(Қазақ хандығына 550 жыл толуына орай)
Қазақ хандығының пайда болуы Қазақ жерінде XIV – XV ғасырларда болған әлеуметтік экономикалық және этникалық саяси процестерден туған заңды құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы. Осы негізде Әбілқайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың күшеюі XV ғасырдың ІІ жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.
Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территорясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші роль атқарды.
1456 жылы Керей мен Жәнібек ханның Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап Шығыс Дешті – қыпшақтан Батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға болған еді.
1465-1466 жылдары Шу мен Талас өзендерінің алқабында Қазақ мемлекетінің негізін салған дербес қазақ хандығы құрылды. Осы кезден бастап тұңғыш «Қазақстан» деген атау қолданыла бастады.
Қазақ хандығының құрылуы феодалдық қырқыстарды, тайпалық талас-тартыстарды тоқтатты. Ел ішінде бейбіт береке орнады. Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы әсіресе, Жәнібектің баласы Қасым ханның тұсында нығайды. Ол ішкі, сыртқы саясатты дұрыс жолға қоя білді, өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқық нормаларды реттеу мақсаты-мен алғашқы қазақ заңы «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Халық оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.
Қазақ халқының бүгінгі қол жеткізіп отырған тәуелсіздігі бізге көктен түсе қалған сый емес. Тәуелсіздік дегенде ұлан-байтақ жерімізде қызғыш құстай қорғап, ат үстінде арпалысып өткен асыл бабаларымыз ойға оралады.
Бұдан бес жарым ғасыр бұрын даңқты Керей мен Жәнібек бабаларымыз іргетасын құрып берген Қазақ хандығы талай қиындықты бастан кешірді.
Алты Алаштың айбынды әміршісі Абылай хан бастаған, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнібек, Баян, Өтеген батырлар қостаған қазақ сарбаздарының қолы талай мәрте туған жер төсінде жаулармен кескілескен шайқастар өткізді.
Қазақ халқының өз алдына дербес мемлекет болуын аңсап өткен Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов сынды Алаш арыстары өз бастарын өлімге тігіп, елім деп еңіреп өтті.
Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін арпалысқан соңғы ұрпақ – 1986 жылдың желтоқсан айында жалаудай желбіреген Қазақтың өрімдей қыздары мен жігіттері болды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев биылғы дәстүрлі жолдауында Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өту жөнінде құнды ой айтты. Оны бүкіл ел болып қолдады. Өйткені біз өткенімізді еш ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Ата-бабаларымыздың аңсаған тәуелсіздігіне 1991 жылы қол жеткіздік. Қазір мемлекетіміз небәрі 24 жаста. Осы жылдар ішінде еліміз көптеген жетістіктерге жетті.
Биылғы жылы еліміз Қазақ хандығына 550 жыл, Ұлы Жеңіске 70 жыл толуын атап өтеді. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – азаттық сыйлаған бабаларымызға деген құрмет деп білемін. Біздің әрқайсысымыз осы іс-шараның өтуіне өз үлесімізді қосуымыз керек деп есептеймін. Өйткені өткенді бағаламай, болашақты болжай алмаймыз.
Айтмұратов Ердәулет
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Төретам кенті, №85 орта мектептің
9 «А» сынып оқушысы
Шығармашылық бәйге туралы мұнда басыңыз