22.11.2024

Оқулық олқы болса… оқушы қайдан оңады? (2)

«Қазіргі мектеп оқушыларына арналған оқулықтардың сапасы сын көтермейді». Бұл – көпшіліктің аузында ашық айтылып жүрген пікір. Тіпті, осы мәселені халық қалаулылары да бірнеше мәрте көтеріп, олқылыққа жол берген жауапты мекемелердің жұмысын қатаң сынға алған болатын. Алайда одан да оң нәтиже шыққан жоқ.

Осылайша, «баяғы жартас – сол жартас…» күйінде қалып келе жатқан сапасыз оқулықтардың «зардабын» оқушылар тартуда. Ал бұл жағдайға ата-аналар алаңдаулы.

«Ожау-ожау жас төгіліпті…»

Жуырда ғана республикалық ақпараттық сайттың бірінде астаналық әлдебір ата-ананың оқулықтағы ақылға қонбайтын тапсырмалар мен сұрақтар туралы ашына айтқан пікірі жарияланып, оқиғасы жұрттың жағасын ұстатты.

– Менің ұлым екінші сыныпта оқиды. Біз үй тапсырмасын орындаған сайын оқулықтың жаңа шешендік «жауһарын» тауып отырамыз. Оқулықты таралымға шығармай тұрып, оны оқып шығуға болмай ма? Тіпті, қарапайым адам бұл оқулықтардағы тапсырмалар мен сұрақтардың мағынасыз екенін түсінеді. Егер министрлік мұндай жұмыстарды жүргізуге қауқарсыз болса, кітаптардың жобасын ашық ресурстарға қойсын, адамдар көмектеседі. Мұндай кітаптар үшін балалардан ұят, – деген ата-ана оқулықтағы қисынсыз сұрақтар мен күлкі тудыратын есептердің көшірмесін де ұсыныпты.

Шынымен де, онда көрсетілген мысалдар ақылға қонбайды. Мәселен, 2-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» кітабында: «Қазақстан халық Ассамблеясы деген не?», ҚР Зейнеткерлік заңы туралы не білесіз?» деген сұрақтар кездескен. Ал «Математикадан 105 сабақ» жұмыс дәптерінде мынадай есеп бар: «Жылауық күніне 6 ожау жас төгіпті, ал Күлшеқыз одан 4 ожау артық жас төгіпті. Жылауық пен Күлшеқыз күніне екеуі қанша ожау жас төгіпті?».

Мұны оқып отырып, езуіңізге еріксіз күлкі үйіріледі. Әсіресе, математикаға арналған дидактикалық құралда көрсетілген бұл есеп тапсырма емес, қиял-ғажайып ертегілер әлемінің шытырман оқиғасына ұқсайды.

– Көздің жасын ожаумен өлшеу ақылға қонбайды, әрине. Оның үстіне математика пәнінен берілетін тапсырмалар оқушыларға түсінікті әрі шынайы болуы тиіс. Ал оны «әжуаға» айналдырып жіберу дұрыс емес. Қазіргі білім беру жүйесінде балалардың ойлау қабілеттерін шыңдауға, яғни, логикалық тапсырмаларға басымдық берілуде. Бірақ логикалық тапсырмалардың жөні осы екен деп, қайдағы жоқ қисынсыз дүниелермен жас буынның санасын уламағанымыз жөн. Осындай сапасыз оқулықтар оқушылардың психологиясына, білім алуға деген ынтасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан орта мектеп оқулықтарын шығару жұмысына міндетті түрде психолог мамандардың қатысқаны дұрыс деп ойлаймын, – дейді тәжірибелі психолог Бақыт Бейсекеева.

Ел арасында қызу талқыға салынған бұл жайттан кейін біз де біраз оқулықты шолып шыққанды жөн көрдік. Өкініштісі, жөн-жосықсыз тапсырмалардың аз емес екендігіне көз жеткіздік. Енді солардың бірқатарына тоқталар болсақ, «Набигат-принт» ЖШС баспасынан шыққан 1-сыныптың «Математикадан 105 сабақ» қосымша оқу құралында мынадай есептер берілген:

1. «Баланың қорабында 7 шыбын болған еді. Екі шыбынға ол екі балық аулады. Ол қалған шыбынға қанша балық аулайды?»;

2. Айша мен Мираштың фамилиялары Сәрсенова және Дүйсенова. Егер Мираш пен Дүйсенова екеуі дос екені белгілі болса, әр қыздың фамилиясы қандай?

Міне, бұл екі тапсырма да бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, мазмұны жағынан ақылға сыймайтыны ақиқат. Әсіресе, 2-ші тапсырманың математикаға «үш қайнаса сорпасы қосылмайды».

Ал 4-сыныпқа арналған аталмыш оқу құралында да жоғарыда атап өткендей олқылықтар кездеседі. Мәселен, «Жалмауыз кемпірден Алыпқа жететін үш жол, ал Алыптан Сайқымазаққа дейін төрт жол бар. Алыпқа кірудің қажеті болса, Жалмауыз кемпірден Сайқымазаққа жететін жолдың қанша тәсілі бар?» деген тапсырма бар. Енді ойланып қараңыз, осындай мән-мағынасыз, бала түгілі үлкен адамның жүйкесін жұқартатын шытырман есепті беру қаншалықты орынды? Тағы бір қызықты айтайық, «Алматыкітап» баспасынан 2011 жылы шыққан 4-сыныптың «Математика» оқулығы мұқабасының ішкі беті төңкерілген күйінде жарыққа шығып кетіпті. Бұл – осыған жауапты баспаның оқулық шығаруға немқұрайлы қарағандығының белгісі десек, артық айтқандық болмас. Сондай-ақ, бастауыш сыныптарға арналған «Қазақ тілі» мен қосымша оқу құралдарында да ұсақ-түйек қателер көп кездеседі. Айталық, «Алматыкітап» баспасынан шыққан «Қазақ тілінің» №1 жұмыс дәптеріндегі (23 бетіндегі 2-ші жаттығуда) шағын ғана мәтіннен де әріптік қатені кездестіруге болады.

Жалпы, бастауыш сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Әдебиеттік оқу» сынды кітаптарда сауатсыз жазылған сөздер мен сөйлемдер көп. Қайсыбірін тізейік… Бұл мәселені мұғалімдер де жоққа шығармайды. Педагогтардың бірі – облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айнаш Рамазанова:

– Менің сыныбымның балалары «Атамұра» баспасынан шыққан оқулықтармен оқиды. Бұл кітаптардың мазмұны, сапасы жаман емес. Бірақ, қателердің бар екені шындық, – дейді.

Айта кетерлігі, орта мектептің оқулықтарында кездесетін олқылықтарды анықтау мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі өткен жылдың қарашасында «Қатесіз оқулық» акциясын ұйымдастырған болатын. Аталған шара аясында 2014 жылы 4, 5, 6 және 11-сыныптарға арналған әдебиет пәніне, 3-сыныпқа арналған «Ағылшын тілі» пәнінің оқулықтары мен оқу-әдістемелік жиынтығына және 7-сыныпқа арналған «Информатика» пәнінің оқулықтарына сараптама жүргізілген. Нәтижесінде, тексерілген 2437 оқулықтың 726-сы, яғни, 30 пайызы қолданысқа жіберілмепті. Бұған қарап, еліміздегі оқулықтардың едәуір бөлігі сапасыз дайындалатынын аңғаруға болады.

Осы жағдайдан кейін құзырлы министрлік оқулықтардың сапасын жетілдіру жұмыстарын жіті қолға алғанымен, бұл мәселе әлі де күн тақырыбынан түспей тұрған жайы бар.

– Мектеп оқушыларына арналған кітаптардың сапасы туралы мәселе соңғы үш жыл қатарынан Парламентте көтеріліп келеді. Сондықтан бұдан былай оқулықтарды баспадан шығармай тұрып, елеп-екшеп, арнайы мамандардың талқысына салып, содан кейін ғана оқушыларға ұсынған жөн. Ал қазіргі қолданыстағы оқулықтардың сапасына көңіл толмайды, – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев.

Облыстық білім беру басқармасы-ның бөлім басшысы Гүлнәр Садыққызы аймақ оқушыларына берілетін бар-лық оқулық ҚР Білім және ғылым министрлігінің нұсқауымен алдын ала сараптамадан өтіп келетінін айтып, бұдан кейін бұл кітаптардың мазмұнын талдап, уақыт жоғалтпайтындарын алға тартты.

– Бізге аталған министрліктен мектеп оқушыларына ұсынылған оқулықтар баспасының тізімі бар бұйрық келеді. Сол құжатты аймақтағы барлық мектепке жібереміз. Ал қандай баспаның оқулығын алатындарын мектеп өзі таңдайды, – дейді ол.

«Қойшы көп болса, қой арам өледі…»

Ардагер ұстаздардың айтуынша, соңғы жылдары жарық көрген оқулықтардың ішкі мазмұнының төмендеп кетуіне негізгі бірнеше себеп бар көрінеді. Біріншіден, сапалы шәкірт тәрбиелеуден гөрі қалтасының қалыңдағанын ойлайтын баспаханалардың көбеюі. Екіншіден, кітап жазуды оңай олжа санайтын «шала ғалымсымақтардың» бұл іске атүсті қарауы, ал үшіншіден, осы аталғандарға тиісті мекемелер тарапынан қатаң бақылаудың болмауы.

Осы аталған жағдайлардың салдарынан сапасыз оқулықтардың саны артуда. Мұғалімдердің көбі мемлекеттік тілде білім алатын оқушыларға арналған кейбір оқулықтардың орысшадан тура аударылатынын айтады. Сол себепті кейбір шәкірттердің шала-пұла аударылған тапсырмаларды түсінбей дал болып жүрген жайы бар. Ал кей оқулықтардың мазмұны тым терең болғандықтан, оны дұрыс ұқпай, қиналатын шәкірттер де аз емес.

– Қазіргі балаларды бұрынғылармен салыстыруға келмейді. Оның үстіне, бүгінгі жеткіншектердің көбі компьютерге үйір болғандықтан, әдеби, көне сөздердің мән-мағынасын түсіне бермейді. Оған отбасында орысша сөйлейтін ата-аналарды қосыңыз. Міне, осындай шаңырақтан шыққан жеткіншектер үшін «Ана тілі», «Хрес-томатия» сынды пәндердің тілін тым күрделендіріп жіберудің қажеті жоқ, – дейді Нұржан Аханова есімді ата-ана.

Сапасыз оқулықтар оқушы-лармен қатар мұғалімдерге де көп қиындық туғызуда. Бұл жөнінде өз ойын айтқанымен, аты-жөнін толық атағысы келмеген Алма есімді мұғалім:

– Қазір баспалардан шығатын небір оқулықтар бар. Қайсысын таңдайтынымызды білмей қиналамыз. Ұзақ ойланып, жұрт мақтағаннан кейін «Алматыкітап» баспасының оқулықтарын алып едік, онда түсінбейтін дүниелер өте көп екен. Мен 4-сыныпқа сабақ беремін. Осы сыныпқа арналған «Математика» оқулығының тақырыптары бағдарламаға мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан біресе кітаптың басын, біресе соңын оқып, өзіміздің де, оқушылардың да есі шықты. Оқулықтарды жазған авторлардың соншалықты сауатсыз болғаны ма?! – дейді ашынып.

Жалпы, бұл мәселе төңірегінде қоғамда түрлі ой-пікір айтылуда. Тіпті, кейбір тұрғындар білім беру саласындағы осы жүйенің ар жағында бәзбіреулердің өз мүддесін көздеп, табыс табу саясаты тұрғанын айтып, қынжылуда. Мәселен, зейнеткер Арман Құсанов:

– Шынымды айтсам, қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды түсінбеймін. Біздің кезімізде бір пәннен бір ғана кітап болатұғын. Ал қазір тек бастауыш сыныбының бір ғана пәні үшін бірнеше оқу құралын сатып алу керек. Бұл – кітап шығару ісінің басы-қасында жүргендердің ақша табуды көздеген арам пиғылдарынан туындаған жоспары деп ойлаймын. Мәселен, менің 3-сыныпта оқитын немерем «Алматыкітап» баспасының оқулығымен оқиды. Күзде соның әр пәніне арналған №1, №2, №3 деген қосымша дәптерлерін сатып алдық. Оның біреуі 500-600 теңге тұрады. Есептесем, бір балаға тек қана осындай дәптерлер сатып алу үшін 10 мың теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Ал бес-алты баласы бар отбасылар үшін 50-60 мыңдай ақша керек. Оның сыртында балаға қажетті киім-кешек пен қалам, дәптер сынды ұсақ-түйектер бар. Ойлап көріңіз, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы не болады? Құзырлы министрлік осы жағын ескерді ме екен?! – дейді.

***

Қоғамның талқысына жиі түсіп, сыннан көз ашпаған оқулық мәселесі әлі де талай уақыт «жыр» болатын түрі бар. Жауапты министрлік өкілдері ерте ме, кеш пе, бұл түйткілдің түйіні шешілетінін айтып сендіруде. Бірақ мәселені артық етеміз деп, тыртық жасап алмасақ болғаны. Ең бас-тысы, ел ертеңі болар жас буынның обалына қалмайық.

Нұржайна ШОДЫР.

Сарыарқа самалы

-ЖАРНАМА-spot_img

2 COMMENTS

  1. Ұрпағыңа шынайы жандарың ашыса – ЕВРОПАЦЕНТРИЗМ МЕТОДОЛОГИЯСЫМЕН ЖАЗЫЛҒАН – бүгінгі оқулық ретінде пайдаланып жүрген ПЕДАГОГИКА мен ПСИХОЛОГИЯНЫ тоқтату керек. Өйткені, бұларда ғылыми – МЕТОДОЛОГИЯ – ЖҮЙЕ – НЕГІЗДЕРІ – жоқ болғандықтан, оны жалған ОҚУЛЫҚТАР десе болады. Оның орнына … бұрын-соңды ПЕДАГОГИКАДА болмаған – екі сатылы МЕТОДОЛОГИЯДАН шыққан – ЕКІ ЖҮЙЕ (ЖҮРЕК тәрбиесі мен АҚЫЛ тәрбиесі) – жеті түрлі НЕГІЗЕРІ бар – өзіміз ұсынған және ПАТЕНТТЕЛГЕН – ПЕДАГОГИКА мен ПСИХОЛОГИЯ НЕГІЗДЕРІ – атты оулықты қабылдау мен мойындаудың уақыты жетті. ЕЛІКТЕУМЕН – ел болу мүмкін емес !!!..

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА