, қазақ халқының азаттық алатын мүмкіндігі туатынын астарлап жеткізді: «Ал енді дүние бұл күйде тұрмас, бұл соғыс та бітер. Сол кезде әркім қызметін бағалар. Сонда еккені де жоқ, сепкені де жоқтар сыбағаға ортақ бола алмас. Теңдікке, хақыға ортақ болайық десек, осы бастан түбін ойлауымыз керек. Алмақтың да салмағы бар».
1916 жылдың күзінде 3 майданның шебіне қазақ жігіттерінің алғашқы толқыны аттанғанда, Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары мен Петроград, Мәскеу, Қазан, т.б. университеттері студенттерінің тобы да жігіттердің ізімен майданға аттанды. Тағы бір топ студент «Қазақ» газетіне: «Қазанда бар қазақ студенті қызметке алынған жастарға һәм олардың үйлеріне көз қырын салалық деген. Алаштан адам шықса, күні бүгін соғыс майданына бар десе де, яки, мұндағы жұмысты атқарыңдар десе де, басымыздың билігін сол Алаштың баласына бердік. Біздің бұл қаулымызға басқа жерлердегі оқыған ақжүрек бауырларымыз да қосылар деген үміттеміз. Ендігі іс көпте, көптің ішінде басшы ағаларымызда» деген үндеулерін жариялады. Майдандағы оқыған жастар орысша білмейтін қазақ жігіттеріне тілмәш, нұсқаушы, кеңесші, қамқоршы болды. Жігіттер Беларусь, Украина және Балтық теңізі жағалауындағы майдан шептерінде инженерлік-құрылыс қостарында окоп-блиндаж-траншея, яғни қорғаныс шептерін қазды, соғысқа қару-жарақ, оқ-дәрі, жабдық шығаратын кәсіпорындарда жұмыс істеп, орманда ағаш кесіп, теміржол, теңіз порттарында қара жұмыс атқарды. 150-ден 300 мыңға тарта қазақ азаматының басым бөлігі қантөгіскен Ресей армиясының құрамында, қалған бөлігі – Әлиханның арқасында Бүкілресейлік земство одағының қоластында жұмыс істеді. Ол туралы Әлихан «Жұмысшылар жайынан: Күнбатыс майданынан» атты мақаласында: «17 декәбірде Күнбатыс майданның Земски комитеті бастығы В.В.Вырубов бізді (Әлихан, Мырзағазы, Тел, Мұса, Хасен) Күнбатыс майданына шақырды. Мұнда 9 қоста (рабочая дружина) 12-13 мың қазақ жігіті бар екен. Бұл жігіттер Земгор қарамағында. Осы 9 қостағы жігіттерге жататын жай, ішетін тамақ, істейтін іс, бұл іске хақы беретін қазақ жігітін бағып-қағып, басқаратын земгор болады», – деп жазды («Қазақ», 1917 ж. 27.01. № 215. – 3-4 б.).
Осылайша, Әлихан бастаған ұлт зиялылары мен студенттер жігіттердің қара жұмыста киген киімін, ішкен асын, атқаратын жұмысын, алатын табысын, демалатын, жататын орнын, денсаулығын қадағалап, бағып-қағып, қорғап жүрді. Мысалға, «Қазақ»-тың 1917 жылғы 20 қаңтардағы санында Кеңарал баласы деген автор: «Рига қаласында жұмыс қылып жатқан 200 сарт, таулық һәм біз – бәріміз 800 кісіміз, жұмыс оңай. Жұмысқа ертеңгі сағат 7-де барып, сағат 12-де тамақ ішіп, сағат 2-де тағы барып, сағат 6-да қайтып келеміз… Адресіміз: Действующая армия, бетонный завод, 3-я инородческая рабочая партия, 5-я сотня.
16-ншы дружинаның 120-сыншы партиясындағы 1200 қазақ жігітіне 24 декәбірде Әлихан, ушител Мырзағазы Есболұлы, Мәскеу студенттері Тел Жаманмұрын, Мұса Сейдалин, Хасен Бекетайлар кетіп кетті», – деп жазды.
Жігіттердің соғыс қимылдарына қатысатын армияның инженерлік-құрылыс жасақтарында істейтіндерінің: «Действующая армия, 1-я Инженерно-строительная дружина, 200-я рабочая партия, ІІ отряд» деген мекенжайларын «Қазақ» газеті арқылы туған-туыстарына хабарлап отырды.
5 ақпанда Минскіден берген жеделхатында Әлихан Бүкілресейлік земскі және қалалық одақтың Батыс майдан комитеті құрамынан «Бұратана бөлімін» ашып, оған өзі меңгеруші болғанын хабарлады. Келесі жеделхатында ол бөлімге қызметке қазақ пен сарттан аудармашы, дәрігер және фельдшер шақырды. Сөйтіп, Алаш көсемі басқаратын «Бұратана бөлімі» тек «қалың елі қазағына» ғана емес, қырғыз, өзбек, шубаш, бұрят халықтарының барлығына бірдей қамқоршы болды.
Көп ұзамай, Әлихан, Ахмет, Міржақыптың Алаш халқына жолдаған үндеуінде астарлап айтқан болжамы толық ақталып, Ақпан төңкерісі ІІ Николай патшаны тақтан тайдырып, билік Уақытша үкіметке жүктелді. Осылайша, қазақ халқы 1916 жылғы «ұйымдаспаған ұлт-азаттық көтерілісінің» арқасында емес, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның бейбіт, бірақ қиян-кескі саяси күресінің нәтижесінде отарлық бұғауынан құтылды. Наурыз айынның басында Ә.Н.Бөкейханды әділет министрі А.Керенский жеделхатпен Петроградқа шақырып, Бұратана бөлімінің меңгеруші қызметін Аспандияр Кенжеұлына жүктеп, өзі Ресей астанасына аттанады. Петроградта өзіне ұсынған бірнеше мәртебелі қызметтің ішінен Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары қызметін таңдады. Осылайша, Әлихан Бөкейхан кешегі Ресей империясының отарындағы түркітілдес халықтар өкілдерінің ішінен бірінші болып бұрынғы патша генерал-губернаторының қызметіне тағайындалған тұңғыш азаматтық комиссар болды.
Мұстафа Шоқайдың жазуынша, Ақпан төңкерісінің ізінше Орынборда «Торғай облысы қазақтарының сиезі» атауымен 2-8 сәуірде өткен тұңғыш Жалпықазақ құрылтайы жер мен жұмысшылар мәселесін бірінші кезекте қарады. «Жұмысшылар мәселесі турасында құрылтай майданға қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерін дереу кейін қайтаруды, жұмысқа алуды доғару, жұмысқа алуға қарсы шыққаны үшін сотталғандарды түрмеден босатуды, ескі билікке қарсы көтеріліске шыққандарды сот пен әкімшілік қудалаған барлық істі доғаруды талап етті… Құрылтайдың бұл талап-тілектерін де Уақытша үкімет орындады», – деп еске алады М.Шоқай (Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. 12 том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2014. – Т. 9. – 245 б.).
«Қазақ» газеті Мұстафаның сөзін толық растап, Торғай облысының комиссары Ә.Н.Бөкейханға Ішкі істер министрінен 21 мамырда келген № 16712 жеделхатында Уақытша үкіметтің 5 мамырда қабылдаған қаулысы бойынша 1916 жылғы 25 маусым жарлығымен қара жұмысқа алынған жұмысшылардың бәрі тегіс еліне қайтатынын, олар соғыс министрінің бұйрығымен һәм қаржысымен округ штабы жасаған тасу бұйрығы бойынша қайтатынын хабарлады («Қазақ». 1917. 27.05. № 231. – 1 б.).
«Қазақ» кезекті: «Бір эшелон өзбекті бастап студент Назір (Төреқұлұлы) 20-сыншы майда, бір эшелон Жалайырды бастап Мырзахан 21-інші майда, бір эшелон сартты бастап Шаһмардан Қапсалам 22-нші майда орынборлатып өтті. Бұлардан басқа басшылық етіп, Қостанай жігіттерімен Хұсайын, Орал жігіттерімен Мұса (Сейдалы), Ақтөбе жігіттерімен Тел (Жаманмұрынұлы), Жетісу жігіттерімен Біләл қайтқан хабары да басқармаға жеткенін» хабарлады («Қазақ». 1917. 27.05. № 231. – 2 б.).
Газеттің кезекті саны Азанбай Сәбекұлының Қарқаралы жігіттерінің атынан Әлихан Бөкейханға арнаған жүрекжарды сөзін жариялады: «Барша қазақ азаматы үшін Минскіге келіп, бұратана бөлімін ашып, күні-түні демей ұйқыдан безіп, көлік таппаған жерде жаяу да жүріп, қазақтың қамын жеп, оттан-судан қорықпай, аз-көп демей, таудай талаппен газет басып отырған ағаларының, жолдастарының тілін алып, елдің шеті- жаудың беті жерге қазақ бауырлары үшін жанын қиып, жат жерде қыстай бағып-қағып, қорлық-зорлық көрсетпей, жөн танитын жол көрсеткен жас студенттерге, ушителдерге қайта-қайта бас иіп, «Тәңірі жарылқасын!» тіледі» («Қазақ». 1917. 03.06. № 232. – 2 б.).
«Қазақ» газеті Азанбайдың мына сөзін де келтіреді: «Оқыған жас қазақтарға ұран шақырып, жұмысқа алынған бауырларына бас-көз болуға басшы болған Әлихан мырзаның атына бір белгі қалдыруға жәрдем жиып, бір сенімді кісінің қолына тапсырып жатырмыз. Жасасын Әлихан! Жасасын қазақ жастары! Жасасын қазақ халқы!» («Қазақ». 1917. 03.06. № 232. – 2 б.).
Газет «Әлихан атына стипендия» атты мақаласында «Қарқаралы оязы, Ақсары, Қукент, Дегелең болыстарының соғыс майданынан қайтқан 640 жігітінен бастығы Азанбай мырза Сәбекұлы арқылы жиылған 207 сом», «Ырғыз оязы, Қабырға болысының 8-інші ауыл граждански комитеті мәжілісінде Телжан мырза Шонан арқылы жиылған 103 сом 70 тиын», «сол ояз, сол болыс 5-інші ауылдың адамдарынан Телжан мырза арқылы тағы 97 сом. Қабырға болысының болостной комитеті ашыларда жиылған 66 сом 80 тиын. Барлығы 474 сом 50 тиын. Бұрынғыларымен 2474 сом 50 тиын» ақшаны «Қазақ» кеңсесіне тапсырғанын хабарлады («Қазақ». 1917. 24.07. № 237. – 4 б.).
Өз тарапынан «Қазақ» газеті «Күтілмеген көсемдік» мақаласында І жаһан соғысында от пен судың арасында окоп, блиндаж қазған инженерлік-құрылыс қостарының 229-партиясында жұмыс істеген Жетісу облысы Қапал оязының 700 жігіті, Торғай облысы Ақтөбе оязының 94 жігіті Әлихан Бөкейхан атына деп не мешіт-медресе, не стипендия ашылсын деген тілекпен 2,5 мың сом жиып, еліне қайтып бара жатқан мыңбасысы Мырзахан Төлебай арқылы «Қазақ» басқармасына тапсырғанын жариялады. Редакцияның пікірі мынадай: «2,5 мың сом ақшамен мешіт-медресе де, стипендия да ашылмайды. Жұмысқа барған 794 жігіттің онан артық жиюға сұлы жете тұрып, жомарттығы жетпей қалған жоқ. Ол – ақиқат нәрсе. Олар мұрындық болып іс бастап, арғысын Алаш алдына салып отыр, осы еткен көсемдігіне де көп рахмет!».
Әрі қарай «Қазақ» басқармасы мешіт-медресе пен стипендия ашуды ұсынған жігіттердің бастамасына мынадай ой айтады: «Бұлардың бұл мұрындық болып отырған ісі 300 жыл халықтың қанын сорған Романовтар құрметіне деген іс емес, яки олармен табақтас болып, таяғын соққан министрлер, жандаралдар құрметіне деген іс емес, я болмаса қазақты сөгіп-соғып, мал есебінде баққан басқа шенеуніктер құрметіне деген де іс емес – бұл іс қазақ жұртын халық қатарына сүйреп, дүние-бәйге тіккен тіршілік жарысынан қазақ та жүлдесіз қалмауына өмір бойы өнерін сарп етіп келе жатқан «Алаш Әлиханы» болған адамның құрметіне деп істелетін іс. Халық ісін сүйетін қазақ балалары мұндай орынды игілік істі жұмысқа барған жігіттермен жиған 2,5 мың сомына қаратып қоймас. Әлиханның жалпақ жұртқа еткен еңбегі жұмыстағы жігіттер үшін бір қыс еткен еңбегінен кем деп ешкім айта алмас. Аз уақыт еткен еңбегін танымайды деп тағы айта алмаймыз. Әлихан атына арналып істелейін деп тұрған игілікті іске атсалысатын Алаш азаматтарының қызметіне «Қазақ» басқармасы дайын» («Қазақ». 1917. 03.06. № 232. – 1 б.).
Ресейдегі патшалық билік құлағаннан кейін, Қазақ хандығы тарих сахнасынан кеткен 1847 жылдан араға 70 жыл салып, хандық мемлекеттің кең-байтақ жерін халқына қайтарып алып беріп, сол жерге қазақтың заманауи ұлттық мемлекеттігінің іргетасы мен туын қайта көтеретін 1917-1920 жылдары тарихи мүмкіндік үшін жан аямай күрескен көп зиялының арманы – Әлихан еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету және ретіне қарай есімін ұлықтай білу еді. Бұған куә – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Әріп Тәңірбергенұлының, Көкбай Жанатайұлының арнау өлеңдері, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Әлиханның Семейге келуі» мақаласы, «Айтыс» поэмасы, Мағжан Жұмабайдың «Эпиграммалары», Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» атты зерттеуі, Смағұл Садуақасұлының «Ақаңның алдында» атты баяндамасы (А.Байтұрсынұлының 50 жылдығы 1923 жылы өтті), т.б. еңбектер.
Өз басым осы амантты нақты орындап жүрген жеке кәсіпкер, меценат Әбдімәжит Сыздықбектің еңбегін ерекше атаймын. Ол Алаштың 90, 100 жылдық мерейтойларында Әлиханның өшпес тарихи, қайраткерлік еңбегіне арнап әл-Фарабидің отаны – Отырардан бастап бірнеше өңірде ғылыми жиын, мәнді басқосу ұйымдастыруға мұрындық болды. Алаш көшбасшысы туралы қазақша, орысша, ағылшынша зерттеулерді жеке кітап етіп жариялау ісіне елеулі демеушілік көрсетті. Алаш бірлігі мен ел тұтастығына арнап кәдесый форматында панно-кілемше даярлатты. Сол Отырар мен Арыстанбаб ортасындағы қазақы ауылда Әлихан құрметіне «Алаш» паркі мен стадионын орнатты. Бұйырса, бұл бастамасы жалғаса бермек. Мағжан еліне Ә.Бөкейхан бастаған ұлт зиялыларының өнегесін жеткізу жобасы да жүзеге аспақ. Біздіңше, мұндай азамат Қазақстанда сирек. Сондықтан мен ғалымдардың атынан қайраткерлігімен, адал өнегесімен Қазақ еліне азаттықтың, мемлекетшілдіктің өшпес шырағын жағып кеткен Алаш мұрасын қадірлеп, қастерлеп жүрген азаматтарға тәңір жарылқасын айтамын.
Шүкір, біз әзірлеген Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы Президент Қ.К.Тоқаевтың жеке кітапханасынан аудан кітапханасына дейінгі негізгі мәдени ошақтардың бәрінде де тұр. Ендігі баршамыздың ортақ парызымыз – осы бай мұраны Тәуелсіздік мұратымен байланыстырып, әділетті Қазақстанның сан салалы қажетіне жарату. Әлекең айтқандай, «Игілікті іс халық өзі қызмет қылса, өзі талаптанса ғана орнына барады».
Сұлтан Хан Аққұлы,
әлихантанушы, PhD