22.11.2024

Әлихан Бөкейханов: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»

Алдағы жылы Алаш  қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері, көсемсөзші Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болды. Бұл туралы ЮНЕСКО-ның 18 қарашада Парижде аяқталған Бас конференциясының 38-ші сессиясында жария етілді. Бұл күллі қазақ халқы үшін үлкен абырой. Кешегі алаш зиялыларын әлем мойындағанының дәлелі. Ендеше біз Әлихан Бөкейхановтың мерейтойына орай, сан түрлі өнерді бойына жыйған дарын иесінің  бірер қырына арнайы тоқталып, ел есіне сала кеткенді жөн санап отырмыз.

Әлихан туған халқы алдында өзін неге айыпты сезінді? 

Әлихан ата тегі Шыңғыс ханның  үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда Әлихан дүниеге келген. Ұлтының тарихын зерттей келе  әйгілі энциклопедист ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы,  алты алаштың бірлігінің болмауы, соның салдарынан тәуелсіздігінен айырылуының ең басты сыры – бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіндегі ру-жүздерді біріктіре алмауы екенін біледі. «Бұрынғының көбі, күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді» – деп жазды Әлихан Нұрмұхамедұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ тарихы» мақаласында. Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін ғұмыр кешкен, өзіндік салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп жіберген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» – деп жазды. Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды.

Өзінің тарихи зерттеулерінен соң жасаған Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ә. Бөкейхановтың тағы бір саяси маңызды тұжырымы – қарулы күрес арқылы қуатты орыс империясының отарлық шырмауынан құтылып, ұлттық мемлекетті қалпына келтіру іс жүзінде де, теория тұрғысынан дұрыс та, мүмкін де емес. Қалың қазақты өзін өзі билеу құқына да, одан соң толық ұлттық тәуелсіздікке де қайта қол жеткізетін жалғыз жол, Алаш қозғалысы жетекшісінің көзқарасы бойынша, заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастыру және қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жетелеп жеткізу болды.

Ғылымның әр саласын меңгерген ғалым  

XIX ғасырдың соңында Омбы орман шаруашылығы училищесінде оқытушылық қызмет атқарып, ғылыми жұмыстармен айналысқал ол 1896 жылы көрнекті ғалымдардың кепілдемесімен Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің толық мүшесі болып сайланған. Әлихан «Ресей. Жалпы географиялық сипаттама» атты көп томдық еңбектің қазақ даласына арналған 18 томына автор ретінде қатынасқан. Ол ғылыми жұмыспен қатар қоғамдық-әлеуметтік саяси қызметтерге де белсене араласа бастайды. 1904 жылы қазақ даласына қоныс аудару қозғалысын даярлап берген Ф.А. Шербина экспедициясының құрамында болды. 1911-14 жж. Әлихан Бөкейхан «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысты.  Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері осындай көп еңбектенудің арқасында өз ұлты туралы көп нәрсеге көзі жетеді.

Алашорда автономиялы үкіметінің тұңғыш төрағасы сол кездегі Алаш зиялылары сияқты әр саланың білгірі. Ресми түрде атайтын болсақ – ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға. 

Әлихан бүгінгі қазақ қоғамына несімен қадірлі?

«Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр», – дейді белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай. Ол идеялар мыналар:

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Ал бұл идеялардың ұйтқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят сені мен Махатма Гандиі – Әлихан Бөкейханов болатын.

Сондықтан, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханов мұраларын зерделеу болашақ ұрпақтың әрдайым назарында болуы керек.

Бейсен Сұлтан

ҚазАқпарат

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА