Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанның X Азаматтық форумына жолдаған бейнеүндеуінде айтты.
«ҮЕҰ білім беру жүйесін дамытуда және әсіресе балалардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Ұйым ұсынған бастамалар жаңа жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ біздің саладағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі», дейді Асхат Аймағамбетов.
Министр балалардың құқықтарын қорғау саласында жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобаларды ерекше атап өтті.
«Мысалы, Аналар үйі жобасы. Ол бізге балалар үйлерінің санын айтарлықтай қысқартып, отбасында тәрбиеленетін балалардың баламалы шешімін енгізуге көмектесті. Бүгінде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысының арқасында 18 мыңнан астам жетім бала отбасында тәрбиеленуде. Ал қазірдің өзінде ондаған балалар үйі жабылды. Сонымен бірге ұйым ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті қоғамды және қолайлы ортаны құруға қатысады. «Дара», «Болашақ», «Асыл мирас» және басқа да қорлармен ынтымақтастық аясында біз ондаған ресурстық орталық пен инклюзия кабинетін аштық», деп атап өтті Аймағамбетов.
Министр қоғам қайраткерлерінің ұсынысымен барлық мектепте ассистент лауазымын енгізілгенін айтты.
«Қазір еліміздің барлық аймағында 700-ден астам осындай маман ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейді. Аутизм орталықтарын құру бойынша «Асыл Мирас» жобасын да атап өткім келеді. Олар Білім және ғылым министрлігі бекіткен арнайы білім беру ұйымдарының тізіміне енді. Министрлік алдағы уақытта да ашықтық пен өзара тиімді ынтымақтастық саясатын ұстануды жалғастырады», деп айтты Білім министрі.