23.11.2024

Қазақстанда үш тілді оқытуға қатысты өзгеріс енгізіледі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл жаңа оқу жылынан бастап ағылшын тілі тек үшінші сыныптан бастап оқытылатынын мәлімдеді.

Бұған дейін министр ағылшын тілін 1-сыныптан емес, 3-сыныптап бастап енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.

«Біз биыл бірінші қыркүйектен, яғни жаңа оқу жылынан бастап осы өзгерісті енгізуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірінші сыныпта оқушылар өз ана тілін меңгеріп алуы керек. Қазақ тілінде оқып-жазуға дағдыланғаннан кейін, 2-сыныпта орыс тілін үйрену әлдеқайда жеңіл болады. Ал үшінші сыныпта ағылшын тілін оқу да жеңілдейді», деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 1-сыныпқа келген 6 жасар бүлдіршін үш тілді қатар алып жүруге тиіс.

«Бізде ұйғыр және тағы басқа ұлттық мектептер бар екенін білесіздер. Ол мектептерде тіпті төрт тіл оқитын. Біз алдыңғы жылы осы мектептер үшін бір тілді азайттық. Енді биылдан бастап қазақ тілінде оқитын балалар үшін де дәл осындай өзгеріс енгізіліп жатыр. Яғни ең басты міндет ана тілін игеріп алу», деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ министр ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап оқыту әдістемеге байланысты екенін айтты. Аймағамбетов бұл шешімнен астар іздемеуге шақырды. Шешім арнайы ғылыми негіздемеге сүйеніп қабылданған. Ол оқулықтарды биыл жаңартудың ешқандай қиындығы да, қажеттілігі де жоқ екенін мәлімдеді.

Аружан Амангелді

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА