07.11.2024

2018 жылдан бастап барлық мектептерде үш тілде оқыту басталады.

2018 жылдан бастап барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде оқытылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ вице-министрі Тақир Балықбаев мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018-2019 оқу жылынан бастап, барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы» орыс тілінде және бірқатар пәндер ағылшын тілінде оқытылады деп жоспарлап отырмыз. Олар: информатика, химия, биология және физика пәндері», – деп түсіндірді Т.Балықбаев.

Сонымен қатар елдегі мектептерде ағылшын тілін оқыту сағаттары кезең-кезеңімен ұлғайтылады.

«Бізде бірнеше жыл бұрын ағылшын тілін бірінші сыныптардан бастап оқыту енгізілген болатын. Биылдан бастап, біз ағылшын тілін оқыту сағаттарын аптасына 1-ден 2 сағатқа дейін көбейттік. Біздің мақсатымыз – балалардың бастауыш сыныптардан бастап ағылшын тілінде сөйлесудің бастапқы деңгейін меңгеруін қамтамасыз ету. Оның үстіне 2018-2019 оқу жылында Қазақстанда үш тілді оқыту моделі енгізілгеннен кейін, бірқатар пәндерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытылады», – деді вице-министр. 

«Бастапқыда ілкі жоба ретінде үш тілді оқыту 33 мектепке енгізілген болатын. Бүгінде 117 мектепте оқушыларды үш тілде оқыту жүйесі бар. Бұл шамамен 63 мың оқушы», – деп атап өтті ол. – Әрине, бұл мектептерде қазақ, орыс және ағылшын тілдері терең оқытылады. Сонымен қатар жаратылыстану ғылымдарының бірқатар пәндері ағылшын тілінде беріледі».

Оның айтуынша, бүгінде 42 жоғары оқу орнында тек ағылшын тілінде оқытатын бөлімдер бар.

«Қазіргі уақытта 7 900-ден астам адам үш тілді білім алып шықты. Сонымен бірге қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген профессорлық-оқытушылық құрам жасақталған», – деп түйді сөзін Т.Балықбаев.

Министрліктің мәлімдеуінше, 2015 жылдың қараша айында Қазақстанда үш тілді білім беру жүйесін дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. 

«Біз қазір ағылшын тілін енгізуді межелеп отырмыз, көрші Ресейде 2021 жылдан бастап ағылшын тілінен міндетті түрде емхтихан тапсырылатын пәндерге қоспақшы. Сондықтан бізде міндетті түрде тапсырылуы тиіс пәндердің қатарына ағылшын тілін де қосуымыз әбден мүмкін. Осы орайда, біз Ұлттық бірыңғай тестілеуді реформалау бойынша жұмыстарды бастамақпыз. Оның нұсқасы қандай болады, қалай іске асырылады, оны түбегейлі анықтағаннан кейін халыққа егжей-тегжейлі айтатын боламыз», – деп атап өтті вице-министр.

Оның айтуынша, ҰБТ сұрақтарының бағыты мен мазмұны да біршама өзгереді.

«Мұнда бірнеше бағыттар бар, біріншіден, біз фактілерден логикалық сұрақтарға көп басымдық беретін шығармыз. Демек, түлектердің ойлау қабілетін бағалауға болады. Оған біздің енгізіп жатқан арнайы тапсырмалар бар», – деді Тақир Балықбаев. 

 Жасұлан Жолдыбаев

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА