22.11.2024

Халықаралық ғылыми журналдарға мақала жариялауда есте сақтайтын жайттар

Скопус, Томсон Рейтерс және т,б, халықаралық ғылыми базасына енетін журналдарға мақала жариялауда есте сақтайтын жағдайлар (гуманитарлық салалар үшін):

1. Тақырыбыңыз барынша жинақы, түсінікті болуы тиіс;
2. Мақалада нені зерттедіңіз, қандай зерттеу әдісін басшылыққа алдыңыз, өн бойы көрініп тұруы керек;
3. Сөйлемдер ғылыми стильге құрылуы тиіс (қазақ тіліндегі ғылыми стиль құрылымы мен аталған базаға енетін журналдардың ғылыми стилі әр түрлі);
4. Бір мақаланы бір уақытта бірнеше журналға қатар жіберуге болмайды. Мақалаңызды бір журналға жіберген екенсіз, жауабын күтіңіз, бұл шамамен 3-4, кейде тіпті 6 ай мерзімді қамтиды. Десек те, мақаланың жариялануы туралы шамамен 1,5-2 айда “иә”, “жоқ” деген жауап келіп қалады;
5. Журналдың қандай стильмен қабылдайтынын да ойдан шығармауға тиіссіз. (Мысалы, АРА т.б.). Редакция талабына сай, көрсетілген стильмен рәсімдеп жіберсеңіз, бұл сіздің мақалаңыз туралы жағымсыз әсер қалдырмасы анық;
6. Мысалы, тарих, тіл, әдебиет, философия салаларында мақалаңызды әлемдік тәжірибемен, мәдениет, әдебиетпен, ғылыми теориялармен үштастыра зерттесеңіз, бұл саладағы төл ғылыми зерттеуіңіз туралы түсінікті дұрыс қалыптастырасыз;
7. Хат жазу. Мақалаңызды журналдың арнайы сайтына тіркегеннен кейін, егер қосымша хат жіберсеңіз, бұл сіздің зерттеуші ретінде өзіндік пайымыңыздың деңгейін көрсетеді;
8. Әлемдік онлайн ғылыми платформалардан өзіңіздің зерттеу тақырыбыңызға байланысты мақалалар туралы пікір жазып үйреніңіз. Бұл “керемет мақала”, “маған ұнады”, “авторға респект” деген сөздерден тұрмайды. Ұнаса неге ұнады, не себептен мұндай пікірге келіп отырсыз, бәрін тарқатып ашып, жазуыңыз керек;
9. Журналды таңдап алуыңыз қажет болады. Сіздің мақалаңыздың деңгейі қандай? Өзіңіз баға беріп үйренуіңіз керек. Журнал сіздің мақалаңыздың тақырыбына сай келе ме, ғылыми метрикалары көңіліңізден шыға ма, және ол талаптарға сіздің мақалаңыз сай ма? Квартилі қанша екен деп сұрайтынымыз бар, бірақ оның талаптары қандай екен деген сауал ішімізде қалып кетеді;
10. Мысалы, тіл теориясы мен әдебиет теориясында отандық білім мазмұнын терең меңгергеніңіз аздық етеді. Сіз өзіңіз жазған тақырыпта басқа елдердегі ғалымдардан кімдер зерттеді? Қандай тұжырымдары бар… Кем дегенде іргелі зерттеулер авторларынан 10-15 адамның еңбегін оқып, білуіңіз керек бір мақаланы дайындау үшін;
11. Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, Қазақ мәдениеті, Қазақ этнографиясы тек қазаққа керек. Жариялау қиын. Иә, қиыны – қиын. Бірақ тілдің теориясы мен әдебиеттің теориясы адамзатқа ортақ. Тарихтың дәуірлері мен кезеңдері классификациясы ұқсас. Мәдениет те солай. Сол үшін теориялық жағынан мәліметтер қамтылуын қадағалауыңыз керек;
12. Журналдар қолжетімді, қолжетімсіз болып бөлінеді. Жариялану жарнасы жағынан да солай. Бірақ салмақты журналдардың да тегіні бар. Метрикалық жағынан бұл жарналарды белгілі бір мөлшермен айту ғылыми этикаға жат;
13.Ғылыми тұжырымыңызбен қатар болжамыңыз да болуы тиіс. Мақала жіберсеңіз, сол журналдың сайтын бақылап отырыңыз. Мысалы, бір ғана ғылыми кітапханалар платформасына енетін төмендегі журналдар тарихы өте тамаша. Менің нысанаға алғаным – екеуі. Мүмкін тағы да бар шығар журналдар бұл платформадағы. Сайтын байқап отырсақ, жарияланған мақалалар саны шектен тыс көп. Бірі биыл Скопустағы уақытын тоқтатты. Екінші журнал Скопуста тұр. Философиялық жағынан квартилі – 2. Осыдан 3 ай бұрын өзім де мақала жібердім. Тегін. Енді журналда жарияланып жатқан мақалалар сапасына (тілдік, мазмұндық) қарап отырып, болжам жасап отырмын. Бұл журнал осы қарқынмен кете берсе, келесі жылы метрикалық әрі базалық өзгерістері болады;
14. Ғылыми мақаланы өзіңіз аударыңыз. Сіздің зерттеу мақсатыңызды сізден басқа ешкім білмейді. Немесе аудармашының жанында отырып, әрбір сөйлемге мән беріңіз. Қаншалықты сапалы жазылған мақала болса да, аударылуы жағынан кемшіліктер болса, онда бұл мақалаңыздың жариялануына кері әсерін тигізеді;
15. Мақаланы басқа авторлармен бірігіп жазсаңыз, ой бірлігі үлкен роль ойнайды.

Бұл – басы ғана. Ойымызды жалпы ортаға салып отырмыз. Алып-қосар барлық кез-келген пікірлерге зор құрметпен қараймын!
Десек те, бүгінгі ғылыми зерттеулеріміздің кешегі зерттеулердің жалғасы екенін ұмытпауымыз керек. Аға буынның еңбектерін шашау шығармай келешекке жеткізу – парызымыз.

Арай ЖҮНДІБАЕВА,
философия (PhD) докторы,
лингвист, әдебиет зерттеушісі
-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА