22.11.2024

ҰЙҚЫ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

Ұйқысыз тірі жан күнелте алмайды. Сергек болу адамға қандай мұқтаж болса, ұйқы да сондай мұқтаж. Ұйқысы кемісе, адамның тіршілігі бұзылады. Ұзақ ұйықтамаса адам өледі.

Ұйықтаған мезгілде адамның есі, ойы, тоқуы, еркі жойылады, дем алысы сирейді, жүрек соғуы кемиді, сирейді, қан ағысы жайланады, боршалары (еті) босайды. Дененің барлық мүшелерінің жұмыстары жайланады, тамақтануы (тамаққа мұқтаждығы) кемиді.
Ұйқының не нәрсе екені, неден пайда болатыны осы күнге дейін анық шешілген жоқ. Ұйқының не екенін тануға, себебін білуге талай білгіштер көп уақыт сарып қылды.
Ұйқының себебі мыналар деген көп болжаулар бар. Осы көп болжаулардың ішінде мына біреуі шынға жақын келсе керек.
Ұйқы деген ауру. Ұйықтау – ауру болу. Ұйқы мидың ауруы мен өзінің әрекетінен пайда болған нәрселерден уланады. Сондықтан ауырады – ұйқы пайда болады. Ұйықтағанда ми бірден-бірге удан тазарып, ауруынан айығады. Адамның денесі түрлі мүшелерден құралған. Мүше деген өз алдына айрықша жұмыс қылатын дененің бөлімі. Әрбір мүше ұшы-қиырсыз көп хожайра деп аталатын бөлшектерден түзілген. Әрбір хожайрада тірі жәндіктің қасиеті бар.
Хожайра тамақтанады, дем алады, шамданады (сезеді), өседі, тұқымдайды (көбейеді), қозғалады. Ішіндегі хожайралардың әрекетінен мүшенің әрекеті пайда болады. Мүшелердің әрекеті құралып бүтін денеге тіршілік береді. Хожайралардың тіршілігінен түрлі зиянды нәрселер пайда болады. Мәселен, дем алудан қышқыл көмір, тамақтанудан түрлі азотты нәрселер, зиянды нәрселер шығарылып, я жойылып тұрмаса адамның денесін улайды. Тіршіліктен туған, денені улайтын нәрселерді токсин деп атайды.
Токсиндердің бәрі қанға жиылады. Қаннан, бір бөлігі сідік арқылы, бірқатары тер арқылы сыртқа шығарылады. Сыртқа шығарылмай қалған токсиндерді зиянсыз қылу үшін түрлі басытқылар шығарып тұратын мүшелер бар. Үлгі үшін бұғақ без, бүйректің үстіндегі без, мидың түбіндегі без. Осылардан шыққан басытқылар қанға жайылып, зарарлы нәрселерді зиянсыз күйге келтіреді. Токсинды жоятын басытқыларды антитоксин деп атайды.
Білгіштердің тәжірибесіне қарағанда, мидағы хожайралар зиянды нәстелерді өте көп шығарады. Мидан шыққан уларды басытқылар тезден жойып үлгере алмайды. Уды жойып үлгеру үшін біраз уақыт у шығаруды тоқтату керек. Мидағы хожайраларға тыныс беру керек, миға демалыс беру керек. Ұйқы деген мидың дем алуы.
Ұйықтағанда мидың әрекеті тіпті тоқтайды, ми ұйықтайды. Өңге мүшелер әрекетін азайтып жайлау жұмыстанады. Бұларды шала ұйықтайды деп айтуға болады.
Ұйқының мезгілінде миға жиылған уларды басытқылар жойып бітіреді. Ми улардан айыққанда ұйқы да қанады.
Миға тыныс бермесе өзінен шыққан улар (токсиндер) миды өлтіреді. Ми өлген соң адам да өледі.
Асырауын дұрыс қылып-ақ, итті он-жиырма күн ұйықтатпасақ, өліп қалады. Қытай жұрты өлімге бұйырылған жазалы адамды ұйықтатпайды, ұрмай-соқпай ұйқысыздықтан өлтіреді.
Ұйқыдан болдырған иттің қанынан білгіштер ұйқының уын (токсинін) тапқан.
Осы ұйқы – уды ұйықтап тұрған сергек жануардың қанына жіберсе жануар дереу ұйықтап қалады.
Ұзын сөздің қысқасы, ұйқы күнде қайталап тұрған ауру. Әрбір ауруға дәру керек. Ұйқының жоғарғы айтылған себептерден екені рас болса, ұйқыға ем табу жолы ашық. Ұйқы – токсинді жоятын антитоксин табу керек. Білгіштер осы жолда ізденуде.
Ұйқыға ем табылса адам үнемдейін сергек болмақшы. Ми болдыруды, шаршауды білмейтін болмақшы. Мидың қасиеті аспақшы. Адамның миының істемейтін жұмысы жоқ. Сондықтан адамның тіршілігін өзгертпекші. Адамның өзі де танымастай болып өзгермекші.

Х.Д.
Алаш көсемсізінің V томынан алынды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА