22.11.2024

Ұстаздар күнін ұлықтауға қарсы жұрт ұстаздан тәлім алмаған ба?

Естеріңізде болса апта басында Қазақстан мұсұлмандар одағы (ҚМО) – деп аталатын ұйым ұстаздар күнін мерекелеуді тоқтату керек, ол жемқорлықтың күні, көптеген ата-аналардың қалтасына салмақ, департаменттер мен мектептер ол күнді ақша жинайтын күн етіп алған, – деп мәлімдеме жасаған еді. Бірақ, бұл пікірге қоғам екіге жарылды, әркімге әр түрлі әсер етті.

Біз бір топ ұстаздар мен қоғам өкілдерінен сіз бұл мәлімдемеге қалай қарайсыз? Алты алаш бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі, – деп құрметтеген біздің жұрт бүгінгі ұстаздарға шынайы құрмет көрсете алып жүр ме? – деп сұраған едік. Әр түрлі ойлар айтылды.

1268Серікзат Дүйсенғазин. Айтыскер ақын, Еуразия ұлттық университетінің мұғалімі: 

Ұстаздар күнін тойлауға қарсы болғандарға қосылмаймын. “Арқалағаны алтын, жегені жантақ” болып жүрген мұғалімдер қауымынан бір күнді мерекелеуге қызғанғандардікі жай әншейін іштарлық деп есептеймін. Қазір ұстаздарға шынайы құрмет көрсетіліп жатқан жоқ. Оның құрметі артуы үшін алдымен айлық жалақысын өсіру керек. Сонда ғана оның беделі өсіп, мәртебесі биіктейді.

9053_456087097809089_2109665976_n

Айбек Қуандықұлы. Ұстаз, sabaq.kz сайтының редакторы: Ол ұйымның айтуынша мұғалімге берген сыйлығын жемқорлық деп отырған шығар. Меніңше мәселе берудегі ниетте. Егер оқушы мұғалімін сыйлағандықтан берсе оның айыбы жоқ. Өзім 2-сыныпта алғашқы ұстазыма ұстаздар күніне укаска жасап сыйға бердім. Ол уақытта менің ақылыма жемқорлық деген ой келмеді. Әркім ойындағысынан хабар береді. Ал, енді ұстаздар күнін тойлауды тоқтату деген ұстазды сыйламайтын адамның әрекеті. Ислам ғұламалары білімді қалай бағаласа, білім берушілерді де сондай бағалаған. Бұл ұйым өзінің атына сай ма екен? Күмәнді… Елдің болашағы келешек ұрпаққа тәуелді десек, осы ұрпаққа білім беріп отырған ұстаздар қауымын еске алатын осындай мереке міндетті түрде керек. Меніңше, бұл ұйым осы мерекенің келе жатқанына орай БАҚ шығатын материалдар саны көбейетіні түсінікті, осы жағдайды пайдаланып біраз даурықтырып өздерінің бар екенін білдіріп қоғамды даурықтырып қою. Ол қоғамдық ұйымдарға тән қылық.)))

Ұстазға құрмет ертеректе қоғамда жаппай еді. Себеп: ол кезде мамандық саны қазіргіден аз. Адамдар мұғалімнің қадірін білуші еді. Мынау нарық қоғамында мұғалімнің беделінің түсуінің бірнеше себептері бар:

Бірінші. мемлекет тарапынан қолдау таппаған қауым. Неге дейсіз, елге пайдасыз, саны көп, сапасы жоқ ешкім бармайтын бас қосуларда мұғалімдермен залдар толтырылады. Мемлекет осылай мұғалімді сыйласа оның беделі кімге керек.

Екінші. кезіндегі білімді ұстаздар 90 жылдардағы тоқырауда мектептерден кетті. Бірі өндіріске, бірі базарға тағысын тағы. Олардың қайтқысы жоқ. Ал, кейінгі келген ұстаздардың сапасына күмәнмен қараушылар көп. Сондықтан әр ұстаз өзін-өзі мықты екенін мектепке, ата-анаға дәлелдеу керек.

Үшінші. қазір не керек бала құқығын қорғайтын әр түрлі орган көп. Мұғалімдікі өмір бойы қате. Себеп… Ата-анадан мектеп қорқады. Біреуі әкім, прокурор, сот, бастық… Ұстаз деген ұлы есімді иеленген жандарға шынай құрмет көрсету әлі де бар. Болашақ ұрпақта болмай ма деген қауіп бар. Материалдық құндылықтың белең алған заманында бұл мәселені мемлекет шеше алады деп ойлаймын.

977193_388530887930806_341697781_oАйнұр Шамшейтова, Радиожурналист Бір әріп үйреткенге қырық күн сәлем салу керектігін ата-бабаларымыз сол кезде-ақ айтып кеткен. Сондықтан ұстаздарға деген құрмет қашан да жасалу керек екенін мойындамайтын жан жоқ шығар. Жылына бір келетін ұстаздар күнінде ол кісілерге түйе мінгізбесек те көңілдерін көтеріп хабарласып, жылы лебізімізді білдірсек, қолдан келсе гүлімізді ұсынып құрметтесек болмас па?! Ұстаздар күнінде мемлекет бір айлық жалақы есебінде қаржылай сыйақы берсе де артықтық етпейді. Анам мұғалім болған соң, ол кісілердің жұмысы қаншалықты қиын әрі жауапты екенін біліп өстім. Құрметті ұстаздар, келе жатқан мейрамдарыңыз құтты болсын! Мемлекет тарапынан дұрыс құрмет көрсетіліп жүр деп айта алмас едім. Өйткені, біздің эфирге келетін ұстаздар қауымы риза еместігін ашық айтып жатады. Ұстаздардың жалақыларын көтерсе, кейінгі жастар осы мамандыққа баруға ұмтылар еді. Қазір білімді жастар ұстаз болуға келіспейді. Ал, ұстаздар ең білімді кісілер болуы керек. Қысқасы Ұстаздарға дұрыс құрмет көрсете алып жүрген жоқпыз. Ескеретін бір мәселе, Мектеп басшылары ұстаздарды жұмысқа қабылдауда жоғары талаптар қоя білуі керек.

10616468_350802518427053_7461920545895649826_nНесіпкүл Өтебаева, Түркістан қаласы, Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияның мұғалімі Мұндай ұсыныс болады деп те ойламаппын… Қазақстандағы ұстаздар күнін жыл сайын жоғары деңгейде өткізу керек деп ойлаймын. Жылында бір келетін төл мерекеміз – “ұстаздар күні” кімдердің тақиясына тар келді екен. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, жұмысшы да, егін салып, мал бағып, терін төккен шаруа да, көкті шарлаған ғарышкер де, бәрі-бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған. Тіпті, жоғарыда айтылған белгісіз ұсыныстың, жағымсыз ойлардың иелері де ұстаз алдынан өткен ғой. Адам өмірінің “алтын бесігі” – мектептің есігін ашқан балдырғандарға 11 жыл бойы білім беріп, адамдық қасиеттерді қастерлеуге, өмір заңдылықтарын үйрететін мұғалім. Рухани – адамгершілік құндылықтарды білім мазмұнына енгізу ежелден айтылып келеді. Осындай қоғамның қозғаушы күші болып отырған жар құлағы жастыққа тимей ағарту жолында аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдердің ерен еңбектерін елемеу, ескермеу, бағаламау менің ойымша, елдігімізге сын, әділетсіздік. Қоғамның дамуындағы білімнің және мұғалімнің орны мен рөлі жайлы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: “…білімін дамыта алмаған ел тығырыққа тіреледі. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы басшыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Сондықтан – мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз”дейді. “Жердің астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты “дегендей, белгісіз ұйым өкілдерінің пікіріне түбегейлі қарсымын. Ал, ұстаздарға құрмет туралы ойласам, есіме өз әкем, өмірін ұстаздық жолға арнаған марқұм Мейманхан Өтебайұлы есіме түседі. Сол жөнінде аз-кем мөлтек сыр айтып өтейін. Бірде үйімізге Қазақстанның министрі Айтан Зияев (өмірден озған) шәкірттік әдеппен ұстазының хал-жағдайын сұрау үшін аттың басын бұрды. Шамасы, мен алты жаста болсам керек-ті. Тұлымшағым желбіреп, кеудемді мақтаныш кернеп, “ұлы ұстаз бен министр шәкіртінің” әңгімесіне куә болғаным бар. Сол кездегі шәкірт министрдің “Ұлы Ұстазын ұлықтағанын” көріп, әкемнің нұрлы бейнесі мен көзіндегі отты ұшқыны менің жадымда мәңгіге қалып қойыпты. “Шәкіртсіз ұстаз-тұл” дегендей, әкемнің Қазақстанға белгілі шәкірттері – Қазақстан Республикасының халық әртісі – Ақсақал Қалмырзаев, Сарыағаштағы “Барыс-2030 курортының” және “Минералдық сулар” заводының директоры – Молдалы Қолдасовтар т.б. Ұстаздарын ұмытпай дәріптеулері бүгінгі жас ұрпаққа үлгі өнеге. Өкінішке орай, кейде мұғалімдердің атына сызат түсіп жатады. Қоғамда белең алған дерт, кейбір ірі кәсіпкерлердің немесе жеке тұлғалардың балаларының ұстаздарын сыйламауы, менсінбеуі байқалады. Ол байлықтың көзі менде деп, рухани байлықты ысырып қойып жатады. Ондайларға тосқауыл қоюымыз қажет. Ол үшін әрбір мұғалім өз ісінің білікті маманы, педагогикалық еңбегінің майталманы болуы абзал. Ұстаздардың орны төр болуы үшін шәкірттерді тәрбиелеуде Хусайн Уағыз Кашифийге жүгінейік. Ол «Шәкірттің негізгі қасиеті: бағыну; шыншылдық; опалық; насихатты құлаққа құйып алу; азар берместік және пәктік», – дейді. Міне осы негізгі қасиеттерді міндетті түрде оқушыларымыздың бойына сіңіруіміз қажет. “Үш ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат,нұрлы ақыл,жылы жүрек. Сонда толық боласың елден ерек,”-демей ме, Абай атамыз, әр бала өз жүрегінің қалауымен ұстазды қабылдауы, оқушыға әсер ететіндей ұстаздың жеке басының мәдениеттілігі, сабырлы, салмақтылық жеке қарым-қатынас кезінде инабаттылық, әдептілік, мейірімділік қасиеттері болу керек. Ұстаздың бойындағы жақсы қасиеттердің оқушыға берілуі, кез-келген пәнді оқытудағы ұйымдастырушылық қабілетімен тығыз байланысты. Мәңгілік білім алу үрдісінің енгізілуі ежелден келе жатқан ата-баба мұраты мен аманаты екендігінде дау жоқ. Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев сынды аталарымыздың армандап кеткен заманы- біз өмір сүріп отырған ғасырдағы қоғам. Сол аталарымыздың аманатын, білім саласындағы ағартушы қызметкерлер дұрыс орындап жүрміз деп ойлаймын. “ Мен Жастарға сенемін! Алаш атын аспанға, шығарар олар бір таңда… ” деп, Мағжан ақын жырлағандай, Болашағымызға сеніммен қарайық, әріптестер! Мерекелеріңіз құтты, шәкірттеріңіз білікті болсын!

10438355_1494994454087927_3584604770974943627_nХовдашхан Айгүл. Теміртау қаласы №19 орта мектеп мұғалімі: Шынымды айтсам өте өкінішті, онсыз да “мұғалім” деген ұлы ұғымның қадірі қалған жоқ, енді төл мерекемізді алып тастаса еш құн, қадір қасиет қалмайды бізде. Сол мәлімдемені жасағандар өздері пионер болып ұлағатты ұстаздардың білімімен сусындағандар, енді келіп тойлатуды тоқтату керек дейді. Қазіргі кезде өзіңнің балаларыңа тәрбие беруге уақыт аз ал еліміздің біртуар азамат пен азаматшаларын тәрбиелеп шығарып жатқан осы ұстаздар емес пе?! Айтыңыздаршы осы мерекені тойлатқанда қаншалықты мемлекетімізге зиян немесе шығын келтірдік? Кеңес одағы кезінде мұғалім деген сөз шыққанда бойымызды түзеп амандасып, шынайы сыйластықты көретінбіз. Қазір мұғалім ба бәрібір, жоғарыдағы ағаларымыз мұғалімге деген көзқарастары өзгерді ма осыншалықты мұғалімдердің құнының түскені жүректі ауыртады. Қалай айтса да мұғалім деген ұлы ұғымның құнын мұғалімдер өзіміз көтермесек бізді ешкім елеп ескермейді… Ал, қоғам, құрмет былай тұрсын балаларына жағдай жасай алмаса да бізді кінәлайды, оқушылар құқын қорғайтын заң бар да, ұстаз құқын қорғайтын заң жоқ. Бұны біздің құқымызды бұзуға болады, бізді қолжаулық етуге болады дегендей түсінетін болды, бүгінгі ата-аналар мен шенді шекпенділер!

944733_165045183674883_980339394_nCәуле Мешітбайқызы. Қазақстан-заман газетінің Бас директорының бірінші орынбасары

Менде оны оқыдым, бұған сөзім жоқ Ұстаз деген қасиетті мамандық… оған терең бармай ақ қояйын дегенмен айлығы, белгілі жауапгершілігі өз балаларына  қарамай ел баласын тәрбиелеп, өзіндегі барын, бүкіл өмірін сарп етеді… Арнайы бөлек күн емес…Қазақстандағы ұстаздар күнін тойлауды тоқтату керек, ол жемқорлық, – деп мәлімдеме жасағанын оқығанда  соншалықты майдаланып кеткенімізге…керемет солар үшін ұялдым …”Әркімнің өз өлшемі” ешқандай ұстаз маған сыйлық бер демейді…!!!!  Адамзат – Аллаға,ата анаға, ұстазға қарыздармыз…  қысқаша айтқанда осы..!

Көрсете алып жүр деп нақты айта алмаймын. Оның түрлі себептері мен салдары бар. Оған тереңдеп енсең тұңғиыққа тарта жөнеледі. Сондықтан тереңге бойламай-ақ, беріден қалқып айтайын. Біріншіден,  әлеуметтік жағынан ұстаздар қауымы нашар қамтылған. Күнкөрістері қоңыртөбел. Тұрмыстары ортаңқол.   Мемлекеттің қамқорлығы-айлығы, «басына тарса аяғына, аяғына тартса басына» жетпейтіні айтыла-айтыла жауыр болды.  Екіншіден, ұстаздық жасап жүргендердің көбі «адасып» келгендер.Олардың ішінде бұрынғы тракторист, әнші, тамада, т.б саланың өкілдері толып жүр. Сырттай оқып  білім-теңізінде құлаштап жүзген олардың қалталарында қалақтай-қалақтай көк диплом, білім,диплом сатылады…  Ардың-күрдің жүреді. Дауыстары жуандап кеткен.   Ұстаздың құнын түсіріп жүргендер де осылар. Аттестациядан да бұлар «қарғып», «орғып» өтеді. Осындайларды көріп отырып, «бір қарын майды бір құмалақ шірітіп» жатқанын аңғармау мүмкін емес. Сосын мекетептерде қыз-келіншектердің көбейіп кетуі де ұстаз қадірінің түсуіне бірден-бір себеп. Отбасын асырайтын ер-азаматтар ақшасы молдау жерде жүр. Оларды мектепке қайта әкелу үшін жағдай жасалмаса бәрі бекер. Осындай толып жатқан кедергілерден арылмай Ұстаздың орны төр дей ала ма есі дұрыс қазақ!

Дайындаған. Аятжан Ахметжа

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА