22.11.2024

Іргебай Ербол. БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ САПАСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

(Астана қаласы бойынша дәстүрлі тамыз кеңесінде сөйленген сөз) 

Қайырлы күн!

Құрметті ұстаздар! Қадірлі қонақтар!

Оқу жылының басында ұстаздар қауымы өткен оқу-жылындағы оқу-тәрбие жұмысын саралап, жетістіктер мен кемшіліктерді ой елегінен өткізіп, келешекке бағдар жасайды.

Биылғы Тамыз Кеңесі ерекше жағдайда, яғни еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын әлемге паш ететін, Ұлы даланың мерейлі мерекесінің қарсаңында өтіп отыр.

 «Білімі күшті ел озады, білімі әлсіз ел – оған қызмет етеді», – деген қағиданың ақиқаттығына уақыт өткен сайын көзіміз жетуде. Содан да болар білім саласы үнемі ізденісті және жетілдіруді қажет етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адами капиталды жаңа сапаға көтерудің басты тетігі ретінде білім саласын дамытудың қажеттігіне үнемі басым бағыт береді. Бүгінгі күні білім беру саласы тың идеяларға дем беріп, жаңа серпінмен дамып келеді. Елімізде Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылып дамуы, мұғалімдердің біліктілік деңгейін көтерудің жаңа жүйесінің енуі мен жаңа ақпараттық технологиялардың сабақ үрдісінде кеңінен пайдалануы және «Bilim Land», «Болашақтың мектебі» пилоттық жобасының қолданысқа кіруі бұл сөзімізге дәлел бола алады.

Бүгінгі мәселеміз – білім беру мазмұнын жаңарта отырып болашаққа бағдар алу болса, ол жұмыс мұғалімдер қызметінің сапасына тікелей байланысты болмақ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – деген көреген сөзі бүгінде күн тәртібінен түскен жоқ. Білікті ұстаздың алдынан, білімді оқушы шығатыны шындық.

Астаналық білім жүйесі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Жаңа форматты мұғалімдерді даярлаудың деңгейлік курсынан мектеп басшылары мен мұғалімдері өтіп жатыр. Мәселе бағадарламаның идеясын толық түсініп, сапалы сабақ өтуі үшін мұғалімнің курстан кейінгі қолдауға ие болуы. Осы мақсатта бірнеше тірек мектептері анықталып, желілік қауымдастықтар құрылды. Желілік қауымдастық арқылы мұғалімдер пікір алмасып, іс-тәжірибесімен бөлісуде.

Көрнекті педагог В. Ф. Сухомлинский «Егер мен сабақ беруші ғана болсам, педагогтік деңгейге көтеріле алмас едім, шәкірттерімнің жүрегі мен үшін қақпасын мәңгі ашпас тас қамалдай болып қала берер еді»-, деген сөзіне көп мән беруге болады. Болашақ бағдарымыз бала жүрегіне жол табатын ұстаздар қатарын көбейту.

Табысты мектеп жүйесін қалыптасырамыз десек, бөлінген көшбасшылық жүйесін дамыту керек.  Мектеп басшылығын жүзеге асыру бір адамының қолынан келе бермейді. Әр қызметкер өзінің лауазымдық қызметінде көшбасшы бола білуі керек. Басшының міндеті – оған ықпал етіп, көзін жеткізу және жұмысын атқаруға мүмкіндік беру, сенім көрсету, лауазымдық жұмысының шеңберінде дербестік бере отырып, жауапкершілігін арттыру. 

Көптеген басшылар барлық билікті қолына алып, әкімшілік мүшелерінің өкілеттіліктерін шектеп тастайды. Бұл орынбасарлардың ықпал ету аясын азайтып, басқару үрдісінде жауапкершілікті азайтады. Мектеп директорынсыз тіпті, айтуға тұрмайтын мәселелер шешілмей қалады.

Бөлінген көшбасшылық лауазымға емес, білім мен біліктілікке негізделуі дұрыс. 

Мектептегі әр қызметкер өзінің лауазымдық қызметінде көшбасшы болуы тиіс. Басшының міндеті – оған ықпал етіп, жұмысын атқаруға мүмкіндік беру, сенім көрсету, лауазымдық жұмысының шеңберінде дербестік бере отырып, жауапкершілігін арттыру.  Бөлінген көшбасшылық лауазымға емес, білім мен біліктілікке негізделуі дұрыс. 

Оқулық мәселесі бүгінде күн тәртібінен түспей келе жатыр. Сөз жоқ бұрынғы жылдармен салыстырғанда оқулық сапасында көп ілгерушілік бар. Дегенменде, әр пән бойынша негізгі бір оқулыққа көшетін уақыт жеткен сияқты. Оқушының ҰБТ-ға дайындығы кезінде де проблемалар туындамас еді. Баламалы оқулықтардың болуына қарсылығымыз жоқ. Сонымен қатар, тарих және география пәндері бойынша қазақ тіліндегі сапалы карталарды да қолданатын мезгіл келді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу – оқушы білімін айқындаудың бірден-бір құралы. Қоғамдық талқылауда ҰБТ-ны балаға қиянат жасайтын ерекше бір жат дүниеге айналдырып жібердік. Білімі бар оқушы еш қиындықсыз қажетті баллын алып, білімін дәлелдеп шығады. Ол үшін оқушы біліміне бағаны көтеріп қоймай, нақты білім алуға үйретуіміз керек. Біздің мектептің 2005-2006 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінің орта көрсеткіші 55,5 баллды құраса, 2014-2015 оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында орташа балл 100,4 болды.

Болашаққа бағдар алып, білім беру мазмұнын жаңарту – заманның талабы. Олай болса, Мемлекеттік білім беру стандартындағы кейбір мәселелерге үңіліп қарауымыз керек сияқты. Мәселен,  орта мектепте 11 сыныптар жаратылыстану және гуманитарлық бағыт болып бөлінетіні белгілі. Алайда, гуманитарлық бағытта оқыған оқушы математика пәнінің сағаты аз, бағдарламада айырмашылықтары бар болғанымен ҰБТ-ның сұрақтарында ескерілмейді. Ешқандай қисынға келмейді. 

Ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесі – қоғамымыздың өзекті мәселесі. Ұлттық құндылықтарға бай, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүріне берік, танымы мен тағылымы кең тұлға қалыптастыру қоғам талабы. Ұлттық талғамы мен сана сезімі жоғары ұрпақ ешкімнің алдауына жүрмейді, арбауына түспейді.

Тәрбие ісінде осындай ұлы істер мен мұраттарды жүзеге асыру мақсатында мектепте көптеген іс-шаралар жүргізілуде. «Ұлылықты ұлықтау» жобасы негізінде «Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылық қызметі арқылы жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру» бағдарламасы жасалып, игі істер атқарылуда. Марғұлан музейі, «Марғұлан оқулары» «Марғұлан» журналы оқушының ынта-ықыласы мен тәрбиесін қалыптастыруға бағытталған шара болып табылады. Сондай-ақ бірнеше жыл көлемінде «Марғұлан ізімен» туристік-өлкетану экспедициясы жұмыс істейді. Биылғы жылы оқушылар «Ұлт ұясы – Ұлытауға» барып, еліміздің бай тарихы жөнінде мәлімет жинады.

Ұрпақ тәрбиесі – кешенді түрде жүзеге асырылатын аса жауапты іс. Сондықтан да біз бүгін бәріміз, көп болып жастарымызды тәлімді де тәрбиелі етіп баулуға тиіспіз. Өмірге келген сәби отбасында өнегелі тәрбие алса өскенде де әдепті, ақылды болып, қоғамда лайықты орын алады. Көп жағдайда ата-ана кінәні мектепке үйіп-төгуге дайын тұрады. Күрделі проблеманың бірі – түрлі діни ағымдарға енген отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар. Олар мектеп ережесін мойындамай өз «заңдарымен» жүргісі келеді. Қоғам тарапынан бұған айрықша мән беру керек деп ойлаймын.   

«Тегіңді сақтаймын десең ұлыңды, ұлтыңды сақтаймын десең қызыңды тәрбиеле», – деген аталы сөз бар. Интернет бетінде жасөспірімдер мен қыздардың төбелесі мен былапыт сөздері салынған бейнероликтерді көргенде жаның түршігеді. Қыздардың ерте жүктілігі де жыл сайын өсуде. Осыған жалғыз мектеп кінәлі ме?

 Егер жас ұрпақты дұрыс тәрбиелегіміз келсе, олар сүріп отырған қоғамды да ізгілендіріп, шынайы демократия орнату керек. Ата-ана тарапынан да бала тәрбиесіне жауаптылықты арттыру қажет.

Алқалы жиында мұғалім мәртебесіне байланысты бірер сөз айтып өтсек. «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі» – деген Мағжан Жұмабаевтың сөзі бар. Өкінішке орай, қызығы мен қиындығы мол мұғалім мамандығын қоғам мойындай бермейді. Мұғалімнің әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы статусын жоғарлату мәселесі бірінші орынға қойылуы дұрыс болар еді. Мұғалім жалақысының төмен болуы Талапкерлердің әйтеуір грантта оқуы үшін, соңғы төртінші мамандықты мұғалімдікті таңдай салатыны да қоғамда орын алған жағдай. Сол себепті де кейде теориялық білімі сын көтермейтін, баламен тіл табыса алмайтын, жұмыс жасау қабілеті төмен мамандар келіп жатады. Бұл үшін нақты шара қабылданып, игі істер қолға алынса деген ойдамыз.

Сөзімнің соңында мына шараларды жүзеге асыруға ұсыныс жасаймын:

  1. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдердің курстан кейінгі қолдауы жұмысы жандандырылып, жүйеленуі тиіс.

  2. Тәжірибе алмасу мақсатында тірек мектептер арасындағы Желілік қауымдастық жұмысын жетілдіру қажет

  3. Табысты мектеп – кепілі ретінде Бөлінген көшбасшылық жүйесін мектептерге кеңінен енгізу керек.

  4. Нәтижелі білімге қол жеткізу үшін оқушы білімін объективті бағалауға мән берілуі тиіс.

  5. Адамгершілік, ізгілік сынды адами құндылықтарды насихаттап, қыз бала тәрбиесіне айрықша назар аударуымыз керек.

  6. «Діни ағымдарға» енген ата-аналарға мемлекет тарапынан бақылау күшейтілуі қажет.

  7. Мұғалімдердің, әсіресе жас мамандардың әлеуметтік жағдайын шешу үшін мемлекеттік бағдарламадан тыс, жатаханалар салынып, мектептерге орындар бөлінсе.

Өз қызметінде білім сапасын арттыруды үнемі алдыңғы орынға қойып, орын алған кемшіліктерді байқап, оған талдау жасап, оны шешудің жолдарын көре білген ұжым жетістікке жетеді. Өз еңбегіміздің өлшеу көрсеткіші мен нәтижесін шәкірттің бойындағы білімі мен тәрбиесінен көре білсек, сапалы жұмысымыздың бағасы сол болмақ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына ену үшін: білімді де зерделі, жан-жақты дамыған дарынды, қабілетті ұрпақ керек»,- деген болатын. Бәсекеге қаблетті ұрпақты тәрбиелеу – бүгінгі мектептің алдындағы тұрған ұлы міндет.

 Құрметті ұстаздар! Келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтаймын!

Сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін! Білімді де тәрбиелі шәкірттеріңіз көп болсын!

 Іргебай Ербол Ісләмұлы: 

Әлкей Марғұлан атындағы 40 орта мектебінің директоры

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. тарих және география пәндері бойынша қазақ тіліндегі сапалы карталарды да қолданатын мезгіл келді. деген сөзге әй-бәрекелді дер едім.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА