07.11.2024

Ерлан Идельбаев. АРМАНЫМ-ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕМДІК УНИВЕРСИТЕТ АШУ

Жайсаң.кз блогтұғыры шетелде оқып жатқан «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендианттарымен сұхбаттар желісін бастайды. Алғашқы кейіпкерім АҚШ-тың Калифорния штаты Сан Диего қаласындағы Калифорния университетінің магистранты  Ерлан Идельбаев. Ерлан University California of San Diego оқу орнында  компьютер ғылымын оқып жүр. Қазір 2-курста. Арманы – Қазақстанда әлемдік деңгейдегі университет ашу.

Ерлан, өзің туралы қысқаша мәлімет берсең?  

– Алматы қаласында туып өстім.  Бала-бақшада зерек болғандықтан, мектепті 2-сыныптан бірден бастадым. 4 – сыныпты бітіргеннен соң, 3 ай жазғы демалыста 5 – сыныптың бағдарламасын өзімше оқып, 6 –классқа бірден секірдім. Алматыдағы әйгілі физмат мектебін бітірдім. Яғни, мектепті  өзімнің құрдастарымнан 2 жыл бұрын тәмәмдап, сол жылы жаңадан ашылған «Алматы халықаралық ақпараттық технологиялар» университетіне оқуға түстім. Осы университетке түсерде ағылшын тілінің емтиханында 30 сұрақтың 3-не ғана жауап беріппін… Университетті бітіргенше ағылшын тілін жақсы меңгеріп шықтым.

– Ағылшын тілін қалай үйрендің? Әдісіңмен бөліссең.

– Біраз тер төгуге тура келді. Университетте оқып жүргенде тек қана ағылшын тілінде кинолар көрдім. Оқулықтарды тек ағылшын тілінде ғана оқимын деп өзіме міндет қойдым. Нәтижесінде кейін «Болашақ» бағдарламасына  құжат тапсырғанда  IELTS емтиханынан 7 балл алдым. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасы маған тіл курсын тағайындамады. Бірақ, менің ағылшынша сөйлеуім мен жазуым академиялық оқуды бірден бастауға жеткіліксіз дәрежеде деп есептедім. Сол уақытта анам бірнеше жыл бойы көлік алсын деп 7000$ жинағаны белгілі болды. Көлік алар деп жинаған  анамның ақшасына Америкада тіл курсын оқуды жөн көрдім.

– Өз қаражатыңмен АҚШ –та тіл курсын оқу кезінде қиындықтар болған шығар? 7 мың доллар Америкада көп ақша емес қой.

– Мені «Болашақ» бағдарламасымен тіл курсын оқитын екі досым Калифорнияның Дэвис қаласына шақырды. Достарымның жалдамалы пәтерінде тегін тұрдым. Тек оқу ақысы мен тамағыма ғана ақша шығардым. Маған сол екі досымның көмегі көп тиді.

– Магистратураға тапсырғанда қандай университеттерді таңдадың және мамандығың жайлы айтсаң?

– Мамандығым компьютер ғылымдары ішінде «Жасанды интеллект». Яғни, адам сияқты ойлай алатын машиналар жасау. Бұл біздің елге өте қажет мамандық. Құжаттарымды тапсырғанна кейін Америкадағы екі уинверситеттен шақырту алдым. Міне, қазір таңдаған мамандығым бойынша Сан Диего қаласындағы Калифорния университетінде оқып жатырмын.

– Енді АҚШ-тағы  магистратура бағдарламасын оқудағы ерекшелікке  тоқталып кетсең?

– АҚШ-та магистратураны оқу негізі өте қиын. Оның 1-2 себебін айтайын. Мысалы, Қазақстандағы оқытушылардың студенттерге қоятын талабы өте төмен деп ойлаймын. Студенттерге берген үй тапсырмасын тексеру деңгейі төмен. Ал АҚШ-та сенің үй тапсырмаңды ғана емес, нені қалай түсінгеніңді тексереді. Кез-келген идеяға сыни тұрғыдан қарауға үйретеді. Тағы бір қиын болғаны, білместікпен 1-ші семестрде 3 бірдей өте қиын пәнді алып қойыппын. Соның салдарынан магистартураға түскен алғашқы семестр өте ауыр соқты. Бір сөзбен айтқанда тәуіліктің бүкіл уақытын кітапханада өткізуге тура келді. Магистратураға түсетін студенттерге берер кеңесім, пәндерді таңдағанда эдвайзеріңізбен ақылдасыңыз.Әр семестрде өте қиын және жеңілдеу пәндерді таңдап, оқудағы ауырпалықты тең ұстау қажет. Бұл үлгеріміңіз үшін өте маңызды.

– Магистратураның 1 курсын бітіргеннен соң  жазғы демалыста университет зертханасында тағылымдамадан өттің. Сені көптің ішінен қалай таңдап алды?

– Мұнда тағылымдамадан өтудің маңызы өте зор. Өйткені жыл бойы алған біліміңді тәжірибе жүзінде қалай іске асыратыныңды көрсетеді. Онымен қоса саған ақша төленеді. Бұл студенттер үшін жақсы қосымша табыс көзі. Себебі осы 3 айлық тағылымдаманың қаржысына 1 жылдық оқу ақысын төлеуге мүмкіндік аласыз. Жалпы, осындай зертханаларда жұмыс істеудің тағы бір артықшылығы – өз зерттеу жұмысыңның нәтижесін көресің. Мысалы, мен жұмыс істеген уақытта Стэнфорд университетінің профессоры 1970 жылдан бастап жүргізілген зерттеудің нәтижесін айтты. Оның айтуынша кейбір ауруханаларда бүкіл тіркеу, диагноз қою т.б жұмыстар қағаз- қаламмен жүргізілген. Ал, басқа ауруханада бұл жұмыстар электрондық форматқа өткен. Нәтижесінде, электрондық форматта жұмыс істейтін ауруханалардағы балалар өлімі 3 есеге азайған. Осындай мәліметтерді біле алу проблемаларды нақты шешуге көмектеседі.

– Тағылымдама барысында өзің қандай жоба бойынша  жұмыс істедің?

– Мен университеттегі биология – медицина – ақпараттандыру департаментінде жұмыс істедім. Менің міндетім ауруханалардағы барлық дәрігерлердің қойған диагноздарын түсінікті бір тілге келтіру болды. Яғни, диагноздардың текстін стандарттау. Бұл дегеніңіз бір мемлекеттің екі шетіндегі дәрігерлердің бір-бірін оңай түсінісуіне мүмкіндік жасау. Қойылған диагноздарды  автоматтандыру әдісімен ортақ статистиканы жақсартумен айналыстым. Маған бұл тағыламдама көп тәжірибе жинауға септігін тигізді.

– Сен қазірдің өзінде профессордың ассистенті ретінде қосымша жұмыс істеп жүрсің? Бұл жұмысқа қалай қол жеткіздің?

– Мұнда профессордың көмекшісі болу – студенттің  артықшылығы болып есептеледі. Сол үшін саған ақша төлейді. Менің міндетіме студенттердің үй жұмысын тексеру кіреді. АҚШ  университеттерінің профессорларында 1 немесе 2 көмекші болады. Осылай студенттердің үй тапсырмасы тиянақты түрде тексеріледі. Егер студент үй тапсырмасын жасау барысында түсінбеген сұрақтары болса, көмекшілері қосымша түсіндіріп, қандай кітаптарды оқу керектігі айтады. Мен ассистент болу үшін 2 рет құжат тапсырып, әрең өттім. Себебі мұндай жұмысқа сабақты өте жақсы оқитын және студентке пәнді дұрыс түсіндіре алатын студенттерді таңдайды. Негізі мұндағы профессорлардың жұмысы оқытушылық емес, ғылыммен айналысу. Яғни студенттердің жекелеген сұрақтарына жауап беруге уақыттары жоқ. Ал біздің елде мұндай жұмыстардың көбісін профессордың өзі атқарғандықтан оқу сапасында көп кемшілік болып жатады.

– Америкада оқуыңды бітірген соң  алған білімің мен тәжірибеңді елде қолданысқа енгізуге мүмкіндік бар ма?

– Қазір Қазақстанда менің мамандығым «Жасанды интеллект» негізінде бір ғана компания жұмыс істеп жатыр екен. Елге барғанда бір мақсатым ол – Қазақстандағы университеттердің бірінде жасанды интеллект зертханасын ашу. Жасанды интеллектің біздің елде қай салада болмасын маңызы өте зор деп білемін. Қазіргі таңда АҚШ-та табыс көзіне айналған осы мамандық болып отыр. Бұл саланы бізде де бизнеске енгізіп, көп жетістікке жетуге болады.

-Рахмет! Білім іздеген замандастарымыз үшін пайдалы сұхбат болды деп ойлаймын.   

Әңгімелескен Данияр Зиябекұлы.

jaisan.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА