22.11.2024

Жақсылық Орынбасар. ҰБТ- ұлт болашағына тосқауыл

ҰБТ- ұлттың болашағына тосқауыл деген сөз бе?

Ұлттық бірыңғай тест – жыл сайын басы ду, соңы шуға айналып тұратын бітпес хикая. Міне, оған да санаулы күн қалды. Мектеп бітіретін бала да, оны аттандырып салатын мектеп те, үйде тақым қысып отыратын ата-ана да,- бәрі үміт пен күдіктің арасындағы арпалыста жүрген кезең. Біреу қаламын, біреу қағазын тағы біреу қалтасын сайлап қарбаластыққа түсіп жатыр. Бұлай кесіп айтуымыздың себебі бұл күнде ҰБТ-ның былығы мен шылығы қоғамға аса құпия жағдай емес. Халықтың еті үйренген ескі дағдыдай болып орнығып қалды.
Ендеше, бүгін бұл тақырыпты қайта қаузап отыруымыз осы саланың тізгінін жаңа ғана ұстап отырған министрдің назарына ілінсе деген ниетпен ҰБТ-ның қыры мен сырына тағы бір үңілуді жөн көрдік. Қазақ «жас келсе іске» демеп пе еді? Бір жағынан министрлік орынтаққа міне сала қоғамды дүр еткізіп «келесі жылдан бастап жоғары оқу орындарына қабылдау емтиханының формасы өзгереді» – деп бәрімізді елең еткізген Сарынжіпов мырза барлық жағдайға қанықса бір харекет жасар ма екен дейтін үміт қой.
Сонымен таусылмайтын ертегі болған ҰБТ ны таразыға қайта салып көрсек:

ҰБТ және ұлт тағдыры

ҰБТ- жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтап, 11 жылда көкірегіне білім ұялатып, дарынын шыңдаған, ертеңгі бәйгеге дайын тұрған саңлақтарды саралайтын дода. Бірақ, бұл тек сөз жүзіндегі шаруа ғана болып қалды. Себебі қазыр ол қаншама алпауыттардың мүдде қайшылығы бетпе-бет келетін майданы, тіпті білім сайысы емес, бизнес алаңы болып кетті. Асылында, елдің іргесін бекітіп, келер ұрпақты білімді, интелектуалды, дарынды етіп тәрбиелеу жолында бұл саладағы сараптауда иненің жасуындай ағаттық пен жалғандыққа жол берілмеуі керек-ті. Ал, біз ше? біз ұлтымыздың тағдырынан үйдегі ұлымыз бен қызымыздың нәпақасын биік қойып отырмыз. Нәтижесінде, білім саласында асылымыз бен жасығымызды ауыстырып, адам сенгісіз арсыздыққа жол беріп отырмыз.

Дауымыз көп, жауымыз жоқ, неге?

ҰБТ-ға байланысты шу 10 жылдан бері біткен емес, бітпейді да. Том-том арыз арманын, мектеп пен ата-ана, оқушы мен мекетеп арасындағы дау-дамай, тіпті арты қайғылы қазаға алып баратын ауыр жағдайлар жыл сайын қайталанып отыратын дәстүрге айналып бара жатыр. Неге бұлай? Кім кінәлі? Дау көп, жау жоқ. Бар болса да шекесіне шертіп тұрып көрсетуге дәрменсізбіз. Дегенмен шындық бар. Ол мың жерден жасырғанмен тайға басқан таңбадай көрініп тұр.
1. Жалпы, ең әуелі осы жүйені қараусыз кім көрінгеннің табыс көзіне айналдырып отырған білім ғылым министрлігінің салғырттығы. өйткені ҰБТ барысында «бармақ басты көз қысты» жағдайлардың қалыптасып алуы әрбір білім алушы түлектің білімімді болсам табысқа жетем деген сенімінен айырды. Өйткені баптан гөрі «бақ» шабатынын баланың бәрі көріп біліп отыр. Осындай ащы жағдайға ашынған Рүстем Қайртай бір айтыста: « бұрынғылар сынақты тапсырарда,
деуші еді бап шаба ма, бақ шаба ма?
Ал, бүгін бап та шаппай, бақ ташаппай,
Жалғыз өзі шауып жүр ақша ғана»- деп айтып салып еді. Сол айтқандай, 11 жыл бойы ойынмен өмірі өткен «артқан түйесінен, сүйенген иесі» күшті балалар екі сағаттың ішінде оп-оңай табысқа жетіа тайраңдап кете бермек.
2. Еңбектенбей-ақ оп-оңай бедел жиғысы келетін немесе, атақ-абыройдан жұрда болып қалудан қорқатын мектептердің кесірі.
Қанша дегенмен ҰБТ әр мектептің атқарып жатқан жұмысының көрсеткіші. Ал, осы 3 күн ішіндегі нәтиже қай мектептің қарым-қаблеті қандай екенін көрсететін өлшем. Демек, бұл сынақта жақсы жетістікке жету сол мектептің жоғарыға беретін есебін жеңілдетпек. Екінші жағынан келер күзге ата-аналардың қызығушылық танытуына сеп. Осы екі себептен мектеп басшыларының көбісі жалғаншылық пен жасандылыққа тыраштана кірісетіні жасырын емес. Емтихан майданына кірген балаға соғыс кезінде жау қолында қалған сарбазға жасамаған көмекті жасайды-ай келіп. Арнаулы «жедел жәрдем» қызметін іске қосып үйінде отырған мұғалімді сүйреп әкеліп шұғыл көмекке отырғызып қоятындары да аз емес.
3. Білімді ақылмен емес, ақшамен сатып алғысы келетін ата-аналардың да оңып тұрғаны шамалы.
Ата-анаға басқасынан бұрын баласының көштен қалмай аттанып кеткені керек. Ал, мектеп қабырғасындағы баласының хал-жайын білуге 10 жыл бойы уақыт таба алмаған ата-ана осы күндері баланың тағдырын ойлап, оқудың маңызын (оның өзінде жоғары оқу орындарындағы оқу) біле қалады. Сөйтіп мақсаты мен ой-арманы бір жерден шыққан мектеп пен ата-ана бар амалын салып осы кезеңнен сүрінбей өтуге барын салмай ма? Ал, өзім дегенде өгіздей күшін салатын бұларға ғылымның, білімнің құны бес тиын. Қысқасы, мектеп баладан, баладан келетін бәледен құтылса, ата-ана баласының мәселесін шешіп, жұртқа бір мақтанып алса болды. Іс бітті, көңіл орнықты. Ал, болары болып бояуы сіңгенде сәтсіздікке ұшырап, үйдегі ойын түздегі іс болдырмағандар ұлардай шулайды кеп. Бірақ, кім жауап береді? Бұл сұраққа жауап жоқ. Егер жауап берілсе, мұндай сұрақ та тумас па еді, кім білсін.

Айта айта алтайды, жамал апаң қартайды.

ҰБТ ұлттың болашағы үшін ең маңызды сынақ екенін айттық. бірақ, осыншама маңызды мәселеге ел болып, жұрт болып енжарлық танытуымыздың залалын салмақтадық па? ҰБТ туралы тағы бір ақынымыз осы үш әріп «ұлттың болашағын тежеу» деген сөздердің қысқартылуы емес пе,- деп еді. Шынымен де әр жылы мыңдаған түлек сынақ тапсырады, ішінде еңбегіне сенгені бар, еңбектің не екенін де білмей келгені бар. Жемқорлық діңінен өтіп өзегіне жеткен осы сынақ тұсында ертеңгі қоғамның кірпіші болатын үмітті ұрпақ білім деңгейі бойынша сап түзеуі керек қой. Бірақ, осы ретпен қарағанда қаншама дарынды оқушылардың бағы байланып олар алатын орынға басқа амалдармен өткен білімсіздер өтіп жатыр. Бұл алдымен әр балаға жасалған аяусыз қиянат. Ол айналып келгенде ұлттың тамырына балта шабу. Себебі кеше дарынды бала баратын орынға бүгін білімсіз, дүбәра біреу келді. Міне осы салыстырма жыл сайын артпаса кеміп бара жатқан жоқ. бұл тәуелсіздігімізге ешбір қауыпсыз-ақ, ішімізден өзіміз атып жатқан оқ деуге болады.

Ойтүрткі

Осы мәселеге неше жылдан бері әлде неше рет ауысқан министрлердің бәрінің атүсті қарап келуінің себебі неде екені белгілі. Себебі құлақ тыныштығы керек болған шығар. Ал, кезекті министрімізге төмендегі бірнеше мәселені қолға алмай келер он жыл ішінде еліміздің білім, ғылым саласы тоқырауға айналатынын айтқымыз келді.
1. Ұлттық бірыңғай тест ол ұлттық қауіпсіздік. Ол қатаң қорғалуы және құпия болуы керек.
2. ҰБТ кезіндегі қаралыққа, жемқорлыққа қатаң тиым салыну керек. Мысалы, кей емтихан орындары тек бірнші күні, яғни комиисия келетін күні ғана қатаң бақыланып, қалған күндері қараусыз қалмауы керек.
3. Емтихан орнына кіргізу өте қатаң тексерілуі керек. Тексерудің алынып тасталуына мүдделі адамдардың талабы мен айқайын ескеріп, дарынды оқушылардың болашағын бүлдіруге болмайды.
4. ҰБТ кезінде барлық аудиторияда байланыстар үзілуі керек( телефон және интернет желілері).
Р.S. Біздің жанайқайымыз ертеңгі ел тағдыры, егемен елдің болашағы үшін. Қалай болғанда да алдында асар асуы бар адамның соған лайық харекеті болары анық. Ал, білім алу ісінде жоғары оқу орындарына түсудің қиындығын сезінбейінше оған деген талпыныс та болмайды. Демек, қоғамға ҰБТ ның айналып өтуге болатын қалтарыс жолы бар оңай асу болып көрінуі, осылай қалыптасып қалуы мектептегі білімнің одан ары құлдырауына бастары сөзсіз. Әр оқушының білім алуға құқы бар, дегенмен жоғары оқу орнына түсу, ғылым мен техниканы меңгеру осы салаға өзін арнап, адал еңбек пен ақ терін арнаған баланың еншісіне берілу керек. Білімді сарапқа салу мен саралаудың әділетті болуының маңызы осында. Егемен елдің еңсесін көтеріп, оның әр саласына қызмет ететін болашақ мамандармен ғалымдардың жолын бүгінгі жемқорлардың қолымен кесіп, бағын байламасақ екен.

Жақсылық Орынбасар
kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. ҰБТ тапсырып жатқан күндері, егер кез-келген мектепке бас сұқсаңыз жүгіріп жүрген ата-аналар және пән мұғалімдерін көресіз бәрінің жұмысы біеу, тестқа кірген оқушыларға, WhatsApp пен келген сұрақтарға жауап жіберіп шауып жүргендері…..

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА