07.11.2024

Жапаров Мейрамбек. PhD доктор деген кім?

PhD докторантура оқудың артықшылығы мен маңыздылығы туралы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің Ақпараттық жүйелер кафедрасының және «Microlearning» зерттеу орталығының меңгерушісі, PhD доктор Жапаров Мейрамбек мырзамен сұхбаттасқан едік.

– PhD доктор деп кімді айтамыз? Қазіргі кезде докторантура оқу-дың тиімділігі неде?

– Қазақсан Болон үрдісіне өтті. Бұл – дүниежүзілік тартысқа түскен үрдіс. Дұрыс па, дұрыс емес пе? Қалай болады? Дәстүрлі оқыту жүйесінде оқу үрдісі жүйелі өтілетін еді деп айтып жатқандар да бар. Өз ойымды айтсам, ол – уақыттың талабы. Әлем күннен-күнге дамып жатыр. Телефон қолдану керек пе, жоқ па деген сұрақ қойылмайды. Сол себепті PhD докторантура оқу да заман талабы. Жақсы-жаман жақтары болуы мүмкін. Бүкіл дүниежүзі соған бет бұрды. Артта қалмау үшін соған өтуіміз керек. Әр мамандықтың философиясын түсінген адам доктор атағын иеленеді. Сол себепті де PhD (doctor of philosophy) атағы беріледі. Яғни сіз сол саланың философиясын түсінген ғалымсыз дегенді аңғартады. Өзім магистратура деген не, PhD докторантура оқу не үшін керек? Қандай оқу жүйесі болып табылады? Менің не істеуім керек? Менен ел не күтеді? — деген сауалдар төңірегінде көп зерттеу жасадым. Мен PhD докторантураға 2009 жылы түстім. Сол кезде жаңадан еніп жатқан оқыту жүйесі еді. Біздің университетіміздің ректоры Месут Акгүлмен осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында әңгімелескім келді. Сөйтіп, бір күні барып: «Мен сияқты қарапайым жігітке қарапайым тілде түсіндіріп беріңіз», – дедім. Ол кісі: «Бакалавриат дегеніміз – бір саланың іргетасы, бакалаврда сол үшін түрлі сабақтар оқытылады. Ал магистратурада ғылымның белгілі бір саласын алып, соның ішіндегі өзекті мәселеге қатысты зерттеу жұмысын жүргізеді. Мұнда ескерте кететін жайт – «менің ойымша» деген ұғым болмайды. Білім алушы осы уақытқа дейінгі бүкіл зерттеулерді қамтиды. PhD доктор болу – сол саладағы магистрлерді жетілдіре алатындай қабілетке ие болу», – деп түсіндірді. Мен мұны алдыңызға келген болашақ маманға бағыт-бағдар көрсете алатындай дәрежеге жету деп түсіндім. Ғылым саласын жақсы білу ғана емес, сол саланы ары қарай дамыта алу деген мағынаға саяды. Зерттеп жүргеннен кейін, жетік маман ретінде сол саланың кемшілігін тауып түзетуге немесе дамытуға ұмтылыс болу керек. Сізге мәлім болар, докторлық диссертация жазғанда екі ғылыми жетекші болады. Біреуі сол елдің азаматы, екіншісі шетелден. Шетелдегі ғылыми жетекшім маған тақырыбымды түсініп таңдауға көмектесті. Ол кісі PhD доктор диссертациясы қоғам дамуына әсер етуі тиіс деп, тақырып өзектілігіне, қорғап шыққаннан кейін ел кәдесіне жарайтынына мән берілуі керектігін айтты. Осы тұрғыдан екі ғылыми жетекшіме де алғыс айтамын. Алла разы болсын! Әрине, бұл докторлық тақырыппен әлемді құтқару маңызды емес, маңыздысы – зерттелген тақырып жүзеге асып, елге, адамзатқа пайдалы болуы. Америкада, Лондонда қорғалған диссертациялардың қоғамға пайдасы мол. Жай тақырып деп қарамай, толық оқысаңыз, шынымен дүниедегі маңызды, өзекті мәселелерді қаузаған.

― Өзіңіздің ғылыми диссертацияңызды пайдаланып, қандай жоба дайындап жатырсыз?
― С++ пәнін үйрететін бағдарлама – өзімнің диссертацияда қорғаған жұмысым. Осы жұмысымды кез келген адам Android жүйесінен, ғаламтордан жүктей алады. Кітап ретінде де шығардым, енді үш тілде шығуын зерделеп, жұмыс істеудемін. «Computer sciens» саласын және университетте жұмыс істегенім үшін оны оқыту жағын да қарастырамын. Мен университетте жұмыс істегендігім себепті оқыту жағына мән бердім. Қазіргі кезде айналысып жатқан екі-үш жобам бар. «ml.dombyra.com» деген домбыра үйрететін сайт құрастырып жасадық. Мұнда күйлердің тарихымен танысумен қатар видео-сабақтар арқылы шертіп үйренуге мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл жоба әлі өңделуде. Қазақ филологиясы кафедрасындағы ф.ғ.к. Нұржанова Айсұлу есімді оқытушымен бірігіп, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету мәселесін қарастырып жатырмыз. Ол кісі оқулық жазды, енді электронды нұсқасы жасалу барысында. Әсіресе электронды тақтада қолдануға арналған бағдарлама өңделу үстінде. «E-learning» бағдарламасын көп ел кітаптың электронды түрін (pdf, docx, epub, т.б.) жасау деп түсінеді. «E-learning» бағдарламасы – білім алушының қашықтан, тікелей дәріске қатыспай-ақ ғаламтордан өзін қызықтырған немесе қажетті мәліметті алу мүмкіндігі. Қолдануға ыңғайлы әрі уақыт үнемделеді. Университетіміздің студенттері Еркебұлан Қабиболда және Қуат Мұсабековпен бірігіп жоғарыдағы жобаларды жасау үстіндеміз. Екеуі де биыл университет тамамдайды әрі жоғарыда аталған жобалар екеуінің диплом жұмысы болып табылады. Бұлардан тыс тағы бір жобам бар, ол – мына мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ тілін үйрететін бағдарлама. Жобаның 90%-ы дайын десек те болады. Бір-екі балабақшада жобаны тәжірибеден өткізіп көру қажет болып тұр.

– PhD мамандар шетелде қалай дайындалады? Еліміздің PhD мамандарды оқыту әлеуеті туралы не айта аласыз?
– Біріншіден, қағазбастылық жоқ. PhD докторантура оқу адамдарды алға жетелейді. Мысалы, қазір жас ерекшелікке шектеу қойылып жатқан жоқ. Келесі жылдардан бастап бұндай мүмкіндік болмауы мүмкін. Жұмыстағы талапқа байланысты 50-60 жастағы кісілер де оқып жатыр. Докторантура білім алушыларды ұлттық, дүниежүзілік маңызы бар жобалар істеуге талпындырады. Жалпы елімізді басқа елдердегі оқыту жүйесімен салыстырып көрейік. PhD докторантураны үлкен пирамида деп алайық. Шетелдегі пирамиданың басында 2-6 профессор, қалған бөлігінде 4-5 докторлар, 8-12 магистр және студенттер тұрады. Олар бір мәселені осындай пирамида жүйесінде зерттейді. Ұтымды жағы да осы. Ал бізден осындай ғылыми-зерттеу жүйесін көрмедім. Осы себепті біз дамыған елдермен бәсекелесе алмай жатырмыз. Мысалы, мен зерттеу жұмысымен өзім айналысып жатырмын. Бұл саладағы мамандарда белгілі бір байланыс жоқ. Мен мұнда жалғыз өзім істеп жатсам, шетелде бұл жобамен 20 адам айналысады. Яғни бұл матч (футбол) басталмай, мен 0:5 болып жеңіліп жатырмын деген сөз. Шетелде нақты әрі бірге жұмыс істеуге мән береді. Кейбір мамандықтар 3 жыл, 5 жыл, әрқалай. Қатып қалған догма жоқ. Бұл жағы әлі дамиды деп үміттенемін.

– Ғылыми диссертациялардағы зерттеулердің ғылымға, қоғам дамуына қосар үлесі бар ма?
– Ғылыми диссертациялардың ғылымға қосар пайдасы болады және болуы керек. Осы жағынан ұмтылыс бар. Мемлекеттік университеттерде ғана PhD мамандар дайындалады. Ұмтылсаң, тырыссаң, нәтиже шығады. Ең бастысы, әр сала маманы өз саласына мән берсе, елімізді де алға бастайды. Оқыған маманның ынта-жігеріне байланысты. Жақсы мемлекет болу үшін мамандарда ұмтылыс болу қажет. Жасалып жатқан жобаларды ұсыну бізге қатысты дүние. Мемлекетке ұсынсақ, қолдау болатын шығар. «Даму» қоры бар. Сұраныс та ұсыныс жасағанда туындайды. Жоба жасап алып талпынбасақ, қоғамға да, адамның өзіне де ғылыми диссертациядағы дүниелердің пайдасы болмасы анық.
– Қазақстандағы IT саласы қандай жетістіктерге жетті?
– Қазақстанда IT саласы қарқынды дамуда. Мектептерде электронды тақта, ауылдық жерлерге дейін ғаламтор бар, еліміздің барлық жеріне ғаламтор байланысы жеткен. Байланыс бағасын әлі де түсіреміз деп жатыр. Жастарымызға IT саласында жұмыс бар. «e-gov.kz» жатырмыз. Бұл халыққа қолайлы жүйе болды. Үйде отырып-ақ ресми құжаттарды ала аласың. Бұның бәрі – жетістік! Америкамен өзімізді салыстыра алмаймыз. ТМД елдерімен салыстырғанда жетістіктер бар екені рас. Құдайға шүкір, алға жылжу бар. Өзіміздің ұлттық брендтерімізді әлемдік деңгейге шығаруға тырысу керек. Болашақ еңбектенген адамның жұмысына қарай көрініс табады. Ел өркендеуі оқып, оны шынайы түрде жүзеге асырған азаматтардың ынта-жігерінде деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан —
Дана Сүлеймен

kazakhstanzaman.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА