22.11.2024

Қырық жылғы қате қашан түзетіледі?

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасынан бастап мектептегі геометрия орыс академигі А.В.Погореловтің оқулығымен оқытыла бас­тады. Оның осы оқулығының Бүкілодақтық оқулықтар байқауында жүлдегер болғанына қарамастан, онда көпшілік «майда-шүйде» деп ескере бермейтін ғылыми қателер аз емес еді.

Академик осы оқулығында геометрияның ең негізгі, ең қарапайым ұғымы – үшбұрышты «Үшбұрыш деп бір түзуде жатпайтын үш нүктеден және осы нүктелерді қосатын үш кесіндіден тұратын фигураны атайды», деп анықтаған. Ғалым бұл анықтамада үшбұрыштың мәнді белгілерін көрсетудің орнына, қағаз бетіне салынған үшбұрыштың суретіне қарап отырып, көзі көрген нәрсесін қарапайым сөздермен ғана суреттеп беріп отыр. Яғни бұл ғылыми ұғымның қатаң логикалық анықтамасы емес. Соның салдарынан ол «үшбұрышты» емес, «тұйықталған үшбуынды сынықты» анықтағанын «байқамаған» сыңайлы. Осылай бір ұғымды басқа бір ұғыммен ауыстырып алу қателігін логикада «паралогизм» деп атайды.

Ғылымның дұрыс қалыптасуының негізгі шарттарының бірі – ондағы ұғымдардың үйлесімді болуы, яғни бір-бірімен қарама-қайшы келмеуі. Геометрияда «үшбұрыш» ұғымымен бірге «үшбұрыштың ауданы» ұғымы да қарастырылады. Академиктің пайымынша, «үшбұрыш – үш кесіндіден тұратын фигура». Сонда академик «үш кесіндінің» ауданын таба беретін болғаны ма? Бұл қайшылық – академик тұжырымдаған анық­таманың қате екендігінің тағы бір дәлелі. Ал біздің бүгінгі қолданып жүр­ген оқулықтарымыздың авторлары, біздің осындай дәлелімізге қара­май, По­гореловті пір тұтып, соның күлдібадам дүниесін көшірумен келеді.

Мен мектепте қызмет еткен елу жыл бойы шәкірттерімді «тұйық­талған үшбуынды сынық пен жазықтықтың осы сынықпен шектелген бөлігінің бірігуі үшбұрыш деп аталады» деп оқыттым. Оқулықтарда орын алып жүрген осы сияқты қателерді түзету мәселесін бірнеше республикалық салалық ғылыми-әдістемелік және жалпы көпшілікке арналған басылымдарда қайталап жаздым. Көңіл бөлген ешкім болмады. Дегенмен, мен осы мәселе қашан шешімін тапқанша айта бермекшімін.

Салалық министрлік білімді тұлға қалыптастыруды күніге сан қайталап айтады. Белгілі бір мәселені шешу үшін съездер де өткізіліп тұрады. Қаншама білікті ғалымдарымыз бола тұра, біз үшбұрышты қырық жыл бойы қате оқытып келеміз. Әлде ғылымның ақиқат құрылуы мен оны жастарға қатесіз оқытудың еліміздегі ешкімге қатысы жоқ па?

 

Қалмырза ІЗТІЛЕУҰЛЫ,
ардагер ұстаз

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА