22.11.2024

Ауылдан шыққан 1 мың бала еліміздің жетекші мектептерінде білім алады

«Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының арқасында ауылдан шыққан 1 мың бала еліміздегі жетекші мектептерде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

«Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының ұйытқы болуымен ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Мың бала» олимпиадасы – ауыл балаларын қолдауға және дамытуға бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба.

Биылғы олимпиадаға қатысу үшін ауыл мектептерінің 5-6 сыныптары арасында 150 мыңға жуық оқушы тіркелді. І кезеңге 132 мыңнан астам оқушы қатысты, ең көп балл жинаған 5 мың финалист іріктелді. Қатарластарынан озған 1 мың бала олимпиада жеңімпазы атанды. Олар еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады. Айта кету керек, ел бойынша қатысудың жоғары көрсеткішін Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарының оқушылары көрсетті.

Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауға арналған тапсырмаларды қамтыды. Ең жоғары балл жинаған 5 мың оқушы екінші кезеңге жолдама алды.

Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтары базасында ұйымдастырылды. Қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ, орыс, ағылшын тілдері мен жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімге баға беретін компьютерлік тестілеуге қатысты.

«Жыл сайын қатысушылар санының өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл жобаның сұранысқа ие екендігін көрсетеді. «Мың бала» олимпиадасының арқасында шалғайдағы ауылдық өңірлерден келген мыңдаған бала озық білім беру технологиялары мен сапалы білімге қол жеткізе алады», – деді білім додасының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында «Елбасы Академиясы» КҚ директоры Асланбек Амрин.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА