22.11.2024

Мұғалімді мазақтау: еркелік пе, ессіздік пе?

Негізі менің айтпағым, айта-айта әбден «тізесі шыққан» әңгіме. Бірақ, тағы қайталап айтпасқа болмайтын сияқты. Өйткені, интернетті шулатқан мұғалімді мазақтаған бейнекөрініс шыққалы балалардың болашағына күмәнмен қарайтын болдым. Оқушылардың шектен шыққаны сонша, жабылып мұғалімін мазақтап, күш көрсетіп, ол әрекетін ерінбей түсіріп, интернетке жариялайтынды шығарды. Бұл не сонда? Еркелік пе, ессіздік пе?

Көзбояусыз көрініс

Аталған бейнекөрініс қайдан шықты дейсіз ғой? Асхат Оразымбетов деген интернет қолданушысы Facebook-тегі жеке парақшасына сыныпта отырған үш оқушының мұғалімді мазақтап, қылғындырып, ұрған және тепкен қимыл жасаған бейнекөріністі жариялады. Асхат арқылы әлгі бейнекөріністі бірер күннің ішінде 500-ге тарта адам бөлісіп үлгерді. Осылайша, оның арты қып-қызыл дауға айналды.
Бейнекөріністен мұғалімнің үшеуіне «Не деген тәрбиесізсің!» деп айтқаны анық естіліп тұр. Оларды дәптерімен ұрып әлек. Ал олар болса, әйелдің мойнынан қысып, тұншықтырып жатыр. Өкініштісі, бірде-бір бала мұғаліміне араша түсіп, ажыратуға тырыспайды. Тек камера сыртындағы бір оқушы қыздың ғана: «Шакалы! Трое на одного!» – деген даусы естіледі.
Бейнекөріністегі оқушылардың бәрі орысша сөйлейді. Бір оқушы тіпті бәрінен бейхабар күйде телефонын шұқылап отыр. Көріністің сынып ішінде болып жатқаны айдан анық. Мектеп қабырғасында мұндай бассыздық болады деп кім ойлаған? Ұстаз неге өзін оқушыларына осынша қор қылады? 45 минутын неге бос жіберген? Соған қарағанда, мұғалімнің өзі бос, енжар адам сияқты көрінеді.
Балаларды басқара алатын қабілеті болмаған соң, оқушылары қарсылық көрсетіп жатқандай. Мұғалімнің осал тұсын біліп алған бала аянып қалсын ба? Бірақ, оқушылардың бұлай етуге қандай құқы бар? Мұғалімді сыйламаса да, өздерін сыйлаулары керек еді ғой.

Кім кінәлі: мектеп пе, отбасы ма?

555Рас қой, қазір бала жаман болса, біз бірден мектепті жамандайтын болдық. Соған әбден етіміз үйреніп кеткен. Алайда, баланың мектептен басқа да тәлім-білім алатын негізгі мектебі – отбасы емес пе еді?
Ата-аналарға қазір рахат болды: баласының тәрбиесін мектепке өткізіп қойған. Ертең сол перзенттері ессіз біреу болып шықса, мұғалімді кінәлайды. Бала отбасында өнеге көрмесе, оған мектептің не кінәсі бар?
Бейнекөріністегі балалар, меніңше, мектепте ғана емес, отбасында да осындай тәрбиесіздікке баратын сияқты. Мұғалімін қалай мазақтаса, әке-шешесін де солай масқаралайтын болуы керек. Оларға ешкім әй-шәй демеген. Содан келіп, кеше бір-бір үйдің еркесі болған бұлар енді бір-бір үйдің ессізіне айналды. Еркелігі ессіздікке, тәрбиесіздігі тексіздікке жетеледі.
Баланың тәртіпті немесе тәртіпсіз болуына алдымен ата-анасы ықпал етеді. Егер ата-ананың үйінде мұғалімді жамандаудан аузы құрғамаса, баланың ұстазына деген құрметі азаяды емес пе? Апайы бірдеңе десе болды, бетінен алады сосын. Ұрысса, үйге жеткізіп келеді.
Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – дегені бар. Біз бастысы – білім деп жүріп, тәрбиені ақсатып алған сияқтымыз. Әйтпесе, тәрбиеге көнбейтін бала болмайды. Тәрбие бере алмайтын адам болады. Тәрбие кемшін, мұғалім әлсіз… Әйтпесе басқа не?

Мұғалім мұңы

images (1)Біз де мектеп көрдік. Бірақ мұғалімнің сабағында мынадай бос отырыс болған жоқ. Мұғалімдер өзін мазақтатпақ түгілі, жан-жағыңа мойын бұруға мұршаңды келтірмейтін. Қорқытып-үркітіп емес, әрине. Сабақты қызықты етіп түсіндіруімен, оқушыларды өзіне ұйыта білуімен. Соның арқасы шығар, ұстазға қол көтермек түгілі, алдын кесіп өтуден ұялатынбыз. Ал бүгін мұғалімнің бала алдында беделі жұрдай болды.
Алматыдағы мектептердің бірінде тарихтан сабақ беретін Алтынгүл есімді мұғалім де бізге мұңын шақты.
– Шынымды айтсам, мектепке күнкөріс үшін ғана баратын болдым. Былтыр 9-сыныптың оқушыларына сабақ бергем. Әлгілер сабақта тыныш отыра алмайды екен. Басында қарқылдап күліп, сабақ өткізуге кедергі келтіретін. Кейін телефондарына жабысып, емін-еркін сөйлесетінді шығарды. Сыныптан қуып шықпақ болғанымда «шықсаң, өзің шық» деп аузына келгенін айтты. Сабаққа кешігіп келген біреуі тіпті сәлемдеспеспен, рұқсат сұрамастан, орнына барып отырып жатыр. «Адасып кеткен жоқсың ба?» – десем, «Адасқам жоқ, адреспен келіп тұрмын», – деп өзімді қағытатынын қайтерсің? Бұларды жөнге салатын амалым қалмады. Ұрыссаң, ата-анасына айтып барады да, директор бәріне өзімді кінәлайды, – дейді. Әлгі бейнекөріністен не айырмасы бар мынаның?

Зейнеп апаның зары

1Әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы ғұлама Әбу насыр Әл Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы» дейді. Ал, батыр Бауыржан “Тәрбиеге бағынған құл болмас” дейді. Бауыржан атамыздың келіні, жазушы Зейнеп Ахметова апамыздың да мектептерге халықтық педагогиканы енгізу керек деп шырылдап жүргені қашан? Шынында да, Ушинскийдің «партадағы оқу» жүйесі ескірген сияқты. Әйтпесе, ұстазын ұратын оқушы қайдан шықты?
Бәріне кінәлі – өзіміз. Мұғалімнің оқушылармен даулы жағдайға келуіне мемлекеттік деңгейде тосқауыл қойдық. Яғни, оқушы сабақ оқымаса, ешқандай жаза қолдануға болмайды. Оқушыларды ұрып-соғуға болмайды. Сабақтан қуып шығуға болмайды. Оқушының жеке тәртібіне баға қоюға болмайды. Маусымдық демалыстарға тапсырма беруге болмайды. Осындай болмайдылардың кесірінен мұғалімге қарағанда оқушының құзіреті артып кеткендей. Ал бұдан шығар жол қайсы?
– Халық педагогикасы — қазақ халқының сан ғасырдан бергі ата-бабадан ұрпаққа өлмес мирас, өмірлік мұра болып келе жатқан тәлім-тәрбие жөніндегі тәжірибесі. Яғни, ата буын өкілдерінің тәрбие тұрғысындағы жинақталған бай тәжірибелеріне сүйене отырып, өскелең ұрпақты адал еңбекке, ұлтжандылыққа, өнер-білімге баулу, салауатты өмірге бейімдеу, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу. Мұны ұстаздық тәжірибеде тиімді қолдана алсақ, игі мақсатқа қол жеткізе алғанымыз.
Қазір бізде қазақ мектептері көп. Алайда оның бірде-біреуі ұлттық негізде тәрбие бермейді. Бір сөзбен айтқанда, қазір мектептер мен жоғары оқу орындары жастарымызды адам болуға емес, маман болуға тәрбиелеп жатыр. Онымен қоса, Американың, Еуропаның, Ресейдің оқулықтарынан көшіріп, солардың тәлім-тәрбиесі үлгісінде оқытамыз. Осылайша, ұлттық өнеге, ұлттық намыс, ұлттық әдеп дегеннен қазіргі жастар мақұрым қалып барады. Бір жағынан, жастарды кінәлаудың да қажеті жоқ. Біз өзіміз соларға ұлттық тәлім-тәрбие беріп, оларды ұлттық өнегенің уызына жарыта алмай отырмыз, – деп налиды Зейнеп апа.

Сөз соңы

Шынында да, біздің балалар ұлттық намыс, әдеп дегеннен мақұрым қалып барады. Олардың әбден еркінсіп кеткені сондай, ұстазын ұрып жығуға бар. Бүйте берсек, Балалардың құқығын қорғау комитеті деген сияқты, Мұғалімдердің құқығын қорғау комитетін құруымыз керек болатын шығар. Ойланайықшы!

Сіз не дейсіз?
Зүбайда КЕНЕНБАЕВА, психолог:

Баланы тәрбиелейтін – ата-ана

11111111– Негізі мұның барлығы ата-анаға байланысты. Баланың тәрбиесін мектепке итере салуға құмармыз. Жоқ, баланы тәрбиелейтін – ата-ана. Баланың тәрбие-сіздігі құрсақта жатқан кезінен білінеді. Сондықтан, алдымен ата-ана тәрбиелі болуы қажет. Мектеп – тек білім беретін оқу ордасы. Ал тәрбиені ата-ана береді.
Екінші мәселе, бізге ұстаздың беделін көтеру керек. Бұрындары қазіргіге қарағанда ұстаздың беделі жоғары болатын. Балаға айтылатын ең жақсы тілек «мұғалім бол» еді. Сол сөзді естіген бала жүрегі жарылардай қуанатын. Ал қазір керісінше.
Үшінші себеп – телеарна мен интернет. Осылар арқылы оқушылардың ойлау қабілетін, адамдық қасиетін бұзатын зиянды нәрселер, сұмпайы көріністер ашықтан-ашық көрсетілетін болды. Бұл баланың психологиясын бұзады. Сондықтан алдымен адамдар өздерінің психологиясын түзеу керек. «Менің балам жаман болып барады. Және бұған мектеп кінәлі» деп бар кінәні мектепке жабудың қажеті жоқ. Әркім өз баласын үйінде тәрбиелесін!

Дайындаған Серікбол ХАСАН
(«Ұлан», №36 09.09.2014)

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА