22.11.2024

Ақылбек Шаяхмет. Қазақ қасіретіне көзқарас

Ыбырай Алтынсарин да, оның мектебінен оқып шығып, ісін жалғастырған Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омарұлы сынды ұлы ұстаздар да «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, заман тауқіметіне қарсы күресте ағартушылық жолды қалағаны рас. Өйткені, қазақ халқының болашағы үшін күрестің сара жолы осы болатын.

Ыбырай Алтынсарин өзінің Николай Ильминскийге жазған хаттарының бірінде: «Мұнда халық ағарту ісі жаңа ғана басталып келеді. Жаңа салынған үйдің жақсы болуы, оның ірге тасының беріктігіне және мықтылығына байланысты ғой. Ал біздің ісімізде де қазақ мектептерінің бүкіл болашағы, көбінесе, қазіргі басталған іске байланысты, сондықтан мен ең жақсы мүғалімді дүниедегінің бәрінен де қымбат бағалаймын. Ізгілердің ізгісі, бізді тастамаңыз, мүмкіндігі болғанша, бізді қабілетті және асыл адамдармен қамтамасыз етіп түрыңыз… Халық мектептері үшін ең керектісі мұғалім. Оларға ең жақсы педагогикалық оқу құралдары да, ең мейірбанды үкімет жарлықтары да, өте мұқият инспекторлық бақылау да тең келе алмайды», –  деп жазуы тегін емес.

Ыбырайды орысшыл еді деген пікірге келетін болсақ, ол туралы Торғай облысы мектептерінің инспекторы болған А Балғынбаев: «Өзіне келген орыс қонақтарды-мұғалімдерді және басқаларды ол өзінің кабинетінде және еуропаша жабдықталған асханасында қабылдайтын еді. Өздері болса үй ішінде, қазақтың әдеті бойынша кілем төсеп, жерде отырып тамақ ішетін. Үйде жүргенде ол қазақ киімін-бешпент, шапан, тақия немесе жиегіне құндыз ұсталған бөрік киетін,» –  деп сипаттаған.

Совет дәуірі идеологтары ұлы ағартушының «Мұсылманшылдық тұтқасын» жазып, шәкірттерге Ислам қағидаларын  ұғындырғысы келгені туралы жұмған  ауыздарын ашпаған, кейінірек қана кейбіреулері оны кертартпа пікірі болған деп бағалаған.

Б. Омарұлы «Зар заман поэзиясы» атты монографиясында 1959 ж. қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференцияда ғалым Бек Сүлейменовтың ел құлағын елең еткізген тың дерек айтқанын жазады. Ол: «Ыбырай Алтынсариннің әдеби ағымға көзқарасын «Горе киргиз» деген қолжазбасы толық танытады. Бұл оның Түркістан қазақтарының, Түркістан өлкесі ақындарының «зар заман» туралы шығармаларына жасаған қорытындысы еді. Ы. Алтынсаринның бұл берген бағасын өте орынды деп білемін. Мұнда ол «зар заман» әдеби ағымын патша үкіметінің отаршылдық саясаты, жұт қоян жылдары деп аталатын ашаршылық пен жалаңаштық кезең туғызды дейді. Бұл жерде Ы. Алтынсаринның «зар заман» ағымының тууына патша үкіметінің отаршылдық саясаты себеп болды дегені дұрыс. Ы. Алтынсарин зар заман туралы жазбаған адам жоқ деп, оларды өз текстінде келтіреді», –  дейді.

«Горе киргиз» яғни «Қазақтар қасіреті» орталық мұрағаттың құжаттар қорынан табылып отыр. Ұлы ағартушы сол тұста вице-губернатор В. Ильинге оның аудармасын қоса жолдайды және сол жырлардың тууына себеп болған тарихи-әлеуметтік оқиғаларға талдау жасайды.

Бұл талдауларда баса көрсетілген, беті ашылған кемшіліктер – отаршылардың үстемдігі, олардың қазақ жерін тартып алуы, осыдан кейін қазақ даласында қоян жұтының болуы, сайлау жүйесіндегі жөнсіздіктер, қазақ даласына дендеп кіре бастаған алаяқтық пен парақорлық, 1882 ж. уақытша ереженің қарама-қайшылығы, қазақ тұрмысымен үйлеспеуі. Ұлы ағартушы парамен сайланған болыс әуелі мал-мүлкін шығын қылады да, кейін болыс болып алғаннан кейін соның орнын толтыруға барлық күшін салады деп түсіндіреді.

Осы орайда Қазақстанның халық ағарту комиссары болған Смағұл Сәдуақасовтың 1926 жылы Ташкент қаласында педагогикалық жоғарғы оқу орны ашылғанда жасаған баяндамасына назар аудармаса болмайды. Бұл баяндамасында С.Сәдуақасов қазақ-орыс мектептерінде негізінен православие дінін қабылдаған қазақ жастарын дайындау белең алғанын, қазақ балалары оған өз еріктерімен бармағанын, сондықтан да қазақтар өз арасында жеребе тастағанын, немесе кедейлердің балаларын осындай оқуға жіберу үшін сатып алып отырғанын айтқан.

«Орыс империализмі капитализмнің нығайған топырағында ғана туған жоқ, жалпы алғанда, ол отар халықтардың қан-сөлін сығып алу есебінен өсті және дамыды. Сондықтан да орыс отаршылдығы Батыс өз отарларына берген көзге қораш экономикалық «пайданың» өзін бізге бере алмады.Ол тұста патшалық Ресейдің үкіметі нені армандап еді? Оның арманы, өкінішке орай, қазақ халқын орыстандыру, олардың арасында православие дінін тарату болатын. Жоғары маманданған  орыс миссионерлерінің  ірі ұйымдарының осы бағыттағы  атқарған жұмысын кім білмейді? Миссионерлердің мұндай жұмысы ең алдымен ақ патшаның жомарт қолымен марапатталып, ұлт есебінде қазақ халқын біржолата жоюға бағытталды. Мұндай зұлымдық мақсатты көз алдымызға келтірудің өзі қиын» деген сөздерге айырықша назар аудару керек.

         Қазақстанның оқу комиссары болған С. Сәдуақасов «О значении  вуза для Казахстана» деген баяндамасында Ыбырай мен Шоқан туралы деректерді мысалға  келтіреді:

         «Өткен ғасырдың екінші жартысында Ыбырай Алтынсарин деген қазақ өмір сүрген. Ол қазақтардың арасынан бірінші болып орыс мәдениетімен жақындасты және славян (аудармада жаңсақтық кеткен, түпнұсқада – славян емес, православный, яғни провославие діні деп оқылуы керек. А.Ш.) дінінің миссионерлеріне жан-тәнімен қызмет істеді.Орыс-қырғыз мектептерін ашуға бірінші болып ат салысқан да осы кісі, қазақтарға орыс әрпімен жазуды ұсынған да – сол. Ол атақты миссионер ғалым Ильминскийдің досы және сенімді серігі болды.

Міне, осы Алтынсарин өлерінің алдында өзіне бірде бір орыс, тіпті, ең жақын достарын келтірмеуге жарлық берген.Тірі кезінде діннен безген осы кісі жаназасына 99 молда шақырылсын деген өсиет қалдырыпты. Бұл оқыған қазақтың трагедиясы болатын. Бізге оның бұл қимылы қазір түсініксіз де болар, бірақ, көп жылдар бойы орыстармен қоян-қолтық араласып жүріп, ең ақырында миссионерлердің қазақ халқына зәредей де жақсылық ойламайтынын түсінген болу керек. Мүмкін оның қазақ деп соққан жүрегі соңғы минуттарында өзінің қылмысына төзе алмаған шығар, сондықтан да ол көп жыл бірге қызмет істеген достарын көргісі келмеген болар.

Бізде Алтынсариннен білімі де, атағы да бір кем емес тағы бір қазақ болған, ол – Шоқан Уәлиханов. Шоқан орыстың Шығыстағы отарлау саясатын жүргізуге шын көңілімен араласты. Уәлиханов патша өкіметінің әскери-соғыс министрлігі үшін мәлімет жинау мақсатымен жасырынып Қашғарияға барып қайтқан. Ол Түркістанды бағындырған атақты генерал Черняевтің отрядында әскери (түпнұсқада – офицер. А.Ш.) болып қызмет істеген. Осы Уәлихановтың өмірі қалай бітті дейсіздер ғой – оның өмірі де Алтынсарин өміріне өте ұқсас. Өмірден қайтар алдында Уәлиханов өзінің орыс достарының бәрінен бас тартты. Орыс армиясының сырбаз офицері болған Уәлиханов әскери киімін тастап, қазақтың кең қолтық шекпенін, (біздің ойымызша, шекпен емес, шапан, аудармадан жаңсақтық кеткен болуы керек. А.Ш.) саптама етігін киіп, алыстағы қазақ ауылында дүниеден өтті.

Сібір ғалымдарының басшысы Ядринцев Шоқан Уәлихановтың қайғылы өлімі еуропалықтар үшін ызбарлы ескерту болуға тиіс деп жазды Шоқанға арналған некрологта. Ол орыс адамдары бұл жерде қатты ойлану керек деп жазды.

Меніңше, қазақ халқының  ұлттық санасының ояну дәуірінің басында мәдениетті Еуропамен байланыста болған қазақтардың қалай жұмыс  істегені жайында осы екі мысалдың өзі-ақ жеткілікті болар». (Смағұл Сәдуақасұлы. Үш томдық шығармалар жинағы. 3-ші том. Астана, 2013 жыл, 332-335 беттер) Бұл баяндаманың орыс тіліндегі нұсқасы да осы кітапта жарық көрген. (277-278 беттер)

Смағұл Сәдуақасовтың орыс тілінде жасаған баяндамасындағы: «Русский империализм возник не только на почве усиления капитализма, между прочим он рос и развивался за счет выжимание   соков   колониальных   народов.   Поэтому   русская колонизация не дала нам и тех жалких экономических «выгод», которыми Запад наделял свои колонии. Вспомните первое завоевание казахских степей. О чем мечтало тогда правительство царской России? Оно мечтало, увы, обрусить казахский народ, насадить среди него православие. Кто не помнит работу, произведенную в этом направлении крупной организаций высоко квалифицированных русских миссионеров? Такая работа миссионеров, главным образом субсидировавшаяся щедрой рукой белого царя, была направлена целиком на уничтожение казахского народа, как нации. Можно ли себе представить более низкую, чем описанная, затею!» – деген сөздерді қазақ қайраткерінің жүрек жарды шындығы есебінде қабылдайтынымыз анық.

Осындай жағдайды Ыбырай Алтынсарин да білмеді емес, анық білді, алайда, тығырықтан шығатын жол сол орыс-қазақ мектептері арқылы көздері ашық, көкірегі ояу азаматтарды тәрбиелеп, сол «үміт еткен достары» арқылы қазақ халқының санасын ояту болды. Ендеше «Оян, қазақты» алғаш айтқан Міржақып Дулатов емес, Ыбырай Алтынсарин деуге толық негіз бар. Алтынсариннің шәкірттері бұл ұранды айқайлап айтса, ұлы ағартушы оны сыбырлап айтты. Барлық айырмашылығы осы ғана. Тағы да Смағұл Сәдуақасовқа жүгінсек, ол былай дейді.

«Товарищ Жургенов в своем  вступительном слове указывал, что дело народного образования в идее своей интернациональна, но по форме оно должно бытъ национальным. Я вполне согласен с ним, и считаю что общечеловеческая культура тем скорее будет усваиваться отдельными национальностями, чем это культура будет прививаться среди каждой народности на своем родном языке. Нам нужны и агрономы, и врачи, и инженеры, и т.д. Но в первую очередь в настоящее время казахские трудящиеся массы нуждаются в педагогах. Не бесполезно, товарищи, и здесь вспомнить о прошлом, примеры которого должны служить нам уроком в нашей предстоящей работе. Бывали разного рода «культурные» связи представителей казахского народа с цивилизованной Европой. Во второй половине прошлого столетия жил казах, некто Алтынсарин, он первый из казахов приобщился к русской культуре и не за страх, а за совесть служил помощником православных миссионеров. Он первый был организатором, так называемых, русско-киргизских школ, поборником русского шрифта для казахской письменности. Он был другом и правой рукой знаменитого ученого миссионера Ильминского. И вот этот Алтынсарин перед смертью распорядился не пропускать к себе даже близких своих друзей. Этот атеист в жизни оставил завещание, чтобы на его похороны были приглашены 99 мулл. Да, эта была трагедия просвещенного казаха, может быть теперь для нас совсем непонятая трагедия, заключавшаяся в том, что в результате многолетней совместной работы с русскими, он все таки, в конце концов, пришел к заключению, что миссионеры ничего хорошего не желают для казахского народа. Может  быть, его угнетенное казахское сердце, в последнюю минуту не выдержало собственного преступления, и он отказался от товарищей, с которыми много лет работал вместе.»

Смағұл Сәдуақасовтың тағы бір даңқты жерлесіміз, ұлы ғалым Шоқан туралы айтқан пікірі де назар аударарлық: «Был у нас и другой казах, не менее способный и не менее известный в свое время Чокан Валиханов. Он был искренним проводником русской колониальной политики на Востоке. Валиханов тайно ездил в Кашгарию собирать сведения для военного министерства царского правительства. Он служил офицером в отряде знаменитого генерала Черняева, который покорил Туркестан. И что вы думаете, чем кончил этот Валиханов. Кончил тем же, что и Алтынсарин. Под конец своей жизни Валиханов отрекся от всех своих прежних друзей, этот элегантный офицер русской армии переоделся в широкую киргизскую одежду, в тяжелые степные сапоги и умер в заброшенном киргизском ауле. Глава сибирских областников, уже известны вам Ядринцев в своем некрологе писал, что трагическая смерть Чокана Валиханова является грозным предосторожением для европейцев. Он писал, что русским людям следует над этим задуматься.»

Орыс миссионерлері орыс тілін қазақ баласының көзін ашу үшін емес, ол өзінің ана тілін мүлдем ұмытуы, мұсылман дінінен бас тартуы үшін үйреткенін аңғару қиын емес. Ыбырай Алтынсарин «Горе киргиз», яғни «Қазақ қасіретінде» осы жайды тап басқан, зар заман ақындары шығармашылығын талдай отырып, өз тілі мен дәстүрінен айырудың зардаптары туралы ой қорытқан. Сондықтан да ол өзі туралы айтылған пікірлерге тосқауыл қойғысы келіп:

«Аласы ағайынның алаңдатты,

Көре алмай көп ішінен жамандатты.

Шоқынды, қрест  тақты, кәпір болды деп,

Келгенін ауызына айтып бақты», – деп қамығады.

Алтынсарин заман ау-жайын дәл таныған, тамыршыдай дертін де білген, сол қапаста ауа жетпей тұншыққан жандай өмір сүрген, халық тағдырына алаңдаған, келешекті болжай білген қайраткер. Орыс тілінде сөйлесе де қазақ үйінде отырғанын ешқашан естен шығармаған ұлы тұлғаны кезінде өз замандастары да ұға алмаған. Оны дұрыс түсіну және жете түсіндіру бүгінгі ұрпақтың парызы.

Ақылбек Шаяхмет,

Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА