23.11.2024

Тоқаевтың техник мамандарды Ресейде даярлау жөнінде айтқаны неге дау тудырды? Сарапшылар пікірі

2019 жылдан бері Қазақстанда “Жаңа мамандықтар атласы” жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесуінде елдегі білім жүйесін толықтай реформалағысы келетінін айтты. Оның сөзінше, елімізде экономист, заңгер, менеджер секілді мамандар көптеп даярланады. Одан гөрі техникалық кәсіпті игеруге көңіл бөлген жөн. Мемлекет басшысы “Болашақ” бағдарламасын қайта бағыттауды, жастарды оқуға, соның ішінде Ресейге, бірінші кезекте белгілі техникалық жоғары оқу орындарына жіберу қажет деді. Қазақстанда техникалық мамандықтарды меңгеруге көмектесетін әлемдік ЖОО-лардың филиалын ашуды тапсырды.

Президенттің бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Кейбір сарапшылар “Болашақ” бағдарламасы арқылы мамандарды Ресейге жіберудің қажеті жоқ екенін айтты. Астарынан “ұлт қауіпсіздігін” іздегендер де бар. Кейбірі мамандардың тапшы екенімен келіскенімен, оларды өз елімізде даярлау керек деп есептейді. Informburo.kz осы мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін жариялаған екен. Біз де аталған сайтқа сілтеме бере отырып өз оқырмандарымызға ұсындық.

Ғазиз Әбішев, саясаттанушы:

– Президент Тоқаев “қазақтар технарь болуы керек” деген міндет қойды. Бұл Қазақстанда соңғы жылдары тұжырымдалған ең дұрыс және нақты стратегиялық міндеттердің бірі деуге болады. Ол үшін не істеу керек? Мектеп бағдарламасынан қажетсіз пәндерді алып тастап, барлық сыныпта математика сабағын көбейту керек. Әр өңірде бірнеше бейінді физика-математика лицейі болуы қажет және онда орталықтан, қажет болса шетелден мықты оқытушыларды шақырған дұрыс. Барлық сынып әр оқу жылының аяғында математикадан міндетті емтихан тапсыруы керек. Математика бойынша олимпиадалар мен басқа да жарыстардың мәртебесін арттыру қажет.

Техникалық пәндердің оқытушыларына жоғары жалақы мен әлеуметтік пакет секілді қосымша жағдай жасалған жөн.

Біз, қазақтар, техникалық ғылым мен династиялардың тарихи дәстүрлері бар, өзі өндіре алатын технологиялық қоғам деңгейіне өз бетімізше жетіп үлгермедік. Қазіргі заманда бұл – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің негізі. Артта қалу деңгейін шұғыл қысқартып, тәуелсіз ұлттық техникалық класс құру керек. Әйтпесе құрып кетеміз.

Ресейлік ЖОО-лардың терең екені шүбәсіз. Қазақстандағы қандай да бір университетті ММУ, ММТУ, МФТИ, НМУ-дың техникалық қуатымен салыстыруға болмас. Алайда ресейлік ЖОО-лардың өзі алдыңғы қатарда емес: Гарвард, MIT, Стэнфорд, Барқыт лигасы (АҚШ) және Russell Group (Ұлыбритания), белгілі француз, неміс және қытай университеттерінен артта қалады.

Әлемдік университеттер – қазақстандықтарды әлемдік ғылыми мәдениетпен таныстыру, нетворкинг құру, оқыту мен зерттеу әдістерін түсіну құралы. Сондықтан ресейлік ЖОО-лардың пайдасы үшін “Болашақ” бағдарламасымен қазақстандықтарды британдық және америкалық университеттерге жіберуден бас тарту асығыс шешім болуы мүмкін.

Ұлы орыс тілінен құрметтеймін. Алайда ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімді түсінудің негізгі құралы – ағылшын тілі.

“Болашақ” ағылшын тілін үйренуге мотивация береді. Сондай-ақ, тәжірибелі ағылшын тілді кадрлардың көзі болып отыр.

Ресейлік ЖОО-лар үшін жеке мемлекетаралық арнайы бағдарлама жасау қажет шығар. Бірақ “Болашақтың” ағылшын тілі бөлігіне тиісу бәрібір де қажет емес.

ММУ, ММТУ, МФТИ, НМУ филиалдары Қазақстанда сұраныс бар жерлерде ашыла берсін. Әсіресе физиктер мен математиктер тапшы оңтүстікте ашылсын. Алайда Мәскеуде емес, Ұлыбритания мен АҚШ-та оқығысы келетіндерге мүмкіндік берілуі керек. “Болашақсыз” да олар Chevening, Fulbright, DAAD және басқа да бағдарламалар арқылы сол жақта оқи алады. Бірақ, одан кейін елге оралуы екіталай.

