24.11.2024

Қоғамды рухани тұтастыққа тәрбиелейтін идеология кем

Талғардағы Шерзаттың өлімі дәл осындай оқиғалардың біріншісі емес екені анық. Бұған дейін жасөспірімдердің арасында орын алған оқиғалар, әскердегі әлімжеттік, бұл – оқиғалардың бізге көрінген бір парасы ғана.

 Айналамызда болып жатқан қылмыс пен кісі өлімі қоғамда үлкен күйзелістің барын көрсетеді. Бұл қатпарлы қалың, күрделі мәселені тек белгілі бір факторға сүйеп түсіндіре алмаймыз. Әлеуметтік, экономикалық, саяси салалардағы түйіні шешілмей жатқан мәселелердің қосылып кеп көрініс табуынан туған оқиға болса керек. Дәл осы тұста қоғамды ізгілендіріп, рухани тұтастыққа жетелейтін идеологияның кемдігі анық байқалып қалды. Біз өмір сүріп жатқан кезеңде әсіресе әлеуметтік желі мен ақпараттық ағынның өршіп тұрған уақытында біз қадір тұтатын тұлғалар кім деген сауалға ұзақ ойланып қаламыз. Бой түзеп келе жатқан жастар мен жасөспірімдердің жеңіл дүниелерге бейім болуы, тарихи тұлғалар мен еңбек адамына қатысты ойының таяздығы, құрмет сезімдерінің кемдігі идеология саласында кінәраттар бар екенін көрсетеді. Бұның нақты көрінісі телеарналарда тарихи-танымдық сипаттағы не жастарды еңбекке шақыратын бағдарламалардан гөрі, жеңілдеу әзіл мен арзан күлкіге құрылған бағдарламалардың басым болуы. Бұл оқиға бізге үлкен сабақ болуы тиіс. Осы оқиға және оның төңірегінде айтылып жатқан әңгімелер бізге үлкен реформалар керек екенін көрсетті. Осы тұста реформа дегеннен тіксінетіндерге айтарым: реформа – мемлекеттің дамуы үшін қажет қадам. Мейлі үлкенді-кішілі болсын, реформаларды қабылдап, өзіңді-өзің дамытып отырмасаң, «тоқтау су сасидының» кері болмақ.

Талғардағы оқиғаға қатысты ойымыздың түйіні: егер қылмысқа қатысы бар адамдар заң алдында жауапкершілік алып, тиісті жазасын алмаса, халықтың мемлекет пен ел болашағына деген сенімі сетінеп, көзқарастары өзгереді. Сондықтан осындай оқиғаларды ашық сот арқылы халыққа көрсетіп, қылмыскерлердің тиісті жазасын алуы – қоғамның сеніміне деген нақты қадам болар еді. Өскелең жастар мен жасөспірімдер де бұл оқиғалардан құлағдар болып отыр, бұл оларға да ой салатыны сөзсіз.

Ұшқын Сәйдірахман, алаштанушы ғалым

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА