22.11.2024

Қазақстан мектептерінің 90%-де интернет жылдамдығы талапқа сай келмейді – Бағдат Мусин

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтып берді.

«Бүгінгі күні еліміздің 7 мыңнан астам мемлекеттік мектептерінің 7078-і Интернет желісіне қосылған. Оның 5122-сі ауылдық, ал 1 956-сы қалалық мектеп болып табылады. Интернетке қосылмаған 20 мектептің 15-і ауылдық, ал 5-уі қалалық мектеп», – деді Цифрлық даму министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Халықаралық электрбайланыс одағының талабына сәйкес, оқушы саны 400-ден астам мектептерге интернет жылдамдығы 20 оқушыға секундына кем дегенде 1 Мб болуы тиіс.

«Көріп отырғаныңыздай, еліміздің 90% мектебі, яғни 6 мыңнан астам мектеп бұл талапқа сай келмейді. Қазіргі уақытта 664 мектепте қана Интернет жылдамдығы талапқа сай келіп тұр. Ал 2810 мектеп осы талапқа сәйкес келмесе де, олар орналасқан елдімекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілері бар. Сондықтан, әкімдіктер аталған мектептерде Интернет жылдамдығын арттыру үшін қаражат бөліп, тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет», – дейді Б. Мусин.

Бұған қоса, 266 мектеп орналасқан елдімекенде талшықты-оптикалық желі салу қажет.

«Сондай-ақ, 2784 мектепте талшықты-оптикалық немесе радио-релейлік байланыс желілерінің болмауынан интернет жылдамдығын арттыру мүмкіндігі мүлдем жоқ. Ал шалғай орналасқан ауылдық жерлердегі 574 мектеп үшін байланыс желілерін спутниктік технологияларды пайдалана отырып ұйымдастыратын боламыз», – деді Бағдат Мусин.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА