Тексеруде жұмыстарының нәтижесінде кейбір педагогтардың жоғары білімі туралы дипломдары жалған болып шыққан. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «DIGITАL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында өткен тамыз кеңесінде мәлімдеді.
«500-ге жуық жоғары білім туралы жалған диплом анықталды. Бұл бағытта құзырлы органдар жұмыс істеп жатыр. Жұмыстар жалғасады. Түбіне жететін боламыз. Мектеп ұжымы мен басшыларының арасындағы 16 еңбек дауы Соттар мен Президент Әкімшілігі деңгейіне дейін қаралған. Білім саласындағы кейбір қолы лас қызметкерлері саланы табыс табу көзіне айналдырып, миллиардтаған мемлекет қаржысын талаң-таражға салды. Аталған дерек бойынша бірқатар лазауымды тұлға мен жауапты қызметкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Әлі де тартылатын болады. Қазіргі таңда біз білім саласындағы бухгалтерлік сүйемелдеу жұмысын жүргізетін цифрлық платформаны өзгесіне алмастырдық», – деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарында 1 383 арттық штат бірліктері анықталғанына тоқталған облыс әкімі бұл бағытта кезең-кезеңімен қысқарту жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-дағы спорт мектептерінің жаттықтырушылары жалған диплом пайдаланғанын жазған едік.