Бүгінде біз «Балалар қазір кітап оқымайды!» деп ренжиміз. «Өзіміз бала кезде кітап оқудан еш жалыққан жоқ едік!» деп өзімізді үлгі тартамыз. «Бұлар болса, күні бойы тек ұялы телефондарымен әлек болады!» деп налимыз.
Бұлайша қынжылудың қисыны да бар. Шынымен балалар компьютер, смартфон, планшеттерге жүйрік бүгін. Қайда бармасаң да мөлшермен 10 айлық балалардан бастап ересек адамдарға дейін ұялы телефондарына ұңіліп, шұқшындап отырғандарды көресің. Көшеде құлақтарына наушниктерді тағып, қасында жоқ бәз біреулермен дауыстап сөйлесіп келе жатқан балаларды көресің.
Бұрынырақта, біздің заманымызда қалай еді? Жан-жағыңа көз жүгіртсең – кітап ұстап отырғандарды көресің: автобуста, асханада, паркте орындықтарда отырғандар да, көшедегі жаяу жүргіншілер де – барлығы кітап оқушы еді. Кез келген үйге кірсең, кітап сөрелерін көресің. Кітап оқу, кітап жинау, кітапты сөз ету, оқығанмен бөлісу керемет мода еді!
Асқар (57 жаста) былай деп әңгімелейді: «Кітап оқуға деген құмарлығым сондай – кітапты кез келген жерде лқушы едім: отырып та, жатып та, тамақ ішіп отырғанда да, тіпті көшеде жүріп бара жатып та. Мектеп пен ауылдың кітапханаларындағы кітаптарды бітіріп қала жаздадым. Сыныпқа егер біреу қызық кітап әкелсе, бәріміз де оны оқып шығу үшін кезекке тұратынбыз.
Әке-шешем бұндай құмарлығымды көріп, «Кітап оқыма!» деп ұрсушы еді. Шешем марқұм «Миыңды бір сәтке болса да – тынықтырмайсың ба?!» деп кітап оқуға тыйым салушы еді. Сондықтан да ол кісілерді ренжітпеу үшін алдауға көшуге тура келеді: сабаққа дайындалып отырғандай кейіп көрсетесің, алайда қызық кітапқа оқулықтың мұқабасын кигізіп аласың, түнде ел жатты-ау дегенде дәлізде жанып тұрған шамың жарығымен кітап оқисың…
Ересек бола бастап, кітап жинай бастадым. Тіпті макулатура жинап, оларды кітаптарға айырбастайтынбыз. Кітап дүкендеріне түннен бастап кезекке тұрушы едік, кітаптарымызды мақтан етуші едік…
Міне, біздің кітапқа деген құмарлығымыз осындай еді!»…
Әрине, кітап оқу керек! Бұл – аксиома. Қазір тіпті философтар кітап оқуды адамгершілікке үйретудің негізгі құралы ретінде таниды. Өткен жылы, ұмытпасам, наурыздың 17 күні «Қазақстан» телеарнасының таңғы бағдарламаларының бірінде мынандай хабар айтылды: «АҚШ-та 15 жылдан кейін түрмелерде қанша орын қажет екендігін былай айқындайды екен: қазіргі күні 10 жастағы балалардың қандай мөлшері кітап оқуды жақтырмайтынын санайды. 15 жылдан кейін осы балалардың барлығы да түрмеде отырады деп есептелінеді екен». Дәп осылай!..
Бірақ бүгінде балаларымыз кітап оқымайды! Бұл – шындық. Алайда олардың кітап оқуы үшін біз, ата-ана, не жасадық? Тәрбиенің ең тиімді құралы – үлгі болу емес пе? Онда біз өзіміз кітап оқимыз ба? Оқығанымызбен балаларымызбен бөлісеміз бе, олармен талқылаймыз ба? Балаларымыздың арасында кітап культін орнату үшін не жасадық? Балаларымызды кітап оқуға қалай ынталандырдық? Үйімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастырдық па?
Мүмкін бұл жұмысты баланың жаратылысынан бастау керек шығар? Мәселен, болашақ ана бойына бала біткен күннен бастап, әр күні кешкі сағат 21.50-ден бастап 10 минут бойы баласына бағыштап, дауыстап кітап оқуы керек болар. Бұл әрекетті еш үзбей, әдетке айналдыру қажет. Кейінірек, бала аман-есен дүниеге келгенде де дәл осы уақытта кітап оқуды тоқтатпау керек. Кейінірек бала есейіп, оның тілі шыққанда, баламен оқығанды талқылау керек, әңгіме жасау керек. Балада осылайша кітап оқуға деген құмарлықты оятуға болар. Ал бала өзі әріп танып, оқуды үйренгенде, енді балаға 21.50-де ата-анасына кітап оқуды міндеттеп, оқығанды бала-шаға болып талқылау керек, баланы ынталандырып, марапаттау қажет.
Осылайша жанұяда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға болатын шығар. Бұл жерде тек балаларымыз үшін өзіміз үлгі болуымыз керек. Бұл мақсатта үйде кітапхана ашып (оған көрші үй мен пәтерлердің балаларын кіргізсе тіпті жақсы болар еді), отбасылық оқырмандар клубын құрып («Сын тұрғысынан ойлау» жобасының идеясы секілді), оқырмандардың конференцияялары мен семинарларын өткізіп тұруға болады.
Жалпы алғанда, елімізде (немесе үйімізде, мектепте, ауылда, ауданда, қалада, облыста) «Кітап» немесе «Кітап оқу» күндерін жиі өткізу керек шығар. Ондай шараларға елге белгілі тұлғалар қатысып (саясаткерлер, өнер және ғылым қайраткерлері, спортшылар, т.б.), кітап оқуды насихаттап, балалармен әңгімелесіп, олардың пікірін тыңдап, кітап оқуға ынталандыру жұмысына атсалысуы қажет. Ондай шараларды БАҚ арқылы жариялау керек. Мысалы, 2001 жылдың 11-қыркүйегінде Нью-Йоркте болған жарылыстар туралы хабар ел президентіне былай жеткен дейді: Джордж Буш дәл сол кезде Кітап күні аясында бір мектептің бастауыш сынып оқушыларымен бір кітапты талқылап отырған екен… Бізде аудан не облыс әкімінің мектепке келіп, оқушылармен кітап оқып, оны талқылап отырғанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші… Ол мүмкін бе?..
Сонымен, әрине, балаларымызды кітап оқуға үйрету керек, ынталандыру қажет. Бұл жұмыстың сапасы мен деңгейі тек өзімізге байланысты…
Бұрынырақта мектеп пен мұғалімдердің басты жұмыс қағидасы «Оқушылар үшін!» еді, яғни олар алдын-ала оқушылардың қалай оқып, үйрену керектігін айқындап, оқушылардың не жасайтынын белгілеп алатын. Бірақ бұл қағида мұғалім мен оқушының мүдделерін бөлек қарастырады, олар мұнда екі қауым өкілдері секілді: біреуі дайындайды, екіншісі орындайды.
Ал бүгінгі педагогиканың негізгі қағидасы «Оқушымен бірге!». Бұл дегеніңіз оқу әрекеттері алдын-ала белгіленсе де, оларды оқушылардың тіке қатысуымен жүзеге асыру қажет. Басқаша сөзбен айтқанда, мұғалімдер, біріншіден, оқушыларды оқыту мен үйрету амалдарының қандай болу керектігі туралы талқылауға қатыстырып, олардың пікірін сабақ беруде міндетті түрде ескереді («оқушы үні»). Екіншіден, мұғалімдер оқушыларға берген тапсырмаларды солармен бірігіп орындауға ұмтылады: осы арқылы тапсырманың өздеріне де қызықты, құнды екендігін көрсетеді. Әлбетте, мұндай жағдайда оқушылардың тапсырманы орындау ынтасының күрт жоғарылайтыны белгілі.
Дәл осылай ата-ана да балаларының кітап оқу туралы пікірлерін ескеріп, барлық әрекеттерді солармен бірге жасауы керек: кітап оқу, талқылау, жоспарлау, т.б. Ата-анасы жасағанды балалары да жасайды емес пе? Ата-анасы жақсы үлгі болса, балалары оларға еліктейді емес пе?
Бәрі өз қолымызда…
Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.