22.11.2024

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ АРАСЫНДА ХАЛЫҚ АҒАРТУ ЖҰМЫСЫ

Әр халықтың оқу жұмысы, тәрбие жолы жұртшылығына, мемлекет билеу түріне байланысқан. Мектеп жұмысы сол жұрттың жұртшылық һәм мемлекет билеу түрі керек қылғандай жүргізіледі.
Халық – ағарту жұмысына иірмеші бола аларлық күштер – жұртшылық пен мемлекет билеу түрі.
Өнер – білім жұртшылық – тіршілік керек қылғаннан пайда болмақ. һәм бар мәдениет дәуірінің өзіне лайықты, тіршілігіне керекті түрде болмак. Әр мәдениет дәуірі шаруа түріне қарап бағаланса, жұрттың жұртшылығы шаруа жүзінде күштілердің үстемдігіне айналатын болса, халық – ағарту жөнін, тәрбие жолын мектептердің түрін күр «мынадай бола қойсын» деп, ерігіп отырып шеше салуға болмайды.
Бүл айтылған ереже қай халықтың да болса, халық ағарту жұмысына баға беріп, алдыңғы жөнін белгілеуде ескерілуге міндет. һәм бұл мәселенің ең қисыны осы жерінде. Әсіресе, бұрын мектебі болып көрмеген, халық – ағарту жұмысында тәжірибесі кем, оқу жұмысын жалпы ұлттың керегі қылып, революция жасынан бері қарай ғана кезекке қойып отырған қырғыз-қазақ халқының халық – ағарту жолын, мектептері түрін белгілей салу айрықша қиын.
Бірақ, өзгерістің берген жақсылықтарының ішінде артықша қадірлісі – еркіндіктің түп қазығы. Жұртшылықтың тірегі, жұрт кеңестері хүкіметінің арқа сүйеуі, бар болған жақсылықтар баянды болып, бәлки келесіде мұнан да жақсы болады деген үмітті жарыққа шығаруға себеп болатын, халық – ағарту, оқу, тәрбие жұмысы һәм осы жағынан қолға толық кіріп отырған еркіндік.
Сондықтан, жөнді белгілеп, жолды салып бітті. Түзеп – тергеп халық ағарту жұмысын күшейтуіміз керек. Қырғыз-қазақ халқының мектеп мәселесі тез арада түзу шешіліп, жөндеп іске асуы керек.
Көп үстіртін мырзалар бүл мәселені біз қойған түрде керек қылмайды да.
«Баяғыдан бері пәленше жандар некесіз – ақ тұрып жүр едік, енді неке деген бір неме шығыпты» деген қатындай, «ақ жол демей-ақ, ұлт мектебі демей-ақ, молда болып едік» дейтін жолдастар табылар. «Сайрап жатқан коммунизм жолы бар, партия мектебінің жобасы бар, тағы не керек?» деп, сол аяғын сілтіп басып шығатындар да болар. «Орысша тіл болмаса, еш пайдаға аспады. Мұсылманша молдаңыз алашқа пайдаң тимесе, өз басыңды қорғаңыз» деген насихатты ұстап, қатып қалған мырзалар да аз емес.
Әркімнен әртүрлі сөз шығар, соның барлығы мектеп мәселесі қырғыз-қазақ арасында бұрын кезекке қойылмағанын һәм ешуақытта бір жақты болып шешілмегенін көрсетеді.
Мәселенің қиын жері һәм елден ерек қисынсыз уақытта бүл мәселені кезекке қойып отыруға себеп: басқа халықтардың бұрын жаманды, жақсылы мектептері болған. Революция дәуірінде ол мектептер жөнделіп, жолын белгілеп, бетін түзеп ілгері басып бара жатыр. Тәрбиешілердің идеалы адамды әр жағынан тәрбиелі шын адам қылып, тәрбие – білім беретін бір жөнді еңбек мектептері әлі қай жұртта болса да, жарыққа шыққан жоқ. Бірақ, басқа жұрттың мектептерінің барар жөні белгілі, тұрған жері белгілі, кезекті істері белгілі. Олар да бұрыннан ұлт мектептері болған, өткен тәжірибелері бар. Қай кемшілігін қалай өзгертіп, жөнді бір еңбек мектептеріне қалай жететінін, қай жолмен еңбек, интернационалды мәдениетіне жететінін олар белгілеуі һәм шет пұшпақтап іске асыра бастауы мүмкін.
Қырғыз-қазақ арасында жалпы жұртқа арналған ұлт мектебі болмаған, бет-аузы белгіленіп болып та көрген емес. һәм оқу жұмысында барар жеріміз көпке бірдей идеал – ақ болсын. Тұрған жеріміз дайынсыз. Кезекті істеріміз белгісіз. Сондықтан, оқу мәселесінде көбіміз де қыбыртыққа мәз болып, жанамалап жауып айдалаға айқайлап жүргендей болып көрінеміз. «Коммунизм» қолға кірсе, оған не жетсін. Мәдениеттің ең жоғарғы түрі – интернационал мәдениеті екеніне кім талассын. Бірақ, сол мәдениетке жеткізетін мәдениет ошақтары болмаса, жаман болса, жалпы жұрттың қолы жетерлік ұлт мектептері болмаса, «бүл жақсылықтардың» молдалардың уәде қылған «пейішінен» несі артық? Қырғыз-қазақ еңбекшілеріне тіршілік жүзінде мәнісі болмайтыны анық.
Сондықтан, өзгеріс дәуірінде артта қалмай, басқа ұлттардың еңбекшілерімен бірге көптің арманы, жалпы теңдікке адамгершілік пен қатардан қалмай, мәдениет арқылы жетуге де мәселені осы жағынан шешуге де, халық ағарту жолын белгілеу керек. Мектеп мәселесін шешу керек. Тұрған қалпымыздың тіршілікке айқын таңбасын түсіру керек. Мектеп жұртшылықтың тұрмыстық көзге көрінетін таңбасы.
Түркістан Республикасының колонизаторлық боқтығынан тазаланып, шын еңбек үстемдігі орнаған, кеңестер мемлекеті болуы, әр ұлттың мәдениет жүзінде теңдікте болуына, ұлт мектептері тең жасалуына байланысқан, бір жұрттың жұрт болып сақталуы, жұртшылығын сақтай алуы, ана тіліне ие болып, ұлт мәдениеті арқылы, ұлттар теңдігіне, ұлттар бірлігіне жетуі ұлт мектептеріне байланысқан. Сондықтан, қырғыз-қазақ халқының жалпы қара бұқарасына ең керекті – ұлт мектебі. Бір мектепте оқу белгілі бір ұлттың тілімен жүргізілсе, ол мектеп – сол ұлттың мектебі деп саналады. Сондықтан, ұлт мектебі дегенде, біз айрықша оқыту тілін көздеп айтып отырмыз. Қырғыз-қазақ халқының бір заманда қолы жетіп, бір жөнді еңбек мектептері бола қалса, солардың барлығында оқыту тілі ана тілі болуы міндет. Әзірде, қырғыз-қазақ халқының ең болмағанда бастауыш мектептері ана тілінде болуы керек. һәм саны жеткілікті болуы керек. Қырғыз-қазақ еңбекшілерінің балалары тегіс әуелі ана тілі мектептерінде тәрбие алуы тиіс. Мезгілсіз жат тілге байланып, мін қата болып, сорлағаны дұрыс емес. Білім тілде емес түсініктерде. Тәрбие орысша шүлдірде емес, жақсылыққа жаттығуда. Бұлар жас балаға ана тілінде ұлт мектебінде табылады, басқа жерден табылмайды. Табылса да, дақмат түседі. Жат тіл – тәрбие ісіне пайдасыз. Түсінуге ыңғайсыз, құр жол бөгеу. Осы айтылғандардың барлығы қырғыз-қазақ арасында халық ағарту жұмысының ең бірінші кезектегісі. Ең үлкені – бастауыш ұлт мектебін жасау. Жөндеп жасау, жеткілікті қылып жасау. һәм жас балалар ұлт мектептерінен аңдап өтіп, жат тілге түсіп сарсаң болмайтын қылу дегендей түсіндіруге жеткілікті болса керек. Мектептің ішкі сырларын, тұтқан тәрбие жолын, саяси бет-аузын кейінгі мақаламызға қалдырып, енді халық – ағарту жұмысының басқа жағын тексеріп, қырғыз-қазақ халқына ыңғайластырып көрейік. Жоғарыда айтып кеттік: мектеп – тұрмыстың таңбасы: оқу жұмысы әр жұрттың өзіне лайықты, тіршілігіне керекті түрде болмақ.
Қырғыз-қазақ халқының шаруа тұрмысы төменгі дәрежеде болғандықтан, кәсіпшілік тәрбиесі һәм шаруа ғылымдарының білгіштері жалпы жұрттың тұрмысына бүл күнге дейін керегі аз болып келді. Сондықтан, басқа әрекеті болмай оқығандары бар болғанда, тілмаш болып, оқуының арқасында, жұрттан артық боламын деп жұрттан озған арамқор – бұзықтар болып келді. Бүл жат жұрттың мектебін жақындатып, өзінікі қылып, қырғыз – қазақ халқының тіршілігінен алып барып, басып отырған жұртшылық таңбасы еді. Сөйтіп, ұлт мектебі жоғында қырғыз – қазақ арасында мәдениеттің ұраны, жұртшылықтың талабы – тілмаштық, арамқорлық болғандай болып көрінеді.
Бұл бір жағынан, көңілге ауыр тиетін сөз. Бірақ, басқа түрлі шешуі жоқ. Бәлки, осы өзгеріс заманында да, күн қайтып қалпына барып, кешегі тілмаштардан өзгеріп шығып, отырған жұрт адамдарынан жаман істер шыға беруінің шешуі осы айтылғандар болса керек.
Түркістан қырғыз-қазағын 1916-ы жылдан 1919-ы жылға дейін үзілмей болып өткен талан-тараж, ашаршылық һәм «басқа балеметтер» айрықша күйзелтіп кетіп, көбісін шаруа жағынан жерге қаратып кеткен есебінде. Сондықтан, біздің мектебіміз жоқ. Интернатымыз бар. Мұғаліміміз жоқ. Кітабымыз жоқ. Жиналып қалған, басқа барар жері жоқ. Жетім балаларымыз бар.
Сондықтан, біздің зауытымыз жоқ. Фабрикамыз жоқ. Жалдаушымыз жоқ. Жалшыларымыз бар.
Сол себепті бастауыш мектеп мәселесімен қатар, біз кәсіпшілік мектептерді де, шаруа ғалымдарын үйрететін мектептерді де ескеруіміз керек.
Шаруасы күйзелген жұрт тез жөнделіп кетуіне өзі шаруа жөнінде артта болса да, басқа шаруа мәдениеті жоғары жұртқа жемтік болып жетегіне еруге, тіршілік міндетін қылып отырған қырғыз – қазақ жұрты тез қатарға алынып кетуіне, кәсіпшілік оқуы, шаруа ғылымын білгіштік айрықша керек. Сондықтан, есебі табылып, топ тіршілігі мүмкін орындарда мектептермен катар жалпы хат танытуды жүргізу керек.
Тіршілік сығып тудырып отырған, жарлы – жалшыларды тегіс хат танытып, көңілі болған жарамдыларын кәсіпшілер өнеріне, кәсіпшілік оқуына кіргізу керек.
Тағы кайта айтатынымыз – мәдениеттің түп қазығы, жұртшылықтың тірегі, бостандықтың шын құралы – бастауыш мектеп. Қырғыз-қазақтың ана тіліндегі ұлт мектебі. Халық – ағарту мәселесінің негізінде бастауыш мектеп мәселесінде осыны ұмытпау керек.
Басқа халық ағарту жұмыстары да бастауыш мектепсіз орындалмақ емес.

Алаш көсемсөзінің ІІ томынан алынды

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА