22.11.2024

Қыз тәрбиесіне кім жауапты?

Қыз баланы тәрбиелеу – тұтас ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесі­гіңді түзе» деген аталы сөзі бар. Ал бесікті тербетер, дүние­ге ұрпақ әкелетін қыз тәр­биесіне тек отбасы емес, бүкіл қоғам атсалысуы қажет.

Жақында көзі жасқа толған ана көмек сұрап келді. 10-сыныпта оқитын қызының қылығынан шаршағанын айтып, мектепке қа­былдауымды өтінді. Ата-анасына айтқанын орындатып үйренген бой­жеткен анасына қол жұмсауға дейін барған. Ал қыздың әкесі бұл мәселеге мүлде араласпай, сырт айналатын көрінеді. Үйдегі жалғыз інісімен бір шаңырақта сыйыса алмаған соң, амалы құрыған ана екі баласына екі бөлек мектеп іздеп жүр екен. Онда да қарастырып жүргені – интернаты бар мектеп. Шарасыз ана екі баласының бірін интернатқа өткізуден басқа амал таппаған.

Бұл – бір ғана мысал. Бұл – жау­лығымен көз жасын сүрткен қазір­гі қоғамның анасы. Сонда біз сөзі мірдің оғындай Қарашаш, әр сөзі дертке дауа Зере, Ұлжан, Домалақ аналарымыздың көлеңкесіне де зәруміз бе қазір? Бұрыш-бұрышта тығылып темекі шеккен, ішімдік­ке әуестеніп, үлкенді сыйлауды білмейтін, туған ата-анасынан бе­зініп, әдеп пен ибалылықтан жұрдай қыздарымыз қайдан шығып жатыр? Бұған кім кінәлі? Қоғам ба, ата-ана ма? Басымызға қандай іс түссе де, аштықта да бауырындағы баласын жауға да, жұртқа да тастамаған халықтың ұрпағы емес пе едік?

Қазіргі қоғамда ұлттың анасына айналатын қыз тәрбиесі өте өзекті болып тұр. Бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарау маңызды. Жаһандану жағдайына ұмтылған сайын оның кері әсерін де сезініп отырмыз. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін үлкендер де азайып барады. Интернетке телмірген «робот» ұрпақ қалыптасып келеді.

Ата-бабамыз қызға «қонақ» деп төрден орын беріп, парасаттылыққа баулып өсірген. Өрісін кеңейтер қыз тәрбиесін басты назарға алып, сыпайы, ізетті де ісмер, қылықты болуын қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркелетпеген. Қызға «жат жұрттық» деп қарап, жас күнінен отбасының бірлігін сақтаушы, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген. «Қызым үйде – қы­лығы түзде» демекші, оның жүріс-тұрысы мен киім киісі – тәрбиенің негізі. Мойындау керек, қазір кейбір ата-ананың баласымен ашық отырып сөйлесуге де уақыты жоқ. Күн­көрістің қамы дейміз бе, жоқ әлде жұмыс­бастылықтан ба, бала тәрбиесіне көңіл бөлу азайған. Осы­лайша, қоғамда өз қолымыздан келеңсіз жағдай тудырып алдық. Қыз отбасында анаға қарап бой түзейді, үлгі алады. Оны болашақ өмірге дайындайтын да анасы.

Мәселен, бізді анамыз үй ша­руа­­сына бейімдеу үшін «бір жа­ғымда жүр» деп бала кезімізден үй тір­шілігіне араластырып өсір­ді. Әжеміз ою ойғызып, алаша то­қу­ға отырғызатын, жеңгеміздің қасында күбі пісіп, май алуды үйрен­дік. Әжеміз «Киіздеріңді өз­де­рің тігіңдер» деп сырмаққа ою бас­тыртатын. Айтып істеген бір бөлек, әрине. Алайда көзбен көрге­нің жадыда жақсы сақталады. Өкі­нішке қарай, қазір қыздарымыз осы шаруаның бірін де істей алмайды. Бұл – ащы шындық!

Бұл, әрине, отбасындағы қыз тәр­биесіне тек ана жауапты деген сөз емес. Әкенің де қыз бала тәр­биесінде атқаратын рөлі ерекше. Бала күнімізде әкеміздің қабағы­нан именетінбіз. Әкеміз бетіміз­ге қарсы келіп ұрыспайды. Ақырын­дап анамызға айтады. Анамыз бізге «әкелерің айтып жатыр» дейді. Біз­ге осы да жеткілікті болатын. Со­дан сап тыйылатынбыз. Ал қазір әке­лер қыздарын қалай тәрбиелеп жүр? Әке тәрбиесінде қатаңдық керек пе? Қыз тәрбиесін тек анаға ысырып тастау үлкен әбестік. Себебі қоғамның, өскен орта, білім алатын мектептің де бала тәрбиесіне тигізер ықпалы орасан.

Осы мақсатта білім ордамызда «Томирис» қыздар ұйымын ашуға бел будық. Апта сайын өтетін дәс­түрлі «Директор сағаты» жобамызды да осы тақырыпқа арнадық. Жоба аясында білім ошағындағы түрлі мәселені анықтай отырып, оның шешу жолдарын қарастыруды, танымал адамдардың еңбегі мен өмір жолын насихаттауды, білім алушыларға психологиялық қолдау көрсетуді қолға алдық.

Жақында «Қыз өссе елдің көр­кі» тақырыбында өткен іс-ша­раға Астана қаласы «Аmanat» пар­­тиясы филиалы жанындағы Отба­сы, әйелдер және балалар­дың құ­қық­тарын қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңес мүшесі, ұлттық тәрбиеге баулитын «Қара шаңырақ» және «Ертегі – ел ертеңі» және «Ана алақаны», «Qazaq alemi», «Саржайлау этнолагері» жо­ба­­ларының авторы Тұрар Сат­тар­­қызы мен «Қыз өссе елдің көркі» кіта­бының авторы Әсел Қайратқызы арнайы қонаққа келіп, «Томирис» қыздар клубының ашылуына қатысты.

Қонақтар бала тәрбиесіне қа­тысты көптеген өзекті сұраққа жауап беріп, қыздарымызды ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауға, ата-ананы құрметтеуге, әдеп пен инабаттылықты ту етіп ұстауға ша­қырды. Тұрар Саттарқызы қыздар ұйымына бірнеше кітабын тарту етсе, Әсел Қайратқызы бос уақытты тиімді ұйымдастырудың жолдары, армандаудың маңызы, әр іс-әрекетке үмітпен, жақсылықпен қарауды жақсы түсіндірді. Кездесу кезінде қыздарымызға әдемі сөйлеу, кітап оқу, үздіксіз іздену, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету секіл­ді ұлағаттар айтылды.

Қыз – ертеңгі ұрпақты тәрбие­лейтін өренің. «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтереді емес пе?! Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Сондықтан да қыз тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, болашақ ұрпақтың анасы екенін мектеп қабырғасында да тәрбиемен ұштастырып айтып отыру маңызды. Себебі қазіргі балалардың ойы өте ұшқыр, дербес, көрсеткеніңді тез қағып алады. Үлкендер кейде балалардың да тілін түсінуге тиіспіз. Сол үшін де қыз тәрбиесін тек отбасыға ысырып тастай алмаймыз. Бала отбасында сондай деп қолды бір сілтеу – ұлт болашағына немқұрайдылық таныту. Өйткені ұрпақ тәрбиесіне бүкіл қоғам, әрбір адам жауапты. Ал бұл үшін білім ордаларындағы қыз, ер бала, ана, әкемен жұмысты жандандыру маңызды.

 

Рысжан ШАМҰРАТОВА,

Астана қаласындағы №2 «Дарын» лицей-мектеп-интернатының басшысы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА