Биыл елордада тегін кәсіби техникалық білім беру 65%-ға дейін ұлғаяды. Ал 2025 жылдан бастап аталған сала бойынша білім алу тегін жүзеге асырылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев мәлім етті.
«Біз қазір білім беруде ұлттық жобаға сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Соның аясында елордада 2025 жылға дейін кәсіби техникалық білім беруді толықтай тегін етуді жоспарлап отырмыз. Әрине, жұмыс ауқымды болғандықтан бірден көше алмаймыз. Себебі бір сәтте 25 мың астаналық студентті тегін біліммен қамту мүмкін емес. Осы орайда біз есептей келе, биыл тегін кәсіби техникалық білім беруге көшуді 65 пайызға, келесі жылы 70 пайыздан аса, ал 2024 жылы 80 пайыздан асырмақпыз. 2025 жылы толықтай тегін білім беруге көшіріледі», – деді Қасымхан Сенғазиев.
Оның айтуынша, кәсіби техникалық кадрларды даярлауда бизнес қауымдастықтың ықпалы болуы керек.
«Кадр жоқ деп жатады. Біз кадрды әзірлеп жатырмыз. Меніңше, кадр мәселесін шешуде бизнестің де қызығушылық танытқаны жөн. Елордада тегін кәсіби техникалық білім беруді ұйымдастыруда нақтылау бойынша біз қазір әкімнің атына қызметтік хатты әзірлеп қойдық. Әкім келісімін берген соң, іске кірісеміз», – дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласы ұлттық кәсіпкерлер палатасы және қалалық білім беру басқармасының ұйытқы болуымен елорда мектептері, балабақшаларында қосымша орынның қажеттілігі және білім беру ұйымдарының басқа да проблемаларына арналған отырыс өтті.