07.11.2024

Бала тәрбиесіндегі басымдықтар

Адам баласының қалыптасып, қатарға қосылуына отбасы жүз пайыз әсер ететіні айдан анық. Шағын ғана шаңырақта дүниеге келген шақалақ өсе келе ширақ бала, шымыр жігіт, шау тартқан қарияға айналады. Қоғамға қолұшын беріп, қоршаған ортаға зиян тигізбей, ата-анасының атына кір келтірмейтін перзенттің өсіп-өнуіне отбасы жан-жақты жұмыс істеуге міндетті. Тәуір бала, тәрбиелі шәкірт, тәлімгер адам, тәжірибелі маман, бәрінің шығу төркіні – отба­сы, ошақ қасындағы өсиет пен өнегеге тікелей байланысты. «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас» деген екен бұрынғылар. Осы ретте бүгінгі бала тәрбиесінің бағыты қандай?

«Отан – отбасынан басталатынын» ескерсек, бала тәрбиесінің бастауы осы ор­та­дан басталатыны анық. Шыр етіп дүние ­есігін ашқан күннен бастап перзенті үшін күйіп-пісетін ата-ананың алғашқы һәм маңызды міндеттерінің бірі жүзін жерге қаратпайтын ұлағатты ұрпақ өсіру болса керек. Жарқ етіп өте шығар жалған дүниеде жолыңды жалғап, көшіңді тоқтатпайтын, орныңды жоқтатпайтын ізетті бала ізіңді жалғау үшін тәй-тәй басқан кезінен тәрбие мен білімді қатар беру – әке-шешенің әуелгі парызы.

Нұр-Сұлтан қаласы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ауғанбай Санақұлы ұрпақ тәрбиесі – ұлт мәртебесі екенін алға тартып, қазіргі заман ағымының үздіксіз дамуымен бірге адамдардың мінез-құлқы, психологиясы да күн сайын өзгеріп жатқанын жеткізді.

«Қазіргі оқушылардың қызығатын дүниелері мен көзқарасы мүлдем басқа. Ақпараттық кеңістік дамыған заманда тек пайдалы жағынан қолданып, ұлттық пен жаңашылдықты қоса білім беру ма­ңыз­ды. Бүгінгі жастар өз бетімен, дә­лі­рек айтқанда, интернетпен өмір сүруге дағдыланған. Олардың басты тәрбиелеуші құралы – ұялы телефондары. Сырластары да, мұңдастары да сол. Әрине, барлығы емес. Осы тұрғыда ата-аналар да балаларымен еркін әңгімелесіп, жылулық пен мейірім-махаббаттарын сездіріп, ма­териалдық қана емес, рухани тұрғыда да көп көңіл бөліп, қолдау көрсетуі керек», деді ол.

Сонымен қатар А.Санақұлы бі­лікті маман, білімді ұрпақ тәр­би­е­леу тек қана ұстаздардың мой­­нына­ жүктелмей, қоғам болып қол ­ұшын созатын ізгілікті іс еке­­нін атап өтті.

«Майлықожа ақынның «Ерке­лет­пе, еркімен өсір балаңды» деген сөзі де ұлт үшін, ұрпақ үшін маңызды. Иә, бұл сөздің құны әлі жойылған жоқ. Біз көбінде еркелету мен еркін өсіруді айырмай қалдық. Тәрбиелі, еркін өскен ұрпақтан нағыз өнер­тапқыш, ер­кін ойлы, шығармашыл жас­тар көп шығары анық. «Тәрбие басы – тіл», дейді Жүсіпбек Аймауытұлы. Ауыздан шыққан әрбір жылы сөздің жанды жадыратары сөзсіз. Қаншама дана­лық­ты, асылдық пен тектілікті бабаларымыз осы сөз арқылы жеткізіп келді емес пе? Әлі де жеткізе берер. Қазіргі оқушылардың кітап оқуға уақыты жоқ. Мектептегі «оқу сағатының» пайдасы мен­ ма­ңы­зы ­өте зор деп айтар едім. Тү­сін­беген сөздерін мұ­ға­­лім­дерінен сұрап, болмаса түсін­дірме сөздіктері арқы­лы өз бетінше ізденеді. Мем­ле­кет басшысы 2022 жылды «Ба­лалар жылы» деп атады. Осы мүмкіндікті пай­да­ланып, елі­міз­де балаларға қатысты әртүрлі ол­­­қы­лықтардың орнын тол­ты­­­рып, баса мән берсе», деді А.Санақұлы.

Ал айтыскер ақын Қуанышбек Шар­ма­нов мектеп түгілі үйдегі бала­лар­дың әрқайсысының мі­не­зі әртүрлі болатынын және оларды бір формула бойынша тәрбиелеу мүмкін емес екенін алға тартады.

«Бала тәрбиесіне келгенде біздің қоғамның бір қателігі Батыстан бағыт алып, Еуропаға еліктеп жатқаны деп ойлаймын. Сол жақтың кітаптарын оқып, үлгі алып жатқан ата-ана қаншама. Бір ескеретін нәрсе, бала кітаппен тәрбие­ле­неді деп ойламаймын. Оларды өз бо­йың­дағы өнегелі қасиеттеріңді көрсету арқылы ғана тәрбиелейсің. Мысалы, біз­дің үш баламыз бар. Екеуі – ұл, біреуі – қыз. Қыз бала жаны нәзік қой. Ішіндегісін ақ­тарылып айта бермейді. Көп нәр­сені көңілінде сақтайды. Бір зат­ты қатты қа­лап тұрса да сұ­рау­ға ұялады. Сыр алдырмайды. Үнсіз жүре береді. Соны тап баса алмасаң, ішіндегі ойды дәл таба алмасаң, ол да ата-анаға деген өкпеге алып келуі мүмкін. Сыр­тынан қарап отырсам, үшеуі үш түрлі. Үлкен қызымыз үлкен адам сияқ­­ты сыр­лас­қанда ғана сырын айтып, ойын ашады. Оны қатты еркелетіп жі­бер­­сең, шолжаңдап кетуі мүмкін. Егер қат­­тырақ айтсаң, өкпелеп, тұйық болып қалуы да ғажап емес. Сон­дықтан тұңғыш қы­зымыздың тұла бойындағы тұйық міне­зі­не ас­қан с­ақт­ықпен қараймыз. Екін­ші ұлы­мыздың мінезі өте жұмсақ. Кішкене ұрыссақ, өзін өзі жоғалтып, басылып қалады. Мақтап отырсақ, керісінше талпынып, бәрін істеуге дайын тұ­ра­ды. Оны мақтап, көтермелеп отырып тәрбиелеуге күш саламыз. Кенже ұлымыз керісінше мақтап жатсаң да мән бермейді. Аса қатты әсер ете қоймайды. Ортаншыға қарағанда салмақты. Әр нәрсеге жан-жақты ойланып барып ойын айтады. Ол баламызды көп мақтамаймыз. Өйткені табиғаты мен болмысына қарсы. Кейде, кейбір гүлдердің та­мы­­­рына шамадан тыс көп су құй­са, шіріп кетуі мүмкін ғой. Бұл да сондай жағдай», дейді Қ.Шарманов.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мек­теп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінің мұға­лі­мі Арлан Бағдатұлы бала тәр­бие­сіндегі ер адамдардың рөлін айта келе, «ер мұғалімсіз мектеп – толық емес отбасы сияқты» деген пікір білдірді.

«Тәрбие абстрактілі ұғым бол­ған­дықтан ер адам мен әйел азамат­тар­дың бала тәрбиесіне әсерін нақты сан­дар­ға салып, сапаға шағу қиын болуы мүмкін. Дегенмен бұл сұраққа психо-педа­гогикалық, әсіресе этнопе­да­­го­ги­­ка­лық аспект тұрғысынан қа­­расақ, проб­леманың шынын­да да салмақты еке­ні сезі­ле бас­­тайды. ­Әлбетте, нәзік жан­ды ару­лары­мыз­дың саналы тәрбие, сапалы білім бере алатынында күмән жоқ. Дей тұрғанмен, еліміздегі оқу-тәр­бие үде­рі­сі­нің барлық дең­ге­йінде әйел адам­дар­дың үлес салмағының едәуір басым болуы – ­
айтарлықтай олқылық. Бала үшін әке қаншалықты қажет болса, білім беру ме­ке­мелеріндегі ер мұғалімдердің де сон­дай ма­ңы­зы бар деп есептеймін. Неге десеңіз, мектеп жасындағы балалар уа­қы­ты­ның көп бөлігін мектепте өткізеді. Ал әке­лердің көпшілігі жұмысбасты екенін, сәйкесінше, балаға да тиісті кө­ңіл бө­лінбейтіні түсінікті жайт. Оның үс­тіне бұл жауапкершілікті көптеген жал­ғызбасты аналар арқалап жүргені – жығылған үс­ті­не жұдырық. Бұл ретте, ме­нің­ше, мектептегі ер адам белгілі бір деңгейде балаға үлгі болады, қажетті мінез-құлық моделін көрсетеді, бұл әсі­ресе ұлдар үшін м­а­ңызды», деді А.Бағдатұлы.

Сондай-ақ ол ер баланың есе­йіп, жетілуінде әкелер инсти­ту­тының алар орны айрық­ша еке­нін жеткізді.

«Үйдегі әке мен мектептегі ер мұға­лім рөлін аналогиялық тұрғыда қатар қою арқылы қазақ тәрбиесіне бір көз жүгіртейікші. Мысалы, Бұқар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын той­ға барады, төрден орын алады, бі­ті­реді жұмысын, тастан да өткізер же­бесін» дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, еңсесін тік ұстап, алдына кездес­кен қамалды алуға дайын болады. Кем дегенде үлкен моральдық дайындықтан өтеді. «Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» дейді. Яғни жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды ерлікке, батырлыққа, кеңдікке, бір сөзділікке, төзімділік пен сабырға баулитын әкелер инс­титуты болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейтініміз соның айғағы. Мен әйел азаматтарға үлкен құ­р­­мет­пен қарайтыныма және та­маша әріптестермен жұмыс істей­­ті­ні­ме қарамастан, бұл объек­тив­ті факт: мектепке ер адам ке­рек. Ер мұғалімсіз мектеп – то­лық емес отбасы сияқты. Кез кел­ген маман өзі жетік біле­тін та­қы­­рып шеңберінде ғана ке­сім­ді пікір ай­ту­ға құқылы деп есептеймін. Қыз­мет ба­рысында бір бай­қа­ғаным – мектеп жа­сындағы, өтпелі жастағы оқу­шы­­ла­ры­мыз үп етсе үзілуге да­йын бор­ке­мік психологиялық күй­де жүр­генде өзіне рухани үл­гі із­дей­ді. Сол сәтте ұл бала­лар үшін мәдениетті де бі­лім­ді ер мұға­лім­дер­дің қажеттілігі се­зі­ліп-ақ тұрады», деді мұғалім.

Иә, жоғарыдағы азаматтардың пі­кі­ріне қарап тұрып бала тәр­бие­сінің қаншалықты күрделі екенін және оған тек бір тарап жауап бермейтінін байқауға болады. Бұл ретте психолог маман, PhD доктор, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші эксперті Балабек Сақта­ға­новтың пікірін білдік.

«Қазіргі қоғамдағы әлеу­мет­тік, эко­­но­микалық, идеологиялық жағдай­дың тұ­рақсыздығы адамдар арасында пси­хо­логиялық стрестің көбеюіне әкелуде. Бұл жалпы рухани және физи­ка­лық ден­саулыққа әсер етеді. Сон­ды­қтан адам­ның айналадағы ор­таны ­түсінуі, қай әлемде, қан­­дай ке­ңістікте және қандай қо­ғамда өмір сүретінін және оның дамуының жаңа жағдайы оған қандай талаптарды қоя­ты­нын тү­сі­ну – өткір мәселе. Егер осыдан 20 жыл бұрын бала негізінен шағын немесе белгілі бір қоғам жағдайында дамып, отбасы, сынып, қоршаған орта, ауладағы достардың қарым-қа­ты­насын түсініп өссе, бүгінде ол тү­бегейлі жаңа жағ­дайға тап болды. Бала туғаннан бас­тап есей­генге дейін ата-аналардан, тәр­бие­шілерден, мұғалімдерден ал­ған білімдерімен бірге, ұялы телефон­нан, теледидардан, интернеттен алған ақпараттың бала санасына еніп, дүние­та­нымының қоғамдық талаптарға сай дамуы­на кедергі келтіріп отыр. Со­ны­­мен қатар құрылымдық-маз­мұн­­дық ло­гикалық байланысы жоқ, жүйесіз, бей­берекет бе­ріл­ген бұл ақпараттар баланың өміріне, даму процесіне сәйкес келмейді. Ғалымдардың зерттеуі бо­йынша, ата-ана­ның балаға де­ген ынтасының төмен­ді­гі, ба­­лалармен қарым-қатынас дағ­­­­дыларының әлсіздігі, бала өмі­­­рінің тұр­мыстық жағы, үй­де­гі уақыт тәрті­бі нашар ұйым­дас­ты­рылатыны бай­қа­­лып­ отыр. Қоғамның тарихи­ ма­­ңызды өз­ге­ріс­тері­нің қазіргі жағдайында баланың нақты өзгерістері айқын көрінеді. Бірін­шіден, балаларда танымдық даму­дың әлсірегені, креативті ойлаудың төмен­де­гені. Екін­шіден, балалардың энергиясы, олар­дың белсенді әрекет етуге деген ынтасы тө­мен­деді. Бұған қоса эмо­цияға тез берілу артқан. Балалар аз қозғалғандықтан, іште жиналған энергия гиперактивті мінез-құлыққа айналу арқылы көрініс беруде. Үшіншіден, ба­ла­лардың әртүрлі рөлдік ойын­дар­ды аз ойнауы, оларда қаты­гез­дік пен зорлық-зомбылық қа­сиеттерінің дамуына жол ашуда. Әлеуметтік ортаға қажетті мінез-құлық дағдыларын дамы­та алмайды. Төртіншіден, мектепке ба­ла­лар логопедиялық қиындықтармен келеді. Бұл жерде тек дыбысты айтудағы ақау­лар тура­лы ғана емес, сөйлеудің грам­­матикалық құрылымының бұзылуы, лек­сиканың кедейлігі және т.б. туралы айтып отырмыз. Сондықтан осы ком­по­нент­тердің бірінің дамымауы екін­­шісінің дамымауы­на әкеледі. Бесін­ші­ден, бас­тауыш мектеп жасындағы бала­­лардың әлеуметтік дағды­ла­рының дамымауы, олардың құр­дас­тарымен қарым-қаты­нас­та­ғы дәр­мен­сіздігі, қара­пайым қақ­тығыстарды шеше алмауы бай­­қалады», деді психолог маман.

Балабек Кеніштайұлы бала­ның саналы адам, толық тұлға болып қалыптасуы үшін ұсыны­ла­тын алғышарттар барын да жет­кізді.

«Біріншіден, сабақтан келген баладан үйге қандай тапсырмалар бергенін сұ­рау және бірге отырып үй тапсырмасын орындауды қадағалау, екіншіден, үйде балалармен бірге отбасылық ойын­­дар ойнау және оларды өз қы­зы­ғу­шы­лықтары бойынша әр­түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға беру. Үшін­ші­ден, отбасында және мектепте балалармен өмір туралы, өзінің жеке көз­қара­сы, мақсаты және болашағы туралы жиі әңгімелесу және пікірін тыңдау. Төр­тін­ші­ден, бала бойындағы ерек­ше­­ліктер мен бұзылыстарды ер­те­рек анық­тап, мамандармен тығыз қарым-қа­тынаста жұмыс істеу. Бесіншіден, бала­ларға өз бетімен шешім қабылдауға және тұрмыстық қа­рым-қатынастарға бейімдеуге ұмтылу», деп сөзін түйіндеді ол.

Жылдар жылжып, заман ауыс­қан са­йын бала тәрбие­сін­дегі әдіс-тәсілдердің де жаңа­рып, жаңғырып отыруы заң­ды­лық. Тәрбие беру формасы өзгер­генімен, адам қылып өсіру, маман қылып шығару мазмұны та­мырын сақтап қалуы қажет. Бұл ретте міндетті мемлекет пен мек­тепке жүктеп қоймай, қоғам болып қолға алған жағдайда ғана күрделі мәселенің күрмеуі шешіледі.

 

Рауан Қайдар

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА