22.11.2024

Нұрсерік Жолбарыс. Ұстазға жағдай жасамаса ұлттың руханиятында инфляция болады!

Мен үшін ұлтты тәрбиелейтін жалғыз маман иесі бар. Ол мұғалім. Бүгін оның мерекесі. Ақша мен атақ әбден берекесін кетіргеніне қарамастан осы мамандықты таңдаған мыңдаған отандастарымның алдында бас иемін!
Қымбатты менің әріптестерім! Ұрпақ тәрбиелеу деп аталатын қастерлі миссияға ақшаны араластырып, атағымен ат үркітіп жүрген шенеуніктер мен реформашыл басшылар сендерді әбден титықтап жібергенін білемін. Сендерді кім қайда жұмсамады?! Керек кезінде көше сыпырасыңдар, концерттерде бос орындарды толтырып отырасыңдар. Тіпті аязға қарамай қолдарыңа жалауша мен ұрансөздер жазылған плакаттар ұстап шығуды да сендерге міндеттеп қойған. Түрлі науқан кезінде “штатный сотрудник” тәрізді жүгіресіңдер. Одан қалды ата-анамен алысасыңдар. Небір ата-ана бар екенін де жақсы білемін. Олардың тілін табу және директордың тапсырмасына сәйкес олардан тиын-тебеу жинау тіпті қиямет. РайОО мен ГорОО-дан келетін өзгеге бірдеңе үйретпек түгілі өздері дым білмейтін комиссияның көңілін аулау, олардың алдында мысықтай сызылып, келіндей сәлем салып, баладай зыр жүгіру де сенің маңдайына жазылған. Осындай қиындықты бастан өткеріп жүрген сендердің жалақыларын да мәз емес.
Күні кеше Бірінші мұғалім сендердің жалақыларың өседі деді. Бірақ бәріңдікі емес. Бірінші мұғалім: “ұстаздардың жалақысы жаппай көтерілмейді. Егер, бәрінің еңбекақысын бірдей өсірсек, инфляция болады, азық-түліктің бағасы қымбаттауы мүмкін” дейді. Түсінген шығарсыңдар, бәріңдікі бірдей көтерілмейді. Бәріңдікін бірдей көтерсе инфляция болады екен. Осыған дейін болған инфляцияларға сендерді кінәлап жібермегеніне шүкір! Ұстазға жағдай жасамаса ұлттың руханиятында инфляция болатынын сол Бірінші мұғалім біле бермейтін секілді. Қайтесіңдер, бұл да сендердің тағдырларың! Сендерге Қырымбектей басшы керек. Сонау 1997-98 жылдары сендерге жалақыны төлеуге қаржы таппай жатқанда жоғары жақтағылар түрмені ұстап тұру үшін миллиондаған қаржы бөлген. Сол кезде іске араласып, түрмеге бөлінген миллиондаған қаржыны ұстаздардың жалақысына қайта бөлгізген сол Қырымбек еді. Алты ай алмаған айлықтарыңа мәз болып газет пен ТВға сұхбат берген де өздерің едіңдер. Сендер алты бойы айлық ала алмай жүргенде сол газет пен ТВдан көрсетпеген еді. Қайтейін, бала сияқтысыңдар. Ол кезде менің де бала болғаным анық. Бірақ бәрі есімде қалыпты. Бұның барлығы кешегі мен бүгінгі. Бізге енді ертеңгі күні не болатыны қызық. Осы бағытпен кете бергеніміз жөн емес. Сендерге даму керек, оған көмектесетін жанашыр басшы керек. Алдарыңызда отырған мыңдаған шәкірттердің ішінен тағы бір Қырымбек шығатынына сенемін. Сендердің сол Қырымбекті тауып алуларыңа тілектеспін! Сәттілік! Мереке құтты болсын!

Нұрсерік Жолбарыстың фб әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА