23.11.2024

Қандастарға қамқорлық білім беруден басталады

Қиырдағы қандастарды елге әкелу – мемлекеттік мүдде тұрғысынан, соның ішінде демографиялық жағынан аса маңызды іс. Дегенмен қанша қаласа да атамекеніне орала алмай отырған қандастар жетерлік.

Біреуге ұзақ, біреуге қысқа бір жыл

Ал олардың бір ғана үміті – перзентінде. Тым болмаса келешек ұрпағының туған топырағында аунап-қунап жүргенін қалайды. Кейбір отбасы үшін оның жалғыз жолы – шетте 11-12 жыл білім алып, мектепті бітірген баласын Қазақстанға оқуға жіберу. Алайда олардың барлығы бірдей ата-ананың аманатын ақтай алмай жүр.

Моңғолияда туып-өсіп, сол жақтағы 12 жылдық мектепте білім алған соң, елге орал­ған қан­дасымыз Құралай Болат­бек қазір еліміз­дегі беделді университеттің бірінде оқиды. Ол дайындық бөліміне түсуге емтихан тапсырғанын айтады.

– 2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің дайындық бөліміне түстім. Мен үшін дайындық бөлімі дәл батыстық ұғыммен Gap year сияқты болды. Яғни мектеп бітіріп университетке түскенге дейін өзімді тануыма, көз­қарасымды өзгертуіме, маман­дық таңдауыма көп септігін тигізді. Дайындық бөліміне түсу үшін оқу сауаттылығы мен математика сауаттылығы пәнінен емтихан тапсырдық. 40 балдың 33-ін жинадым. Дәл неше балдан жоғары қабылдағаны есімде жоқ. Әйтеуір емтихан тапсырған жастардың жоғары ұпай алғандары Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматыға, қалғандары басқа қалалардың дайындық бөлімдеріне түсті. Мүлде дайындық бөліміне түсе алмай қалғандар саусақпен санарлық. Олар сырттай курс­та оқу арқылы дайындалып, бізбен бірге ҰБТ тапсырды, – деді Қ.Болатбек.

Студенттің айтуынша, алғаш келген­дегі уақыт мәдениеттің өзгешелігін түсінуге, қоғамға бейімделуге көп көмек­тесті. Бір жыл бойы міндетті пән­дер мен мамандық бойынша бейінді пәндерге дайындалды. Дегенмен қиындықтар да кезікті.

– Моңғолияда жақындарымызбен ғана қазақша сөйлесетін едік. Мектепте моңғолша білім алдым, моңғолдардың ортасында өстім. Дайындық бөлімінде қазақша оқыған кезде топтағы студенттерге басында күлкі болатынмын. Бір жылдан кейін ана тілімде сайрап шыға келдім. Әрине, бұл – дайындықтың нәтижесі. Содан соң Қазақстан тарихы пәні бәрімізге жеңіл болмады. Байтақ тарихымызды кеңінен зерттеуге осы уақыт үлкен мүмкіндік сыйлағандай. Бәрінен бұрын Қытайдан келген қандастарымызға қиын тиді. Олар мектепте төте жазумен жазды. Сол себепті оларға әріптен бастап бәрін қайтадан үйренуге тура келеді. Сондықтан дайындық бөлімінің бір жылы – кейбіріне тым ұзақ болса, енді біріне тым қысқа уақыт сықылды. Бір ұсынысым бар, қандастарға бөлінетін квота (грант) саны көбейгенін қалаймын. Атамекенін аңсап жеткен жастар оқуға түсе алмай, қайтадан келген еліне қай­тып кетпесе екен, – дейді Қ.Болатбек.

Талап өзгерген

Иә, кейіпкеріміз дайындық бөліміне тапсырған жылы талап басқа болатын. Ал қазір бұл талаптар жеңілдетілген. Өйткені 2020 жылдан бастап диас­пора өкілдері ЖОО-ның дайындық бөлімдеріне емтихансыз қабылданады. Бұрынғыдай математика мен оқу сауат­тылығынан тест тапсырмайды, тек әңгі­ме­лесуден өтсе болғаны. Бұл Қазақ­­­­­с­тан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі бі­лім беру ұйымдарының дайындық бө­лім­дері қызметін ұйымдастыру қағи­дала­рын бекіту туралы» Білім және ғы­лым министрлігінің 2011 жылғы 30 жел­­тоқ­сандағы №554 бұйрығымен бекітілген.

Аталған ведомствоның бізге берген жауабына қарағанда, жыл сайын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттік стипендиямен және жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ете отырып, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстаннан 1 мыңнан аса қандас қабылданады. Олар дайындық бөлімінің бағдарламасы бойынша қазақ тілін, жалпы білім беру пәндерін оқиды, ҰБТ-ға толық дайындық курсынан өтеді.

2022-2023 жылдары жоғары оқу орын­дары дайындық бөлімдерінің тың­дау­шыларын оқытуға 1 750 грант қарас­тырылған.

Байқадыңыз ба, дайындық бөліміне түсуге талас жоқ. Өйткені мыңнан аса адамға 1 750 грант бөлінген. Оқу­ға ниет болса, жетіп-ақ жатыр. Алай­да осыған қарамастан, қандас­тар дайын­дық бөліміне түсіп, 1 жыл­дық оқудың өзін аяқтай алмай шы­ғып қалып жатады. Мәселен, А.Бай­тұрсынов атындағы Қостанай универ­ситетінің өкілі (Қосымша білім беру бөлімінің басшысы аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) қандастардың көбі сабаққа қатыспағандықтан оқудан шығарылғанын жеткізді.

– Біз дайындық бөліміне оқуға түс­кен 5 студенттің 4-ін шығаруға мәж­бүр болдық. Себебі сабаққа мүлде қа­тыс­­пайды. Оларға біздің және универ­ситетімізбен келісімшартқа отырған мек­тептердің мұғалімдері сабақ береді. Сабақ күнделікті кестеге қойылған, әдетте дәрістер түстен кейін, яғни күн­діз болады. Қандастар Қостанайда тұр­майтындықтан, онлайн режімде білім алады. Соның өзінде сабаққа жөнді қатыспайды, құдды стипендия үшін ғана оқитындай. Шығып қалғандары күндіз жұмыс істеді. Әуелде біз оларды бақыладық, бірден шығарып жіберген жоқпыз. Сессияның қорытындысы бойын­ша, осындай шешімге келдік. Жоға­ры білім алуға құлшынысы, ниеті болуы керек. Тегін жоғары білім алуға мүмкіндік туып тұрғанда дұрыс пайдалануы қажет қой. Дайындық бөліміндегі тыңдаушыларға сабақ беретін мұғалім­дер осы қосымша жұмысына көп ақы да алмайды. Сондық­тан оларды кешке сабақ беруге көндіру қиын. Қандастарға жұмыс істей жүріп сабақты өткізіп ал­мауға жағдай жасайық десек те келмейді. Қалай дегенмен де сабаққа салғырт қа­рауға болмайды, оқуын бітіргенше ата-аналары қарас­қаны абзал, – дейді университет өкілі.

Бәрі университеттің әлеуетіне байланысты

Ретбек Мағаз Қытайдың Алтай өңі­рінде туған. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық бөлімінде сабақ береді.

– Мен де бүгінде өзім оқытып жат­қан тыңдаушыларым секілді шетелде мектеп бітіріп, атамекенге оқу қуып оралдым. Дайындық курсынан өтіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің бакалавриатын, магистра­турасын бітірдім. Содан соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық» кафедрасына оқытушы болдым. Дайындық бөліміндегі курстан осындай тыңдаушыларды даяр­лайтын кафедраның қызметкеріне дейінгі жүріп өткен жолымда жиған тәжірибеме сүйеніп айтсам, бәрі де университет пен оқытушылық құрамның әлеуетіне байланысты. Оқытушы ең алдымен алдындағы студенттің жан дүниесін және олардың арғы жақтағы ата-анасының көңіл күйін түсінуі қажет. Соның ішінде Қытайдан келген қан­дас­тарға қиындау, олар көрші елдің қан­шама қатаң талабынан өтіп, виза аштырып, өзінің жалғыз баласын үкілеп жі­­бе­ріп отыр. Соны білгенде мендегі жауап­­кершілік жүгі арта түседі, – дейді Р.Мағаз.

Оқытушының айтуынша, Моңғолия­дан, Өзбекстаннан келген қан­дас­тар кирилл қарпін біліп келеді. Ал мек­теп­ті Қытайдан бітіріп келген студенттер қытайша оқыған, бұрынғыдай төте жазумен қазақша білім алмайды. Өйткені қазақ мектептері жабылған. Түйенің төлі бота екенін білмейді.

– Білмейтінін бетіне басуға болмай­ды. Мен не істедім? Топ ішінен топ ашып, олармен бөлек жұмыс істедім. Шағын, жеңіл мәтіндерді қайталап оқы­тып, дайындық сыныбының көркем жазу дәптерін алып, жазғыздым. Екі айға созылған үздіксіз жұмыстан кейін олар өзге топтастарының қатары­на қосылды. Тыңдаушылардың құлшы­нысы жақсы. Үш жылдан бері дайындық бөлімінің студенттеріне сабақ беріп келемін. Өзім көргендей, олардың көбі оқи алмағандықтан шығып кет­пейді. Әдетте тәртіп бұзғаннан, қосым­ша жұмыс істеймін деп жүріп оқу­дан шеттетілуі мүмкін. Мемлекет олар­ға ақша бөліп, стипендия беріп, жатақ­ханамен қамтып, оқуға толық жағдай жасап отыр. Сондық­тан бұған да жауапкершілікпен қарап, оқудан шығып қалмай, ойдағыдай біті­ру жағын ойлауы керек. Олардың оқу­дан шетте­тілмеуіне оқу орны да, оқыту­шылар да мүдделі болуға тиіс. Карантин кезінде онлайн оқыттық, осы оқу жылынан бастап дәстүрлі форматта білім беріп жатырмыз. Онлайн оқыту сырттан келген балаға өте қиын, – дейді Р.Мағаз.

Бес студентінің төртеуі оқудан шы­ғып қалған университет әлі күнге онлайн оқытып отыр. Ал Р.Мағаз офлайнға көшкенін жеткізді. Оқытудың форматы да өз кезегінде әжептәуір рөл ойнайтыны белгілі.

Түйін: Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның жиналыстарында ұдайы: «Көп мәселе ақпараттың аздығынан туады», дейді. Грант санының оқуға түсетін үміткер­лердің санынан көп болғаны да дәл осы түйткілден туатын секілді. Министрдің сөзін министрліктің өзі ескермейтіндей. Әйтпесе шетелде 4 миллионнан көп қазақ тұрады, әр отбасында 4 адамнан десек, кемі 1 миллиондай отбасы шетте жүр. Оның небәрі 1 пайызында мектеп бітірген оқушы бар дегеннің өзінде шамамен 10 мың талапкер болады. Ал бізде бөлінген 1 750 грантқа 1 мыңнан астам адам ғана құжат тапсырады. Неге? Насихат пен ақпараттың аздығы ғана алдымен ойға келеді.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. Ия .Жақсы жазылған .Өзекті мәселелер айтылыпты ….негізі Грантқа түсу үшін нағыз шынайы білімді Азамат пен азаматшалар қамтылуы тиіс….

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА