25.11.2024

Бакира Олжас. Дәуір келбеті

Мәңгілік Ел ұғымы қасиетті, киелі,
Елжіретіп жаныңды, иітеді жүйені.
Тебіреніп бұл сөзге бабалардың аруағы,
Тереңдегі тарихтың ағытылар тиегі.
Несіпбек Айтұлы, ақын,
мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Қазақстан! Қазақ халқының атамекені, ұлы ордалы, киелі ошағы. Осы тұғырлы орданың айбарлы есімін естігенде сан қилы күй кешемін. Асқар таудың биік белесінен жарқылдай жайнап, бүкіл әлемге қуаттана қарап, өзін мәңгілікке хабарлап тұрған «Қазақстан» атты жазуды байқап, оның мәртебесі аса жоғары, мерейі өте үстем, тұғырын тот баспайтынын мақтанышпен сезіп мәз-мейрам боламын. Қазақстанның басты әрі өрісті байлығы халқы шын тебіреніп, ұмтыла алға адымдап барады. «Қазақстан» атты ұлы есім және осы елдің бейбіт келешегі адамзатты ұйыта ойландырады. Біздің қазақтың жүрегіне мықты намыс, айбарлы арыстандай қайратты күш-жігер жиналған. Сондықтан да олар Қазақстанның айбынға толы келешегі үшін ауызбіршілігін молайта бірлесіп, күресе, атсалыса біледі. Болашақта жұлдызды Қазақстан әлемдік аренаның басты орнына ие болады деп нық сенеміз.
2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауын: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»,- деп бастады. Бұл орайда елең еткізген жаңалық — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады. Көне түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясы үш негізден тұрады: оның біріншісі — көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» идеясы, екіншісі — Әл-Фарабидің «Қайырымды қалада» философиялық шығармасында, әсіресе, бұл идеяның теориялық-методологиялық тұрғыдан тиянақталуы және үшіншісі — Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты Білік» дастаны. Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі.Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр.
Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» шығармаларында баяндайды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы қайырымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім — Әл-Фарабидің тұтас әлеуметтік-саяси теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеуметтік-саяси теориясында мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдері көрсетілді. Сондықтан, бұлардың бәрі қазіргі таңда түркітілдес мемлекеттердің ұлттық құндылықтары ретінде саналуы тиіс. Фараби мемлекеттің міндетін және оның ішкі және сыртқы міндеттерін толық анықтап береді. Сыртқы міндеті ретінде мемлекеттің қайырымды қала тұрғындарын немесе мемлекетті сыртқы жаулардан қорғау, яғни күшті қорғаныс ұйымдастырумен жүктеледі. Ішкі міндеті ретінде мемлекеттің өз халқының бақытқа жетуі үшін көрнекті шараларды іске асыру керек: олар — әділеттілікті орнату, халықты оқыту, оларды керекті ғылыммен толықтыру, адамгершілікке тәрбиелеу, қайырымдылықты тарату және ең жақсы бақытқа жеткізетін әдеттерді бойға сіңіру. Қалған мәселелердің бәрі — экономикалық және саяси мәселелер — негізгі міндетке бағынады, яғни адамдардың бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді.
«Құтты білік» дастаны Қарахан мемлекеті түріктерінің тілінде жазылғаны белгілі. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы, араб-парсы әдебиетінің көшірмесі емес. Дастанда X–XI ғасырлардағы Жетісу жерінде тұрған тайпалардың салт-санасы, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері көп жырланған. «Құтты білік» кейіпкерлерінің есімдері де бұрынғы тәңірілік дін нанымдарына қатысты. Басты бейне Күнтуды — әділ ел басшысының рәмізі. Бұл бейне «Күлтегін» («Түркі қағанаты туралы сөз») жазуларынан басталып, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи армандаған түрік мәдениетіндегі үлгі, мұрат тұлғаның бастысы. Жүсіп Баласағұнның басты кейіпкер қылып Күлтегінді көрсетуі түркі мәдениетін жалғастырушы, мәңгілік ел бағдарының қолдаушысы екендігін айқындайды.
Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. М. Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйініп аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған.
Қазіргі уақытта Мәңгілік Ел болу үшін өсіп келе жатқан ұрпақ біздер білім, ғылыммен мықты қарулануымыз қажет. Себебі, кез келген мемлекеттің басты байлығы ол халқы, адам капиталы. Сондықтан Мәңгілік Ел болу үшін әрбір адам осы бағытта жұмыс жасауы керек. Бұл әрине оңай шаруа емес.
Фото1247 (1)Тәуелсіздік- қасиетті сөз, қастерлі де киелі ұғым. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, жықпай ұстау, біздің қолымызда. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оның көзіміздің қарашығындай қорғау, баршамыздың борышымыз. Ұлттық санамыз саяси өрісіміз сілкініс жасап, өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз. Ғасырдан ғасырға жібек желі болып жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап жалғастыру біздің еншімізде екеніне мақтанамын. Мен мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымын. ХХІ ғасыр басындағы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды ертеңгі нұрлы болашаққа, кемел келешекке апаратын біз – жастар. Ендеше қияметтің қыл көпірінен сүрінбей өткен, тәуелсіз Қазақстанымның табанының тұғырдан таймауын тілеп, асыл мұраты алға жетелесін демекпін.

Бакира Олжас Талғатұлы 2002 жылдың 22 сәуір күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Көксарай ауылында дүниеге келген. 2008 жылдан бастап М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 7 «А» сыныбында оқиды.

Шығармашылық бәйге туралы мұнда басыңыз

-ЖАРНАМА-spot_img

13 COMMENTS

  1. Біз баршамыз бірге Елбасының ұлттық идеясы – жаңа, гүлденген Қазақстанды – «Мәңгілік елді» алға бастыруға бағытталған жоспарын жүзеге асыруға жұмыла атсалысуымыз керек.

  2. Олжас, шығарман ұнады. Мәңгілік елдің іргетасынан сен сияқты жастар табылса қуаныштымыз

  3. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі Мәңгілік Елдін болашағы біздер екенін ұқтым. Шығарма қатты ұнады.

  4. Шындалған ойдан құнды шығарма туады. Шығарман ұнады, биік белестерден көріне бер!

  5. Шығарма өте қатты ұнады! Жарайсың Олжас, бәрекелді! биіктерден көріне бер!

  6. Олжас, шығармаңы өте керемет жазылған! Мәңгілік ел болуда жастар маңызды рөл атқарады! Биік белестерді бағындыра бер. Сәттілік!

  7. Шығарманы оқи отырып мәңгі өлмейтін ұрпақтар жасасын дегім келеді.

  8. Жарайсың, Олжас! Біз жастар бабалар аманатын бірлесіп орындаймыз…

  9. Олжас, шығарманы оқи отырып, маған тамаша ой келді бабаларымыздың асыл мұратын сақтап, келешекте біз сияқты жастар арқылы еліміз Мәңгі елге өз үлестерін қосады, өркендетеді, – деген

  10. Олжас, “Мәңгілік Ел” идеясының түп төркініне тоқталыпсын, біз сияқты жастар оқып, тарихымыздың тынысымен бір мезгіл тыныстайды. Рахмет, саған, шығармашылық табыстармен биік шыңдардан көріне бер!

  11. Жарайсың, Олжас! “Мәңгілік Ел” ұрпағымен мәңгі жасайды. Бабалар аманатын келешекте біз жастар орындап, “Мен сенемін жастарға”-деп Мағжан атамыз айтқандай жастар сенімді ақтайық. Шыңарма мазмұнды, мағыналы, тартымды екен. Сәттілік!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА