22.11.2024

Сіз балаңыздың сабағына қатысып көрдіңіз бе?

Бүгінгі мектептегі ұрпақ – осы елдің ертеңі. Баланың мектептегі әр минуты – сол елдің болашағы!
Образды түрде айтқанда, оқушының үш жұрты болады. Олар: отбасы, мектеп және қоғам. Жігіттің шаңырағы биік, керегесі берік болу үшін үш жұрты қандай тату болса, оқушы тұлға болуы үшін үш жұрты ынтымақты бірлесе жұмыс істеуге міндетті.
Бүгінгі бала тәрбиесі мен кешегі бала тәрбиесі арасында ара қатынас мүлде өзгерді. Әкем, мен және балам. Үш буынның арасындағы бала тәрбиесін сәл салыстырып көрелік.
Біздің әкелеріміз заманында бала тәрбиесінде жоғарыдағы үш жұрттың үлес салмағы шамамен былай болған шығар. Баланы шамамен 90 % ата-анасы, 5 % қоғам, 5 % мектеп тәрбиелеген шығар.

Ал бізге келгенде ата-ананың үлесі 50-60 %-ға түсті, қоғам мен мектептің үлесі артты, себебі 11-12 жылдық мектеп біздің өмірімізді өзгертті. Ал теледидар секілді ақпарат құралдарының келуі қоғамның бала тәрбиесіне үлкен әсер етті.
Ал біздің балалардың заманы мүлде басқа болды. Керуен кері айналса, ақсақ түйе алға шығады дегендей, жоғарыдағы баланыс кері айналды. Баланы туа сала телефон тәрбиелеп, тілі телефонмен бірге шығып жатыр. Үйде бір ауыз басқа тілде сөйлемейміз, бірақ менің 5 жасар ұлымның орысшасы мен ағылшыншасы кейде мені шатастырады.
Ал жұмыс деген желеумен екі жасқа жетер-жетпес бала бақшаға береміз. Ондағы әр алуан баланың тәрбиесі, меңгерушінің тәрбиесі әсер етеді. Ал мектепте тағы мектептен гөрі ортасы көбірек тәрбиелейді.
Образды түрде айтсақ, бүгінгі бала тәрбиесінде ата-ананың үлесі 5-10 %-ға, мектептің үлесі 5-10 % ,ал қоғамның үлесі 80-90%-ға жеткен секілді. Яғни бала тәрбиесі баршамыздың уысымыздан шығып барады. Бұл – ойлантарлық дүние, әрине.

Ұлттық мектеп арманымен мектепке келгелі осы ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер ете аламыз? Қазақ мектебі, қазақ отбасының баласы, бірақ күнделікті өмірде орысша ойлап, орысша сөйлейді, бұған қалай әсер етуге болады?
Қазақ мектебінде балалар орысша сөйлеп жүреді, – деп жатады жұрт. Қазақ баласын, елдің болашағына мектепте отырып қалай әсер ете аламыз?
Бәрі жоғарыдағы үш жұрттың қолында. Қоғамды дұрыстайтын мектеп пен отбасы һәм билік. Отбасы дұрыс ұрпақ тәрбиелуге барын салса, мектеп білімді һәм тәрбиелі оқушы тәрбиелесе, билік ұлтқа дұрыс көзқарас қалыптастырып, қазақ тілінде қағазын сөйлете алса, болашақта қазақ тәуелсіздігі шынымен орнайтын ба еді, – деп армандайсың ғой шіркін…

Осы армандардың жетегінде мектепте ата-аналармен байланысты, тек баға үшін жасалатын ата-аналар жиналысы секілді форматтан бұзып, біраз дүние жасағымыз келді. Ата-анамен тоқсан соңында баға талқылап жиналыс жасамайтын әдет қалыптастырып келеміз.
Ал керісінше әр түрлі ашық есік күнін өткізіп, ата-ананы мектеп өміріне мейлінше жақындатып, мектептің ұстанымын түсіндіріп, мектеппен бірлесе жұмыс істеуге шақырып келеміз.

Өткен жыл басында үлкен жиналыс өткізіп, мектептегі жасалып жатқан жұмыстармен және алдағы жылдық жоспармен таныстырғанбыз.

Осы тоқсанда ата-аналар мектептегі сабақ барсын көрсе деп шештік. Дүйсенбі-сәрсенбі мектепте ашық есік күні өтті. Әр сыныпта сабаққа ата-аналар қатысып отыр. Олар баласының сабаққа қатысуын зерттеп, мұғалімнің, мектептің бағытын бағамдап отыр.
Үзіліске шыққанда сабақ туралы мұғаліммен, мектеп әкімшілігімен жеке талқылау да жасап жатыр. Үш күн сабаққа қатысқан ата-аналардың ықыласы жауып тұр. Тіпті мұғалімдерді әлденеге кінәлаған, мектепті кінәлап келген кей ата-аналар кешірім сұрап жатыр.

Баламыз енді кешікпейді, баламыздың киіміне, жүріс-тұрысына мән береміз, сіздерге мың алғыс деп сабақта отыр.
Мектеп жабық болған сайын, ата-ана мектептің жауына айналады. Әкімшілік проблемалы деп ата-анадан қашқан сайын шағым жоғарыға барады, ол – тексеріс пен негатив. Ол – жұмысқа қол байлау.
Сондықтан ата-анаға қолдан келгенше ашық болып, мектеп өмірімен біте қайнасуға әрекет жасап жатырмыз.

Үш күнде 200 ден астам ата-ана сабаққа қатысып, қабылдауымда болып балалардың білім сапасы мен тәрбиесін талқыладық.

 

Аятжан Ахметжанұлы
Қайым Мұхамедханов атындағы
№90 ұлттық гимназия директоры

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА