22.11.2024

Батыс Қазақстанда 431 білім беру ұйымында өрт қауіпсіздігі сақталмаған

Батыс Қазақстан облысында прокуратура органдары тексерген кезде білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігі ережелерін, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, нысандарды терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру талаптарын көптеген бұзушылықтар, сондай-ақ жалған дипломдарды қолдану мен балаларға қатыгездік көрсету деректері анықталды.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Жанар Иманғалиеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 431 білім беру ұйымында өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптары бұзылған.

Жанар Өмірғалиқызының сөзіне қарағанда, аталмыш мекемелерде автоматты өрт дабылының дұрыс жұмыс істемеуі, эвакуациялау жолдарында қолданылатын «Шығу», «Эвакуациялық (резервтік) шығу» көлемді өрт қауіпсіздігі белгілерінің болмауы, өрт автоматикасының жүйелері мен қондырғыларын техникалық тексеруден өткізбеу сияқты бұзушылықтарға жиі жол берілген.

«Оған қоса 414 ұйымда санитарлық ережелерді бұзуға жол берілген. 52 жеке және 13 мемлекеттік балабақшаның ас блогында, сондай-ақ дайын тамақ өнімінен алынған сынамаларда ішек таяқшалары тобының бактериялары бар екені анықталды. Сонымен қатар температураны сақтамай, тағамды тоңазытқыштарда сақтауға рұқсат етілген, балаларға арналған жиһаздар тозған күйде, көптеген бұзылулар мен ақаулар бар. Ұйықтау керек-жарақтары уақтылы ауыстырылмаған, жұмысшылардың медициналық құжаттары жоқ. Үш сағат бұрын дайындалған тағамдарды қолдануға рұқсат етілген», – дейді Ж.Иманғалиева.

Облыс прокуроры аға көмекшісінің айтуынша, 52 білім беру ұйымында камералар ақаулы жағдайда болған.

Оның үстіне үш балабақшада балаларға жүйелі түрде қатыгездік көрсету және білім берудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану деректері анықталды. Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында балабақша тәрбиешілерінің балаларға жүйелі түрде дөрекі қарым-қатынас жасағаны белгілі болды.

«Аталған фактілер прокуратурамен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігімен (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтiң немесе оқу, тәрбиелеу, емдеу мекемесінің немесе кәмелетке толмаған адамды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi өзге мекеменiң басқа да жұмыскерiнiң кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы немесе тиісінше орындамауы) тіркелді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Балабақша тәрбиешілері жұмыстан босатылды», – деді Ж.Иманғалиева.

Сондай-ақ көрінеу жалған дипломды пайдаланғаны үшін 1 адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сот үкімі шықты. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

«90 білім беру ұйымында порнографиялық және экстремистік сипаттағы сайттарға, сондай-ақ зорлық-зомбылық, құмар ойындар, есірткі және алкоголь өнімдері туралы ақпаратқа кедергісіз қол жеткізу деректері белгілі болды. Қадағалау актілері бойынша мұндай сайттарға кіруге тыйым салынды, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қорыта айтқанда, қабылданған шаралармен 71 мың баланың құқығы қорғалды, 236 адам тәртіптік, 262-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық бұзушылықтар бойынша білім беру ұйымдары оларды жою шараларын қабылдады», – деді БҚО прокурорының аға көмекшісі.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА