22.11.2024

Еліміздегі шетел университеті филиалдарында «Қазақ тілі», «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту міндеттеледі

Бүгінде Қазақстанда 27 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылған.

«Негізі «филиал» атауы көпшіліктің қабылдауына ыңғайлырақ болуы үшін қолданылады. Ал шын мәнінде бұларды «стратегиялық серіктестік» деп атау дұрысырақ болады. Көп жағдайда қазақстандық жоғары оқу орны негізінде шетелдік университеттердің оқу бағдарламаларын оқытатын бөлек бірлік құрылады. Бұл филиалдар ұлттық заңнамаға сәйкес Әділет министрлігінде есептік тіркеуге тұрады. Сонымен қатар, басқа ЖОО-нан тәуелсіз бөлек орналасқан филиалдар да бар, бұлардың бір бөлігі жеке заңды тұлға ретінде тіркелсе, басқалары есептік тіркеуге тұрады», – деп түсіндірді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева агенттік жолдаған сауал жауабында.

Оның айтуынша, елімізде шетел университеттерінің филиалын ашуға екі жақтан да қызығушылық бар. Бастапқыда қазақстандық ЖОО шетелдік серіктестеріне филиал ашу туралы ұсыныс жасаған болса, соңғы уақытта кейбір шетелдік университеттер Ғылым және жоғары білім министрлігіне тікелей немесе қазақстандық университеттерге тиісті ұсыныспен келіп жатыр.

«Отандық және шетелдік университеттердің филиалдарының қызметі 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Білім туралы заңына сәйкес реттеледі. Шетелдік филиалдар ҚР жоғары білім заңнамасында көзделген стандарттар мен талаптарды сақтауға міндетті. Сондай-ақ, министрлік заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті бақылау жүргізеді. Сонымен қатар білім беру қызметі білім беру қызметін жүргізуге арналған лицензия алу негізінде жүзеге асырылады», – дейді ол.

Елімізде ашылған шетелдік университеттер келесі талаптарды орындап, шарттарды қамтамасыз етуі тиіс:

– Білім беру бағдарламаларының тізілімге сәйкес келуі;

– оқытушылар құрамы;

– оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтылған кітапхана қоры;

– оқу корпустары мен үй-жайлары (аудиториялар, кабинеттер, шеберханалар, спорт залдары, студиялар, зертханалар, акт залы, кітапхана);

– білім алушылардың тамақтануын және медициналық қызмет алуын ұйымдастыру үшін қажетті жағдай;

– мұқтаж білім алушылардың тұруы үшін жағдайлар (жатақханалар/хостелдер/ қонақ үйлер);

– интернет;

– компьютерлік кабинеттер, компьютерлер, мамандандырылған лицензиялық бағдарламалар, оқу-зертханалық және материалдық-техникалық база, білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін қажетті жабдықтар.

«Сондай-ақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша да қойылатын талаптар бар. Олардың негізгісі оқу бағдарламасына «Қазақ тілі» және «Қазақстан тарихы» пәндерін міндетті түрде енгізу. Одан бөлек, филиалдың профессорлар-оқытушылар құрамының жалпы санының кемінде 30%-ын шетелдік профессорлар-оқытушылар болуы тиіс. Әрине, филиалдарға жергілікті мамандар да тартылады», – дейді Ж.Есінбаева.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА