Павлодар қаласының Зияткерлік мектебінде қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша желілік олимпиада басталып, оған 120-дан астам NIS оқушысы білімін бағамдауға жиналды.
Салтанатты ашылу рәсімінде мектеп директоры Ринат Жұмабаев қатысушыларға сәттілік тілей отырып, олимпиада алға қойған жаңа міндеттерге үлкен мотивация беретініне сенім білдірді.
Көкшетаулық 10-сынып оқушысы Ернұр Құралбай білім додасында Қазақстан тарихы бойынша сынға түседі.
– Мен бұл олимпиадаға тыңғылықты дайындалдым. Қарсыластарымның да дайындығы жаман емес, дегенмен мен өз күшіме нық сенемін. Олимпиаданың арқасында жаңа достар таптым.
Ал, Петропавлдық Аяулым Қабдуали желілік олимпиадаға бірінші рет қатысып отыр.
– Павлодар қаласы еліміздің әр түкпірінен келген оқушылардың басын қосты. Иә, кішкене қобалжу бар, алайда жеңіске әркімнің де таласы бар,- дейді зияткер.
Қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша желілік олимпиаданың үздіктерінің есімі 1-сәуір белгілі болады.