Қыздардың сапалы білім алуы келесі буынның тәрбиесі мен біліміне тікелей әсер етеді дейтін пікір бар. Ал демографтар «қыздар білімге ұмтылған сайын туу көрсеткішінің төмендейтінін» алға тартады. Елімізде адам капиталының біліммен байланысты екенін ескерсек, қоғамда қыздардың сауатты, білімді болғаны маңызды. Осы тұста білімді қыздар сауатты ұрпақ тәрбиелейтініне кепілдік бар ма?
Адами капиталдың маңызы қандай?
Иә, қыздардың білім алуы қай ғасырда болмасын өзекті. Өйткені 1920-1930 жылдары елімізде бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары болған. Қазір бәрі басқаша. Мәселен, 7-10 жас аралығындағы 99,8% қыз мектепке барады. 2020/21 оқу жылында 3,4 млн бала жалпы мектепте білім алса, соның 1,7 миллионы – қыз бала. Ауылды жерге келсек, мектепте оқитын 1,5 млн баланың 962 мыңнан астамы – қыз. Статистиканы одан ары қазбаласақ, биыл 128 494 қыз 9-сыныпты аяқтаса, 75 303 қыз 11-сыныпты бітірді. Ұлттық статистика бюросының 2019 жылғы мәліметі бойынша, 222 мыңнан астам қыз колледжде білім алады. 321 643 қыз бала ЖОО-да білімін жалғастырып жатыр. Ал 20 901 қыз магистратурада білімін шыңдаса, 2019 жылы 579 қыз-келіншек докторантураны бітірген.
Ал жоғарыда айтқан адами капиталға келсек, оның еңбек нарығындағы орны, білімі, денсаулығы, физикалық қабілеті де негізге алынады. Қазір дамыған елдерде адами капиталға біліммен қатар денсаулықтың да үлкен үлесі бар. Сол үшін адами капиталға үнемі инвестиция құю қажет. Инвестицияны қажет ететін ол – білім мен медицина. Яғни, көкірегі ояу, көзі ашық, дені сау адам кез келген тығырықтан шыға алады. Ғалымдар зерттеуінде бойындағы қарым-қабілетін білетін жандар дағдарыс кезеңдерінде жол таба білетінін жазған. Сондықтан қаржы капиталы басым адам кез келген ситуациядан шыға алады деу қате. Өйткені білім мен денсаулықты негіз еткен адами капиталдың бәсі жоғары.
Десек те, дені сау, білімді адам қабілетін еңбек нарығында сынайтыны белгілі. Елімізде бастауыш, орта, жоғары біліммен қамту деңгейінің жоғары екені мәлім. Бірақ олардың іске келгенде осалдық танытатынын байқаймыз. Яғни, олардың икем дағдысы аға ұрпақпен салыстырғанда төмен. Мұны қай саланы алып қарамасаңыз да, байқау оңай. Ал бұл сыни тұрғыдан ойлау дағдысымен тікелей байланысты. Сондықтан қазір Қазақстанның адами капиталды дамыту индексінде көтерілуі үшін сыни тұрғыдан ойлауға ден қойылған.
Саналы ұрпақты кім тәрбиелейді?
«Мұның бәрінің қыздардың білім алуына қандай қатысы бар?» дерсіз. Өйткені қыздардың заман талабына сай білім алуы сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады. Мысалы, көзі ашық келіншек құрсағына бала біткеннен бастап не істеу керегін біледі. Талдама жасату, дәрумен қабылдау, дұрыс тамақтанудың маңызын түсінеді. Демек, келер ұрпақтың денсаулық критерийі барынша қадағаланады деген сөз. Артынша оның жақсы мектепте білім алып, үйірмеге қатысуына да жағдай жасалады. Осы тұста әлеуметтанушы Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, тек ЖОО дипломы бар қыздар саналы ұрпақ тәрбиелейді деу қате пікір екенін айтады. Жалпы, рухани кеніші бай, саналы келіншектер де тәрбиелі ұл-қыз өсіріп отыр.
«Халықтың 51,5%-ы әйелдер болғандықтан, әрине міндетті түрде олардың еңбек нарығында атқаратын қызметі жоғарылап барады. Сондықтан әйелдің білім деңгейі, денсаулық деңгейі жақсы болса, болашақтағы демографиялық ахуалға әсер етеді. Бірақ гендерлік өтпелі кезең мен демографиялық өтпелі кезеңге қарасақ, әйел адамның білім деңгейі көтерілген сайын, ол гендерлік өтпелі кезеңді оңай еңсереді. Тиісінше оның еңбек нарығындағы үлесі артқан сайын, туу деңгейі төмендейді. Әрине, білімі жоғары, денсаулығы жақсы әйелдің дүниеге дені сау ұрпақ әкелу ықтималдығы жоғары. Бірақ бала тәрбиесіне келсек, бәрі балаға қаншалықты көңіл бөлінетініне байланысты. Отбасындағы құндылық да маңызды рөл ойнайды. Қазір жаңа туған балалардың арасында аутоиммундық туабітті аурулар көбейіп бара жатыр. Сондықтан баланың аман-сау дүниеге келу факторын алып қарасақ, мұнда әйелдің білімінен гөрі денсаулығы маңызды», – дейді әлеуметтанушы-демограф Аяулым Сағынбаева.
Сондай-ақ ол ұрпақ тәрбиесіне келгенде негізгі жүк анаға түскенімен, әкенің де үлесі барын атап өтті. Оның айтуынша, баланың мектеп қабырғасында, әртүрлі үйірмеде, қоғамдық ортаға бейімделуі де бала тәрбиесіне әсер етеді. Әрі ол елімізде әйел не бала тәрбиесіне не жұмысқа басымдық беретінін ұмыт қалдырмады. Яғни, мансап жолын таңдаған әйелдің баласын атасы мен әжесі, күтушісі, балабақша қарайтыны белгілі. Сондықтан әлеуметтанушы мұндай мәселеге келгенде, жалпы емес, жекелей жағдайға мән беруді ұсынады.
Білім берумен мәселе шешілмейді
ЮНИСЕФ қоры ұсынған зерттеулерге сүйенсек, осындай тұжырым жасауға болады. Иә, әлемде кейінгі екі онжылдықта мектепке бармайтын қыздардың саны 79 миллионға азайған. Бірақ 15-19 жастағы әрбір жиырмасыншы қыз бен әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Сондықтан қордың атқарушы директоры баяндамасында әлемдік көшбасшылар 25 жыл бұрын берген уәдесінде тұрып, әйелдер мен қыздардың білім алуына жағдай жасағанымен, оларға құрметпен қарайтын қауіпсіз қоғам құруға күші жетпегенін мәлімдеген. Оның айтуынша, тек білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету жеткіліксіз. Қыздар зорлық-зомбылықтан ада, қоғамда тең мүмкіндікке ие болғанда ғана шынайы теңдік орнайды.
Қордың зерттеуінше, Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың жыныстық және репродуктивті денсаулығы мен құқығы бұзылған. Мәселен, елімізде қыздардың 50%-ы отбасында күш қолдану арқылы тәрбиеленіп жатыр. Соның ішінде 21%-ы физикалық жазаға ұшыраса, қалған 45%-ы психологиялық қысым көреді. Таңданарлығы, зерттеуде 15-19 жастағы қазақ қыздарының 9%-ы күйеуінің әйеліне қол көтеруге құқы бар деп есептейтіні көрсетілген.
«Әйелдер мен қыздар уақыты мен күшін ер адамдарға қарағанда үш есе көп жұмсауға мәжбүр болғандықтан, олар оқуды аяқтағаннан кейін жақсы және қауіпсіз жұмысқа орналасуы қиын. Мұндай жағдайды бүкіл адамзаттың игілігіне қарай өзгерту қажет. Қыздар техника және цифрлық технологиялар саласында жұмыс істеу үшін болашақта қажет болатын дағдыларды меңгеруге ұмытылуы қажет», – делінген зерттеуде.
Ұйым ұсынған зерттеуді зерделесек, біздің қоғамдағы қарама-қайшылықпен бетпе-бет келеміз. Аймақтарда әлі де болса қыздардың жоғары білімін жалғастыруға тыйым салып, ертерек тұрмыс құруын қалайтын ата-ана бар. Білімі мен білігі сәйкес келсе де, жұмыс берушілер түйіндемедегі «тұрмыс құрған» деген пунктке үрке қарайтыны жасырын емес. Бірақ олар да жауапкершілік тұрғысынан алғанда қыз-келіншектерге жетері жоғын білсе де, мойындағысы келмейтіндей әсер қалдырады. «Ана бір қолымен бесікті тербейтінін» айтсақ та, әлеуметтік ортада құрмет көрсетпейтініміз тағы бар. Алайда бала тәрбиесіне келгенде оларға қоятын талабымыз жоғары.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ
“Айқын” газетінен ықшамдалып алынды