Ерлан Оспан, IT сарапшы:

– Білім беру саласында 7 жыл өтілім бар. IT саласының арнаулы пәндерінен сабақ беріп, өндірістік оқыту шебері болдым.

Біріншіден, Тоқаевтың сөзі бұрмаланып жүргеніне назар аударғым келеді. Ол “СОНЫҢ ІШІНДЕ Ресейге де жібереміз” деді. Техникалық мамандарды басыбайлы Ресей оқу орындарында дайындаймыз деген сөз болған жоқ.

Екіншіден, еңбек жолымда көргеніме және тұрмыстық тәжірибеме сүйенсем, Ресей біз үшін өте қолайлы. Біздің техникалық мәдениетіміз, тіпті схемалардағы шартты белгілерімізге дейін, нормативтерге, білім беру әдістерімізге дейін ұқсас. Үндістан мен Пәкістан медицина қызметкерлерін неге Қазақстанда дайындауға құмар екенін білесіз бе? Себебі, олардың ауруханалары жабдық кедейлігі жөнінен шамамен біздікіндей. Әлі де қолдың ебі мен дәрігердің өзінің алғырлығы қажет. Миллиард халықты заманауи диагностикалық, хирургиялық жабдықпен қамту тіпті мүмкін емес. Сондықтан үнділер де көрпесіне қарай көсіліп жүр.

Қараңыз, немістер металдан дөңгелекті лазермен кеседі. Ресей болса, бізде де бар жабдықпен турап алады делік. Қай кәсіпкер қызметкері үшін удай қымбат лазер алады? Оны түсіну үшін өнеркәсіпте жұмыс істеудің қажеті жоқ, тап сол фейсбуктегі азғана өндіріс иелерін оқып тұрсаңыз жеткілікті.

Уикипедиядан қарап алып, “Ресейдің де оқу орындарының рейтингі осал емес” деген аргумент келтіргім келмейді. Себебі, президент Ресейге де оқуға жібереміз дегенмен, әлемнің басқа елдерінен бас тартамыз деген жоқ. Ал “Ресейдің зымыраны құлай береді”, “Илон Маск әлдеқашан озып кетті” деген арсыз аргументтер тіпті күлкілі. Космостан бұрын ине мен оймақ шығару туралы сияқты әзірге әңгімеміз.

Меніңше, Ресейде оқыту жөнінде айтыс-тартыстың негізінде сол елдің шын әлеуеті емес, ұлтшылдық жатыр. Ресейдің агрессив саясаты мен менмен билігіне өкпе көп.

Бірақ, бір Путин бүкіл Ресей емес қой. Бір мәселе – таза техникалық-экономикалық тақырыпқа идеологияның араласуы. Ресей бізді ресейшіл қылып тәрбиелеп жібереді-міс. Не дейміз, егер баланың өзінің басы жоқ болса, отбасынан ұлттық тәрибе алмаған болса – үйде отырып-ақ ресейшіл болады да шығады. Оған мысалым көп. Тіпті, оңтүстіктің өзінен талай путинистерді, ресейшілдерді кездестірдім. Ауылынан ұзамаған болса да. Айтпақшы, ағылшындар да британшыл, француздар франкшыл қылып оқытады.

Бұл айтыс – тақырыптың бұрмалануы, пиаршыларша айтсақ – каналдануы. Машинасынан бастап, смартфонына дейін ресейлік сайттар арқылы жөндеп күнелтіп жүргендердің екіжүзділігі. Техникалық мамандықтың ерекшелігін түсінбейтін адамдардың дақпырты. Инженердің психологиясынан мақұрым жандардың шатпағы. Мысалы, инженер “елім-жерім” демейді, инженер ең алдымен – өз кәсібінде шыңға жетсем дейді. Тағы да айтамын, Тоқаев “СОНЫҢ ІШІНДЕ Ресейге де жібереміз” деп айтты. Әңгіме негізі осымен бітуі керек болса керек. Алайда ұлтшылдарға бір көрініп қалуға жақсы себеп болып, осылай шулап отырмыз.

Алима Бисенова, Назарбаев университеті, Антропология және социология кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

– Меніңше, білім беру саласын осында – Қазақстанда дамытуымыз керек. “Болашақ” бағдарламасы негізінде ғылыми тағылымдамалар мен ғылыми дәрежеге қарай қайта бағдарланып жатыр.

Қоғамда және бизнесте техникалық білім мен дағдыларға сұраныс болса, әрине, мұны дамыту қажет. Ол үшін алдымен бізге нақты қандай мамандар керек екенін анықтап алған жөн және түлектер жақсы жағдай жасалған жерге жұмысқа тұра алатындай болуы керек.

Өйткені, білімді түлектер “жақсы” орын іздейді.

Мысал ретінде, жоғары білікті мамандар шығаратын университетімізде кейбір техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша сәйкессіздік бар. Робототехниканы алсақ, біздің нарық олардың бәрін жұмысқа орналастыра алмайды. Бір жағынан, мұндай мамандардың бар болғаны жақсы, себебі қажет болуы мүмкін. Олар әзірге білім алып жатқанда кейін қайда және қалай жұмыс істейтінін ойлануымыз керек. Қоғам игілігі үшін де, өзі үшін де.

Олар жоғары білікті, бірақ келешегі жоқ маманға айналмауы, оқып бітірген соң елімізден кетіп қалмауы маңызды.

Саясат Нұрбек, BTS Education бас директоры:

– Шынымен де, қазіргі таңда өнеркәсіп орындары, өндірістік ұйымдар не зауыттар болсын, олардың негізгі сұранысы мен талабы – білікті техникалық жұмысшылар, білікті жұмыс күші. 2020 жылы “Жаңа мамандықтар атласы” деген үлкен жобаны бастадық. Осы күнге дейін туризм, тау-кен, мұнай-газ, энергетика, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, машина дасау, құрылыс секілді 9 басым саланы тәмамдадық. Биыл жеңіл өнеркәсіп, химия, су шаруашылығы, тоқыма, әлеуметтік сала, сауда секілді қалған салаларды бастап жатырмыз. Атлас жобасы аясында негізгі тапшылық білікті жұмысшылар болып отыр. Сондықтан “Жаңа мамандықтар атласы” негізінде біз колледждер, яғни техникалық-кәсіптік ұйымдармен бірігіп солардың негізінде жаңа бағдарламалар жазып жатырмыз. Осы оқу жылында 20-дан астам жаңа бағдарлама басталды.

Білім саласына қатысты 3 ұсынысым бар. Бірінші, қазір негізгі фокусты, негізгі күшті кәсіптік және техникалық білім деңгейіне беруіміз керек, яғни колледжерді толтыруымыз керек. Бір мысал, Павлодар өңірлік атласын жаздық. 9-сыныптан кейін колледжге баратын оқушылар үлесі 25-26% шамасында екен. Ал Павлодар металлургия, мұнай өңдеу, энергетика саласы басым ауыр өндірістік өңір.

Мұндай өңірлерде білікті жұмысшылардың, яғни колледж түлектерінің кемінде 70-75%-ы оқуы керек.

Осы өндірістік өңірде ЖОО дипломын алған мамандарға емес, колледж түлектеріне, яғни мамандандырылған жұмыс күшіне негізгі тапшылық бар. Біз қазір бүкіл күшімізді техникалық кадрлар даярлауға жұмсап, кәсіптік және техникалық білім деңгейін беруіміз керек.

Екінші, “Жаңа мамандықтар атласы” атты үлкен жобамыз 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен басталды. Бұл президенттің сайлауалды уәдесі болған. Атластың негізінде бағдарламаларды күшейтуіміз керек. Жоғары білім, колледж деңгейінде жаңа бағдарламалар енгізуден қорықпауымыз керек. Жаңа бағдарламаларды тезірек оқытып, әсіресе ЖОО, колледж профессорларын оқытуымыз керек. Неге десеңіз, өндірістік еңбек нарығының талабы да, сұранысы да, тапшылығы да қатты өзгерді. Өкінішке қарай, мұны білім беру жүйеміз ескерген жоқ, артта қалып жатыр.

Үшінші, мектепте, әсіресе жоғары сынып оқушыларын кәсіптік бағыттау жұмысын күшейтуіміз керек. Қанша жамандасақ та, Кеңес одағында кәсіптік бағыт беру мықты жүйелі түрде ұйымдастырылды. Үйірмелер, кинематограф, жазушылар, ақындар – бәрі балаларды, жоғары сынып оқушыларын техникалық салада жұмыс істеп, еңбек адамы болуға баулыды. Қазір, өкінішке қарай, кәсіптік бағыттау жүйесіз болып отыр.

Балаларымыз көбінесе гуманитарлық бағытқа, өздері білмеген немесе ата-анасының кеңесімен басқа мамандықтарға кетіп қалады.

Қазіргі таңда орта мектеп деңгейінде балаларға, жоғары сынып оқушыларына толыққанды ақпарат жеткіліксіз. Оларға толыққанды ақпарат бере алмай жатырмыз, кәсіптік бағыттау жұмыстары жүйесіз, кешенді емес. Осыны қолға алу керек. Ұсыныстарымыз дайын. Модельді жасап шықтық. Бірінші сыныптан бастап үш сатыға бөліп кәсіптік бағыттау жұмысын қалай ұйымдастыру керек, мектеп деңгейінде балаларды қайда бағыттауымыз керек, қандай ақпарат берген жөн. Осының бәрін пысықтап жатырмыз.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА