Мектептер мен балабақшаларда орнатылған бейнебақылау жүйесінің 11,4%-ы ғана полицияның жедел басқару орталығына қосылған.
Үкімет отырысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай деректер келтірді.
«Бүгінде мектептер мен балабақшалар 100% бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Бірақ оның 21%-ы бекітілген талаптарға сәйкес келмейді. Біз жуықта ғана ауқымды тексеру жұргізген болатынбыз. Сол кезде осы мәселе белгілі болды. Тек қана 823 мектеп немесе 11,4%-ының бейнебақылау жүйесі полиция органдарының жедел басқару орталығына қосылған», – деді министр.
Ведомство басшысы арнайы күзетпен қамтылған мектептердің саны 466 ғана екенін айтады.
Бұл – елдегі орта білім нысандарының 6,4%-ы ғана деген сөз.
«Барлық мектептің 14,9%-ында ғана дабыл түймесі бар. Бүкіл мектептерді жақын арада осындай құрылғымен қамту қажет», – деді Білім және ғылым министрі.