23.11.2024

Тәлімгер ұстаз, білікті басшы еді…

Былтыр 4 қарашада «Egemen Qazaqstan» газетінде елордадағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектепте ашылған Қазақ тілі кабинетіне өмірінің соңғы кезеңінде осы оқу орнының басшысы болған Ербол Іргебай есімі берілгені туралы жазылды. Бұл – күні кеше ғана орталарында жүрген, аз ғұмырында өшпейтін үлгі-өнегесін қалдырған ардақты азаматқа мектеп ұжымы көрсеткен лайықты құрмет еді.

Ербол Іргебай 1962 жылы 5 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келді. Әкесі Ісләм Мұқа­тайұлы көп жылдар мектеп директоры, ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет атқарса, анасы Лина Слямбайқызы да мұғалім болған. Ербол Ісләмұлы – үйдің тұңғышы.

Есімінің Ербол қойылуы да тегін емес. Әжесі Жамал неме­ресін ел үшін туған ер болсын деп ырым­даған екен. Ерболдың балалық шағы Тарбағатай бөктеріндегі Үржар ауданының Тасбұлақ ауылында өтеді. Жастайынан қағылез, зерек, ақылды болып өседі. «Ұя­да не көрсең, ұшқанда соны ілер­сің» дегендей, ата мен әженің өнегесін, әкесі мен анасының ұстаз­дық ұлағатын көріп өскен Ербол сол жолды таңдайды. 1979 жылы Семейдегі педагогикалық институтқа оқуға түсіп, 1983 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойын­ша бітіріп шығады. Оқуды бітір­геннен кейін өзі өскен ауылға ба­рып, еңбек жолын Тасбұлақ орта мек­тебінде бастайды. Үржар ауданының Лайбұлақ, Қарақол мектептерінде директор болды. Тәуелсіздіктің алғашқы таңындағы қиындықтар кезінде Қарақол ауылдық округінің төрағасы қызметін де абыроймен атқарады.

2000 жылы Арқаға бет бұрып, елордаға қоныс аударады. Қала­дағы №11 химия-биология ли­цейіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінде жүріп, астаналық білім саласындағы әріптестеріне озық ой-ұсыныстарымен тез танылады. Көп ұзамай қаладағы №40 орта мектепке директор болып тағайындалады. Мектептің Әлкей Марғұлан есімімен аталуына өзі себепкер болып, осы шаңы­рақта 13 жыл тынымсыз ең­бегімен абырой-мерейі өсе­ді. Білім беру жолындағы қыз­метін ғылыми ізденіспен ұштас­тырады. Ғалым Тұрсын Жұрт­бай­дың басшылығымен абайтанушы ғалым-ұстазы Қайым Мұха­медханұлы мұрасының зерттелуіне ден қояды. «Кітап тағдыры – қоғам тағдыры» журналында жазған мақаласында ғылыми ізденісін егжей-тегжейлі баяндайды. 2018 жылы елорданың Оқушылар сарайына директорлыққа тағайын­далады. Мұнда да тынымсыз жұмыстарды атқара жүріп, 2019 жылы орталыққа Әл-Фарабидің есімі берілуіне сіңірген еңбегі жанды.

2020 жылы Ербол Іргебай Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа №90 гимназияға директор болып тағайындалады. Өмірінің соңғы сәтіне дейін осы мектептің мазмұны мен мәнін ұлттық на­қышта құруды ойлап, оның тұжы­рымдамасын жасап, мектеп ішін ұлттық құндылықтар не­гізінде безендіруге ерекше мән беріп, пе­дагогикалық шебер­ханасын қа­лыптастыруға ұм­тыл­ды. Бұл білім ордасына ға­лым Қайым Мұха­медхановтың есімін беру үшін де аянбай еңбек­тенеді. Көзі тірісінде бұл ұсы­нысын Нұр-Сұлтан қала­сының ономастикалық комиссиясы бекітті. №90 гимназияға Қайым Мұхамедхановтың есімі бе­ріл­ді. Өмірінің әр сәтін саналы ұр­пақ тәрбиелеуге арнаған Ер­бол Ісләмұлы Әл-Фараби, Абай Құ­нанбайұлы, Ахмет Байтұр­сынұлы, Әлкей Марғұлан, Қайым Мұхамедханов сынды Алаштың ірі қай­раткерлерінің ілімін үлгі тұтты. Ұстаздық пен ғылым жолында қатар ізденіп, ел ертеңі үшін еңбек етті.

Ербол Ісләмұлы – ұлағатты ұстаз, абайтанушы, қайымтанушы ғалым. Ол «Білім беру ісінің құр­метті қызметкері», «Ерен ең­бегі үшін» медалінің, «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­­дығы», «Тіл жанашыры» төс­бел­гілерінің иегері және «Ха­лық сүйіктісі» республикалық бай­қауы­ның жеңімпазы атанды.

Ербол Іргебай нағыз патриот, ана тілінің жанашыры болды. 2021 жылдың 5 ақпанында мәңгілік сапарға аттанды. Халқына аянбай еңбек еткен, ұстаздық қызметін адал атқарған, ұрпақ санасына білім нәрін еккен, ғылым жолын­да талмай ізденген Ербол Ісләм­ұлының есімі жұрт жадында жаң­ғырып тұрары анық.

 

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Нәзила МҰҚАТАЙҚЫЗЫ,

педагогика ғылымдарының кандидаты

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА