ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 17 қараша – Халықаралық студенттермен күнімен құттықтап, студенттік шақтағы суреттерімен бөлісті.
“Бүгін – Халықаралық студенттер күні! Осыған орай еліміздегі барша студенттер қауымын мерекемен құттықтаймын! Отандық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 600 мыңнан астам студентке мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Кеше ғана Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан құрылған Студенттер Кеңесінің I отырысы өтті. Оған университеттердегі 80-нен астам студенттік ұйым жетекшілері кірді. Басқосуда жастар студенттік өзін-өзі басқаруды одан әрі жетілдіру, “100 көшбасшы” сияқты жобаларды дамыту, “Студенттерді қолдау экожүйесін” қалыптастыру аясында студенттердің ұлттық одағын құру және тағы басқа ұсыныстарын айтты. Студент жастар да өз көшбасшыларының бастамаларын қолдайтынына және жоспарланған жобаларды іске асыруға белсенді қатысатынына сенімдімін. Мен қазіргі жастардың дүниетанымына үлкен құрметпен қараймын. Әрқашан ізденімпаз, көңілді және жігерлі болыңыздар. Өз күштеріңізге сеніп, қиындықтарды еңсере білсеңіздер жарқын болашаққа жол ашылады. Әйгілі америкалық философ және қоғам қайраткері Ральф У.Эмерсон айтқандай “Әлем қайда бара жатқанын білетіндерге есігін айқара ашады”.Сондықтан сіздерге сәттілік тілеймін! Бүгінгі мерекеге орай, қызығы мен шыжығы мол студенттік шақтан естелік болсын деп, суреттерімді жарияладым. Бұл бастамамды әріптестерім Дархан Қыдырәлі, Асхат Аймағамбетов пен Бағдат Мусин де қолдайды деп ойлаймын. Бұны challenge деп есептеңіздер”, – деп жазды министр өзінің фейсбук парақшасында.