ҚР Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр мемлекеттік-жекешелік серіктестік желісі бойынша мектеп құрылысына қатысты сұраққа жауап берді.
«Қазіргі кезде ел бойынша мектептегі орын тапшылығы 243 мыңға жетіп отыр, үш ауысымдағы оқыту 137 мектепте жүргізіледі. Өндірістік есептеулерге сәйкес, 2025 жылға қарай аталған орындардың тапшылығы 474 мың болуы мүмкін. Бұған демографиялық әрі көші-қон процестері, мектеп ғимараттарының тозуы әсер етеді. Алайда мемлекеттік мектептер құрылысының қарқыны халықтың демографиясы мен миграциясына сай келмей тұр», – делінген Р. Склярдың депутаттық сауалға берген жауабында.
Орын тапшылығы, үш ауысымдағы оқыту және апатты мектеп ғимараты мәселелерін шешу үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың қарқынды қадамдары керек.
«Бюджетке бір мезгілде елеулі жүктемені болдырмау мақсатында ірі заманауи мектептер құрылысы мемлекеттік-жекешелік серістестік моделі бойынша жоспарланып отыр», – деп толықтырды Үкімет басшысының орынбасары.