06.11.2024

Әлихан Бөкейханның өшпес ерлігі

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан – Қазақстан азаттығының, тәуелсіздік жолындағы ұлт зиялылары күресінің рәмізіндей есім. Уақыт өткен сайын осы тұлғаның әрбір елдік ісі айшықтала түседі деп санаймыз.

Адамзат тарихындағы аса ауыр кезең – Бірінші дүниежүзілік соғыс болғанын әлем жақсы біледі. Дүние­жүзін аяқтан шалып, трагедияға ұшы­рат­қан қан майданға қазақ азаматтары Ресей империясы қорғаныс шеп­терін салу үшін шақырылды. Бұл – пат­ша өкіметі құлардан бір жылдан астам бұрынғы амалсыз жағдай еді. Со­ғыс­тың аты – соғыс, майданның аты – майдан. Өлім-жітім, басқа да қиын­­дықтар болмай тұрмайды. Сонда Алаш көшбасшысы Әлихан Бө­кейхан өзі бас болып, от пен оқтың арасына таяу жүрген қандастарына қамқорлық етті.

Бір жағынан, осы Бірінші дүние­жүзілік соғыс Ресей империя­сының тағдырын да шешіп, азаттыққа ізашар Алаш автономиясы құрылар күнді де жақындатты. Ұлт зиялыларының асыл арманы – түбі келетін бостан­дықты қорғайтын майданда шы­ныққан немесе қару ұстаған сарбаз-сардарларды қалыптастыру еді. Кейінгі Алаш милициясы, Алаш полкі – соның жемісі.

ХХ ғасырдағы тарихымыздан мәлім, 1916 жылдың 25 маусымында адамзат тарихындағы алғашқы ең зор қантөгіс – Бірінші дүниежүзілік соғыстың Ресей империясы жағындағы Батыс (Беларусь), Солтүстік Батыс (Украина) және Солтүстік (Латвия) майдандарында қорғаныс шептерін қазу-салу жұмысына «бұратана халық» есебінде қазақтан 19-43 жастағы азаматтарын күштеп айдау туралы орыс патшасы ІІ Николайдың жарлығы шықты. Жарлық бойынша 1916-1917 жылдары түрлі дерек бойынша 150-ден 300 мыңға тарта қазақ жігіті аталған үш майданның тылдарына окоп-блиндаж-траншея қазуға айдалды. Кеңес мифологиясы, «ұйымдаспаған қарсылық» болғанын еріксіз мойындаса да, қазақ халқын сол жарлыққа қарсы «ұлт-азаттық көтерілісіне» шығарды. Көтеріліске қарсы шығып, халықты жарлыққа мойынсұнып, балаларын қара жұмысқа жіберуге үндеген Алаш зиялыларын «патшалық биліктің итаршылары», «ұлт сатқындары» деп жетпіс жыл бойы қаралағаны да рас. Ал тарихи ақиқатқа келсек, халқын жаһандық соғыстың үшінші жылында әбден қансырап, жаралы аюдың кебін киген отаршыл империяның зұлымдығынан қорғау мақсатында Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуі «Алаштың азаматына» мынадай үндеу жолдады: «Міне, дүние жүзіндегі халықтардың көбі соғысқа кірісіп, қанға боя­лып, шаруасы күйзелгеніне 2 жыл толып, 3-ншіге айналды… Сол 2 жылдан бері біздің халық мал шығыны болмаса, бас шығынын көрген жоқ еді… Отан қорғау ісіне көмегі тиер деп бізді жұмысқа шақырған жарлық шықты… Біздің жұртқа айтатынымыз: бұған көнбеске болмайды… Көнбейміз деушінің сүйенгені жантәттілік болса, салыстырып қаралық: көнгенде жұрт қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қысаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (Қысаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қысаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған хүкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесең, хүкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер».

Алаш арыстары үндеудің соңында бұл соғыс Ресей империясын үш ғасырдан астам билеп-төстеген патшалық билікті құрдымға жетелеп, қазақ халқының азаттық алатын мүмкіндігі туатынын астарлап жеткізді: «Ал енді дүние бұл күйде тұрмас, бұл соғыс та бітер. Сол кезде әркім қызметін бағалар. Сонда еккені де жоқ, сепкені де жоқтар сыбағаға ортақ бола алмас. Теңдікке, хақыға ортақ болайық десек, осы бастан түбін ойлауымыз керек. Алмақтың да салмағы бар».

1916 жылдың күзінде 3 майданның шебіне қазақ жігіттерінің алғашқы толқыны аттанғанда, Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары мен Петроград, Мәскеу, Қазан, т.б. университеттері студенттерінің тобы да жігіттердің ізімен майданға аттанды. Тағы бір топ студент «Қазақ» газетіне: «Қазанда бар қазақ студенті қызметке алынған жастарға һәм олардың үйлеріне көз қырын салалық деген. Алаштан адам шықса, күні бүгін соғыс майданына бар десе де, яки, мұндағы жұмысты атқарыңдар десе де, басымыздың билігін сол Алаштың баласына бердік. Біздің бұл қаулымызға басқа жерлердегі оқыған ақжүрек бауырларымыз да қосылар деген үміттеміз. Ендігі іс көпте, көптің ішінде басшы ағала­рымызда» деген үндеулерін жариялады. Майдандағы оқыған жастар орысша білмейтін қазақ жігіттеріне тілмәш, нұсқаушы, кеңесші, қамқоршы болды. Жігіттер Беларусь, Украина және Балтық теңізі жағалауындағы майдан шептерінде инженерлік-құрылыс қостарында окоп-блиндаж-траншея, яғни қорғаныс шептерін қазды, соғысқа қару-жарақ, оқ-дәрі, жабдық шығаратын кәсіпорындарда жұмыс істеп, орманда ағаш кесіп, теміржол, теңіз порттарында қара жұмыс атқарды. 150-ден 300 мыңға тарта қазақ азаматының басым бөлігі қантөгіскен Ресей армиясының құра­мында, қалған бөлігі – Әлиханның арқа­сында Бүкілресейлік земство одағы­ның қоластында жұмыс істеді. Ол туралы Әлихан «Жұмысшылар жайы­нан: Күнбатыс майданынан» атты ма­қа­ласында: «17 декәбірде Күнбатыс майданның Земски комитеті бастығы В.В.Вырубов бізді (Әлихан, Мырзағазы, Тел, Мұса, Хасен) Күнбатыс майданына шақырды. Мұнда 9 қоста (рабочая дружина) 12-13 мың қазақ жігіті бар екен. Бұл жігіттер Земгор қарамағында. Осы 9 қостағы жігіттерге жататын жай, ішетін тамақ, істейтін іс, бұл іске хақы беретін қазақ жігітін бағып-қағып, бас­қа­ратын земгор болады», – деп жазды («Қазақ», 1917 ж. 27.01. № 215. – 3-4 б.).

Осылайша, Әлихан бастаған ұлт зия­лылары мен студенттер жігіттердің қара жұмыста киген киімін, ішкен асын, атқаратын жұмысын, алатын табысын, демалатын, жататын орнын, денсаулығын қадағалап, бағып-қағып, қорғап жүрді. Мысалға, «Қазақ»-тың 1917 жылғы 20 қаңтардағы санында Кеңарал баласы деген автор: «Рига қаласында жұмыс қылып жатқан 200 сарт, таулық һәм біз – бәріміз 800 кісіміз, жұмыс оңай. Жұмысқа ертеңгі сағат 7-де барып, сағат 12-де тамақ ішіп, сағат 2-де тағы барып, сағат 6-да қайтып келеміз… Адресіміз: Действующая армия, бетонный завод, 3-я инородческая рабочая партия, 5-я сотня.

16-ншы дружинаның 120-сыншы партиясындағы 1200 қазақ жігітіне 24 декәбірде Әлихан, ушител Мырзағазы Есболұлы, Мәскеу студенттері Тел Жа­ман­мұрын, Мұса Сейдалин, Хасен Бе­кетайлар кетіп кетті», – деп жазды.

Жігіттердің соғыс қимылдарына қа­ты­сатын армияның ин­женерлік-құры­лыс жа­сақтарында істейтін­дерінің: «Дейс­твующая армия, 1-я Инженерно-строительная дружина, 200-я рабочая партия, ІІ отряд» деген мекенжайларын «Қазақ» газеті арқылы туған-туыстарына хабарлап отырды.

5 ақпанда Минскіден берген жеделхатында Әлихан Бүкіл­ресейлік земскі және қалалық одақтың Батыс майдан комитеті құрамынан «Бұратана бөлімін» ашып, оған өзі меңгеру­ші болғанын хабарлады. Келесі жеделхатында ол бөлімге қызметке қазақ пен сарттан аудармашы, дәрігер және фельд­шер шақырды. Сөйтіп, Алаш көсемі басқаратын «Бұратана бөлімі» тек «қалың елі қазағына» ғана емес, қырғыз, өзбек, шубаш, бұрят халықтарының барлы­ғына бірдей қамқоршы болды.

Көп ұзамай, Әлихан, Ахмет, Міржа­қыптың Алаш халқына жолдаған үндеуін­де астарлап айтқан болжамы толық ақталып, Ақпан төңкерісі ІІ Ни­колай патшаны тақтан тайдырып, билік Уақытша үкіметке жүк­телді. Осылайша, қазақ халқы 1916 жылғы «ұйымдаспаған ұлт-азаттық көтерілісінің» арқасында емес, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның бейбіт, бірақ қиян-кескі саяси күресінің нәтижесінде отарлық бұғауынан құтыл­ды. Наурыз айынның басын­да Ә.Н.Бө­кейханды әділет министрі А.Керенский жеделхатпен Петроградқа шақы­рып, Бұра­тана бөлімінің меңгеруші қызме­тін Аспандияр Кенжеұлына жүктеп, өзі Ресей астанасына аттанады. Пет­роградта өзіне ұсынған бірнеше мәр­тебелі қызметтің ішінен Уақытша үкі­­меттің Торғай облысындағы ко­мис­­сары қызметін таңдады. Осы­лай­ша, Әлихан Бөкейхан кешегі Ресей империясының отарындағы түр­кітілдес халықтар өкілдерінің іші­нен бірінші болып бұрынғы патша генерал-губернаторының қызметіне тағайындалған тұңғыш азаматтық комиссар болды.

Мұстафа Шоқайдың жазуынша, Ақ­пан төңкерісінің ізінше Орынборда «Торғай облысы қазақтарының сиезі» атауымен 2-8 сәуірде өткен тұңғыш Жалпықазақ құрылтайы жер мен жұмысшылар мәселесін бірінші кезекте қарады. «Жұмысшылар мәселесі турасында құрылтай майданға қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерін дереу кейін қайтаруды, жұмысқа алуды доғару, жұмысқа алуға қарсы шыққаны үшін сотталғандарды түрмеден босатуды, ескі билікке қарсы көтеріліске шыққандарды сот пен әкімшілік қудалаған барлық істі доғаруды талап етті… Құрылтайдың бұл талап-тілектерін де Уақытша үкімет орындады», – деп еске алады М.Шоқай (Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. 12 том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2014. – Т. 9. – 245 б.).

«Қазақ» газеті Мұстафаның сөзін толық растап, Торғай облысының комиссары Ә.Н.Бөкейханға Ішкі істер министрінен 21 мамырда келген № 16712 жеделхатында Уақытша үкіметтің 5 мамырда қабылдаған қау­лысы бойынша 1916 жылғы 25 маусым жарлығымен қара жұмысқа алынған жұмысшылардың бәрі тегіс еліне қайтатынын, олар соғыс министрінің бұйрығымен һәм қаржысымен округ штабы жасаған тасу бұйрығы бойынша қайтатынын хабарлады («Қазақ». 1917. 27.05. № 231. – 1 б.).

«Қазақ» кезекті: «Бір эшелон өзбекті бастап студент Назір (Төреқұлұлы) 20-сыншы майда, бір эшелон Жалайырды бастап Мырзахан 21-інші майда, бір эшелон сартты бастап Шаһмардан Қапсалам 22-нші майда орынборлатып өтті. Бұлардан басқа басшылық етіп, Қостанай жігіттерімен Хұсайын, Орал жігіттерімен Мұса (Сейдалы), Ақтөбе жігіттерімен Тел (Жаманмұрынұлы), Жетісу жігіттерімен Біләл қайтқан хабары да басқармаға жеткенін» хабарлады («Қазақ». 1917. 27.05. № 231. – 2 б.).

Газеттің кезекті саны Азанбай Сәбекұлының Қарқаралы жігіттерінің атынан Әлихан Бөкейханға арнаған жүрекжарды сөзін жариялады: «Бар­ша қазақ азаматы үшін Минскіге келіп, бұратана бөлімін ашып, күні-түні демей ұйқыдан безіп, көлік таппаған жерде жаяу да жүріп, қазақтың қамын жеп, оттан-судан қорықпай, аз-көп демей, таудай талаппен газет басып отырған ағаларының, жолдастарының тілін алып, елдің шеті- жаудың беті жерге қазақ бауырлары үшін жанын қиып, жат жерде қыстай бағып-қағып, қорлық-зорлық көрсетпей, жөн танитын жол көрсеткен жас студенттерге, ушителдерге қайта-қайта бас иіп, «Тәңірі жарылқасын!» тіледі» («Қазақ». 1917. 03.06. № 232. – 2 б.).

«Қазақ» газеті Азанбайдың мына сөзін де келтіреді: «Оқыған жас қазақтарға ұран шақырып, жұмысқа алынған бауырларына бас-көз болуға басшы болған Әлихан мырзаның атына бір белгі қалдыруға жәрдем жиып, бір сенімді кісінің қолына тапсырып жатырмыз. Жасасын Әлихан! Жасасын қазақ жастары! Жасасын қазақ халқы!» («Қазақ». 1917. 03.06. № 232. – 2 б.).

Газет «Әлихан атына стипендия» атты мақаласында «Қарқаралы оязы, Ақсары, Қукент, Дегелең болыстарының соғыс майданынан қайтқан 640 жігітінен бастығы Азанбай мырза Сәбекұлы арқылы жиылған 207 сом», «Ырғыз оязы, Қабырға болысының 8-інші ауыл граждански комитеті мәжілісінде Телжан мырза Шонан арқылы жиылған 103 сом 70 тиын», «сол ояз, сол болыс 5-інші ауылдың адамдарынан Телжан мырза арқылы тағы 97 сом. Қабырға болысының болостной комитеті ашыларда жиылған 66 сом 80 тиын. Барлығы 474 сом 50 тиын. Бұрынғыларымен 2474 сом 50 тиын» ақшаны «Қазақ» кеңсесіне тапсырғанын хабарлады («Қазақ». 1917. 24.07. № 237. – 4 б.).

Өз тарапынан «Қазақ» газеті «Кү­тілмеген көсемдік» мақаласында І жаһан соғы­сында от пен судың арасында окоп, блиндаж қазған инженерлік-құрылыс қостарының 229-партиясында жұ­мыс істеген Жетісу облысы Қапал оязы­ның 700 жігіті, Торғай облысы Ақтөбе оязының 94 жігіті Әлихан Бөкейхан атына деп не мешіт-медресе, не стипендия ашылсын деген тілекпен 2,5 мың сом жиып, еліне қайтып бара жатқан мыңбасысы Мырзахан Төлебай арқылы «Қазақ» басқармасына тапсырғанын жариялады. Редакцияның пікірі мынадай: «2,5 мың сом ақшамен мешіт-медресе де, стипендия да ашылмайды. Жұмысқа барған 794 жігіттің онан артық жиюға сұлы жете тұрып, жомарттығы жетпей қалған жоқ. Ол – ақиқат нәрсе. Олар мұрындық болып іс бастап, арғысын Алаш алдына салып отыр, осы еткен көсемдігіне де көп рахмет!».

Әрі қарай «Қазақ» басқармасы мешіт-медресе пен стипендия ашуды ұсынған жігіттердің бастамасына мынадай ой айтады: «Бұлардың бұл мұрындық болып отырған ісі 300 жыл халықтың қанын сорған Романовтар құрметіне деген іс емес, яки олармен табақтас болып, таяғын соққан министрлер, жандаралдар құрметіне деген іс емес, я болмаса қазақты сөгіп-соғып, мал есебінде баққан басқа шенеуніктер құрметіне деген де іс емес – бұл іс қазақ жұртын халық қатарына сүйреп, дүние-бәйге тіккен тіршілік жарысынан қазақ та жүлдесіз қалмауына өмір бойы өнерін сарп етіп келе жатқан «Алаш Әлиханы» болған адамның құрметіне деп істелетін іс. Халық ісін сүйетін қазақ балалары мұндай орынды игілік істі жұмысқа барған жігіттермен жиған 2,5 мың сомына қаратып қоймас. Әлиханның жалпақ жұртқа еткен еңбегі жұмыстағы жігіттер үшін бір қыс еткен еңбегінен кем деп ешкім айта алмас. Аз уақыт еткен еңбегін танымайды деп тағы айта алмаймыз. Әлихан атына арналып істелейін деп тұрған игілікті іске атсалысатын Алаш азаматтарының қызметіне «Қазақ» басқармасы дайын» («Қазақ». 1917. 03.06. № 232. – 1 б.).

Ресейдегі патшалық билік құлаған­нан кейін, Қазақ хандығы тарих сахнасынан кеткен 1847 жылдан араға 70 жыл салып, хандық мемлекеттің кең-байтақ жерін халқына қайтарып алып беріп, сол жерге қазақтың заманауи ұлттық мемлекеттігінің іргетасы мен туын қайта көтеретін 1917-1920 жылдары тарихи мүмкіндік үшін жан аямай күрескен көп зиялының арманы – Әлихан еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету және ретіне қа­рай есімін ұлықтай білу еді. Бұған куә – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Әріп Тәңірбергенұлының, Көкбай Жа­на­тайұлының арнау өлеңдері, Сұл­тан­махмұт Торайғырұлының «Әли­­хан­ның Семейге келуі» мақала­сы, «Ай­тыс» поэ­масы, Мағжан Жұ­ма­бай­дың «Эпи­грам­малары», Қошке Кемең­гер­ұлының «Қазақ тарихынан» атты зерт­теуі, Смағұл Садуа­қасұлының «Ақаң­­ның алдында» атты баян­дамасы (А.Байтұрсынұлының 50 жыл­дығы 1923 жылы өтті), т.б. еңбектер.

Өз басым осы амантты нақты орындап жүрген жеке кәсіпкер, меценат Әбдімәжит Сыздықбектің еңбегін ерекше атаймын. Ол Алаштың 90, 100 жылдық мерейтойларында Әлиханның өшпес тарихи, қайраткерлік еңбегіне арнап әл-Фарабидің отаны – Отырардан бастап бірнеше өңірде ғылыми жиын, мәнді басқосу ұйымдастыруға мұрындық болды. Алаш көшбасшысы туралы қазақша, орысша, ағылшынша зерттеулерді жеке кітап етіп жариялау ісіне елеулі демеушілік көрсетті. Алаш бірлігі мен ел тұтастығына арнап кәдесый форматында панно-кілемше даяр­латты. Сол Отырар мен Арыстанбаб ортасындағы қазақы ауылда Әлихан құрметіне «Алаш» паркі мен стадионын ор­натты. Бұйырса, бұл бастамасы жал­ға­са бермек. Мағжан еліне Ә.Бөкейхан бастаған ұлт зиялыларының өнегесін жеткізу жобасы да жүзеге аспақ. Біздіңше, мұндай азамат Қа­зақстанда сирек. Сондықтан мен ғалымдардың атынан қайрат­кер­лі­гімен, адал өнегесімен Қазақ еліне азат­­тықтың, мемлекетшілдіктің өшпес шы­рағын жағып кеткен Алаш мұрасын қадірлеп, қастерлеп жүрген азаматтарға тәңір жарылқасын айтамын.

Шүкір, біз әзірлеген Әлихан Бө­кей­ханның 15 томдық шығармалар жинағы Президент Қ.К.Тоқаевтың жеке кітапханасынан аудан кітапханасына дейінгі негізгі мәдени ошақтардың бәрінде де тұр. Ендігі баршамыздың ортақ парызымыз – осы бай мұраны Тәуелсіздік мұратымен байланыстырып, әділетті Қазақстанның сан салалы қажетіне жарату. Әлекең айтқандай, «Игілікті іс халық өзі қызмет қылса, өзі талаптанса ғана орнына барады».

 

Сұлтан Хан Аққұлы,

әлихантанушы, PhD

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА