23.11.2024

Әліппе латын графикасымен шығарыла ма – министр жауап берді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов “Әліппе” оқулығын латын графикасымен шығаруға қатысты пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы нұсқасы әлі қабылданған жоқ.

“Латын графикасы бойынша әлі зерттеу жүріп жатыр. Оны алдын ала осылай болады деп айту ерте. Зерттеулер аяқталғаннан кейін осы мәселе туралы нақты айтатын боламыз, халыққа жариялаймыз және талқылауға саламыз. Сосын тиісті шешім қабылдаймыз. Бұл ғылым ғой. Біз олар қандай нәтижеге келетінін айта алмаймыз”, – деді Аймағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Министр латын графикасының соңғы нұсқасын қабылдап алу қажет екенін жеткізді.

“Ең бірінші қабылдап алу керек қой. Одан кейін (Әліппеге қатысты сұраққа – Sputnik) жауап беруге болады”, – деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Айта кетері, білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова “Әліппенің” латын графикасын негізінде шығарылатыны туралы айтқан.
Ал 2021 жылдың басында латын әліпбиінің жаңа жобасы таныстырылған болатын.

Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған.

Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған.

Мамандардың сөзіне қарағанда, әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан “бір дыбыс – бір әріп” принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.

Қазіргі кезде тіл саясаты білім және ғылым министрлігіне берілген.
Бұған дейін осы мәселемен, соның ішінде латын графикасымен мәдениет және спорт министрлігі айналысқан.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА