22.11.2024

Арман Әлменбет. Баланы алдаймыз ба, әлде өзімізді ме?

Біз не нәрсеге мән бермей жүрміз? Баламыз дүниеге келгенде қуандық, ал қазір ше? Кішкентай қателіктер үлкен зиянға апарады, сондықтан ертерек ойланғанымыз дұрыс емес пе?

Бала әкесін күте ме, әлде…

Кез келген бала әкесін жақсы көреді, ол махаббат оның жаратылысында бар. Бірақ сол риясыз сезімді біз өзіміз бұзамыз. Жұмыстан келген сайын тәтті-пәтті ала келіп, жүгіріп шыққан баламызға ұстатамыз. Содан соң, бір күні құр қол келсек, баланың көңілі ортайып қалуы мүмкін. Бірақ өзіміз осы әдетті қалыптастырғанға дейін бала әкені көргенде шаттануды ғана білетін еді ғой? Көңілі таза бүлдіршінді жаман үйреткен өзіміз емес пе?
Балаға сыйлық, тәтті бермеу керек деп, бірден кесіп отырғанымыз жоқ. Сыйлық беру махаббатты күшейте түсетіні белгілі. Бірақ сол сыйлықты сырттан келген бойда және күн сайын бермей, үйге кіріп, жайланып отырған соң, аңда-санда берген әлдеқайда дұрыс емес пе? Қадірі де болады, әрі бала әкесі келгенде риясыз қуанатын болады.

Өзіміз бір киіммен өскенбіз…

Кедейлік баланың санасында әртүрлі комплекстер қалыптастыруы мүмкін. Сыныптастары секілді жаңа киім ала алмай қалса, баланың көңіліне қаяу түсері анық. Онымен қоймай, арызын айта бастаған баланы жекіп, «Өзіміз бір киіммен өсіп едік, осылар қайдан шыққан» деп тиып тастау, оны біржолата жалғыздыққа тап қылады. Рас, жағдай болмай тұрса, амал жоқ. Бірақ қыстың қамын жаз ойла деген бар, балаға ақша, киім қажет болатын уақыттар белгілі, соның алдын алып, тиындап болса да жинап, әзірленген дұрыс. Тым болмаса, жағдайды түсіндіріп, олқылықтың орнын көңілмен толтыруға тырысу керек.

Бөкей ақсақалдың өнегесі

Жазушы Оралхан Бөкейдің қарындасы Ғалия Бөкейқызы кішкентай кезінде сыныптастары тауға саяхатқа кеткенде ұйықтап қалыпты. Оянған соң жылап, әке-шешесіне ренжіп, біразға дейін басыла қоймапты. Сонда әкесі азықты қамдап, тауға өзі алып шығыпты. Жазушының қарындасы: «Сол саяхатым өмірімдегі ең керемет саяхат болды» деп қазір еске алады. Ол кездің ақсақалдары бала үшін әкенің көңілі қаншалықты маңызды екенін жақсы білгенін көреміз.
Қатарынан қалмасын…
Бала мектепте, аулада әртүрлі балалармен араласады. Және олардың ешқайсынан да қалып қойғысы келмеді. Соны түсінетін ата-ана балаға сұрағанының бәрін әперуге тырысады. Бірақ осының пайдасы көп пе, зияны көп пе?
Баланың мақтаншақ боп өсуі оп-оңай. Өйткені кішкене күнінде мақтаншақтық оның бойында болады. Ал уақыт өте келе қарапайымдылыққа баулымаса, ол үнемі мақтан іздеп тұратын, не нәрсені болса да қолпаш үшін істейтін берекесіз адамға айналып кету қаупі бар. Сондықтан да шын қажетті нәрсе ме құр мақтаныш тудыру үшін қажет болып тұрған нәрсені ажыратып, балаға да түсіндірген жөн. Тәтті-пәттіні, ойыншықты үйіп-төгіп әпере бергенше, жоғарыдағы Бөкей ақсақалдың өнегесіне жүгініп, көңілге мән берген жөн. Кедейдің үйінде қуаныш көп болады дейді. Себебі, ағыл-тегіл шашылып жатпаған соң, ондай үйде дәмді тамақтың да, бұйымның да, ойыншықтың да қадірі болады.

«Мен саған «Маша» қойып беремін»
немесе
қателікке ұқсамайтын қателік

Барлығымызда делік интернетке қосылған телефон бар. Оның ішінен баланы алдандыру үшін ойын да, мултьфильм де қосып беруге болады. Бала да тыныш, жұмыстан шаршап келген сіздің миыңыз да тыныш…
Бір күн «Маша» көріп тынышталған бала екінші күні де көргісі келеді. Оны алдандырдым деп, сіз де ойланбастан телефоныңызды, немесе планшетіңізді оған бере бересіз. Бірақ өзіңізді өзіңіз алдап, ұтылып жатқаныңызды байқамайсыз. Өйткені қазірден бастап экранға телмірген баланың көзі не болады, асыр салып ойнамай, далаға шықпай, басы салбырап отыра берген баланың ағзасы не болады? Күндіз күтушінің немесе ата-әженің (бұл ең жақсы жағдай) қарауында болып, кешке ата-анасын сағынып қалған бала, ата-анасымен емес, Маша и медведпен қауышады, осы дұрыс па? Балаға обал жасап жатқан жоқпыз ба?
«Баланы таба білсең, баға да біл» деп Мағжан Жұмабайұлы айтқан екен. Осы сөз әрқайсымызға айтылғандай.

Намыс.кз

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА