Атырау облысының мектептері бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтылды. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, қылмыстардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Есеп» жедел-профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылған. Биылғы 9 айда отбасы-тұрмыстық саласындағы қылмыстардың саны 25% өскен.
«Облыста осы кезеңде ақпараттарды есепке алу кітабына 30 мыңнан астам хабар мен арыз-шағымдар тіркелді. Оның ішінде отбасы-тұрмыстық қарым-қатынасқа байланысты орын алған 4 934 құқық бұзушылық туралы хабар түсті. Өз үйінде отбасы тыныштығын бұзғаны үшін 1 479 адам әкімшілікке жауапкершілікке тартылды», – дейді Қамза Үмбетқалиев.
Облыстық Білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевтің мәліметіне сүйенсек, 196 мектепке 8 126 бейнебақылау жүйесі орнатылып, 100 пайыз қамтылып отыр.
«Мәселен, «Сергек» құрылғысы арқылы жедел басқару орталығына қосылған мектептер бар. Сондай-ақ, 39 мектепке мамандандырылған күзет қызметі көрсетіліеді, 138 мектепке турникет орнатылды. Ал, 196 мектепке «дабыл түймесі» қондырылды», – дейді Сатқан Есенғалиев.
Оның дерегіне қарағанда, мемлекеттік 150 балабақшаға 5 397, ал, 17 колледжге 695 бейнебақылау камерасы қойылған. Енді мемлекеттік емес білім беру орындарында да осындай қауіпсіздік шаралары қолға алынып жатыр.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов құқықбұзушылықты болдырмау бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтып, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.
«Атырау облыстық Полиция департаменті есепте тұрған жанжалқорлармен және қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыстарды жандандыруы керек. Көшелерде, көпқабатты тұрғын үйлер алаптарында, ескі көлік тұрақтары, иесіз ғимараттар мен өзге де автопатрульдер бара алмайтын орындарда жаяу патрульдеуді күшейткен жөн», – деді облыс әкімі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бейнекамера көмегімен 14 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталғанын жазған едік.