22.11.2024

Сәкеннің балалық шағы

Өткен тарихты жаңғыртып,  қойнауына үңілетін болсақ бүгінгі Тәуелсіздікті аңсаған қаншама аяулы азаматтарымыздың есімімен таныс боламыз.  Аумалы – төкпелі қиын кезеңдерді бастан кешіріп,  ұлтым деп шырылдап, халқым деп қабырғасы қайысқан, тілім, дінім, ұлттық болысым деп белін бекем байлаған сол асыл тұлғаларымыздың  күткені де осы күн еді –ау! оларға бұйырмаған бақ бізге бұйырды. Бірақ,  осы асыл  құндылығымызды бағалай алып жүрміз бе? Саналы бастың ойланатын сұрағы әрине.  Бүгінгі жас ұрпақтарға қандай тағылымдар үйретіп жүрміз.  Біздің қоғам қандай бағытта жылжып барады. Ұлттық бітім, халықтық болмыстан айырылып қалмау үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек?! Бүгінгі  қоғамдағы болып жатқан түрлі-түсті реформалар  онсызда саналы жанның басына күдік ұялата бастаған жоқ па?! Сондықтан біз не істей аламыз? Ол үшін жаңа үрдіспен, заман ағысынан тыс қалмай,  ілесе отырып өткен тарихымызды ұрпақтар  жадында жаңғырту.

Осы орайда айта кететін бір жәйіт Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мұражай ұжымы қаладағы  мектеп оқушыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді. Мұндағы мақсат кеше Қазақ өз атынан айырылып, Қырғыз атанып жүргенде ұлтымыздың өз атымен аталуын талап етіп, бел шешіп іске кіріскен С.Сейфуллиннің еңбегін насихаттау. Ақындығы мен азаматтығы бір төбе асыл азаматымызды ардақтау.  Ендеше С.Сейфуллин кім еді? біле жүрейік жас достар! Мен осы мақала да тек ақынның балалық шағы туралы ғана тқталамын.

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы қазан айының 25 – жұлдызында бұрынғы Ақмола облысы Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі ҚАРАҒАНДЫ  облысы, Шет ауданы Қарашілік қыстағында) туған. Ақынның туған жері – сарыарқаның сағымды даласы, мөлдір сулары, толқыған Нұра, Есіл өзендерінің бойы, алыстан көз тартқан Аба, Ор тауларының бауыры.   Жаз болса  жайлау рахатын көріп, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаса, ал  қыстың боранды ұзақ түндерінде қиял-ғажайып, ерлік оқиғаларға толы батырлар жырын тыңдап, мың түрлі сырмен адам жүрегін елжіретер ән, күй тыңдаған,  қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған  алтын бесік, ыстық ұясы.

Сәкеннің есімі аталған жерде ақынның туған жерінің тәбиғатынан  тыс туған жерінің тарихы да сөз болалы. Енді Өспен селолық округі туралы дерек көзін айтатын болсақ: халқының  саны  2005 жылғы дерек бойынша 2,3 мың адам. Округтің орталығы – Өспен елді мекені Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюулыдан батысқа қарай 110 км, Қарағанды қаласынан оңтүстікке қарай 200 км жерде орналасқан.

Іргесі орыс көпесі Н.Ушаков ашқан мыс кен орнының негізінде 1847 жылы қаланған. XIX  ғасырда Нілді болысының, кейіннен Нілді жіне басқа болыстар біріктіріліп, Асанғайғы болысы ұйымдастырылған кезде осы болыстың орталығы болды. Асанғайғы болысының негізінде 1928 жылы Асанғайғы ауданы құрылып, 1929 жылы  С.Сейфуллиннің ұсынысымен Жаңаарқа ауданы болып қайта құрылады.

Ғасыр тоғысындағы Сәкеннің балалқ кезеңі қиын-қыстау кезеңде өтті. Табиғаттың дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қыр мұрынды, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас деген есімінің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен.
Сөзге шешен, домбырашы, саятшы, аңшы Сейфолланың көп істері, әрекет, қимылы, мінез қалыбы болашақ ақынның өр, қайсар, әділ болып өсуіне әсер етеді. Еркелікті білмейтін, орынсыз күлкіге, жылауға жоқ тұрымтайдай бала шешесі Жамалдың ертегілерін тыңдаудан жалықпайды.  Ол үйде жүріп әкесінен, Ауыл молдасы Ағашаяқтан (шын есімі Бармұханбет) тілін сындырып, арабша хат танып, қисса-хикаяны өзі оқи алатын деңгейге жетеді. Кейін әкесі  Сәкенді «Орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен», – деп Нілді зауытына жібереді. (1906-1908 жж) Сондағы бір танысының үйінде жатқызып, бастауыш мектепте оқытады.

Жастай  ауылдан кетіп, Кенішке келген Сәкен бір орыстың сиырын бағып, пешке тас көмір жағып, су әкеп, әр түрлі жұмыстар істей жүріп, әуелі сол үйдің кемпірінен бір жыл орысша тіл үйреніп, екі жыл зауыт мектебінде оқиды. Кеше ата-ана алақанына салған бақытты бала, бүгін кісі есігінде. Ауылда  болса, кешке кеш жатып, кеш оянған ұйқыдағы жайбарақат тірлігі ұмыт болған. бүгін түтіні аспанға шаншылған зауыт, балғаларды дүрсілдете соғып, көк темірді сағызша илеген ұсталар мен  жұмысшылардың арасында.

Жеті қат жер астындағы шыңырауға түсіп, көздері ғана жылтырап, шаршап-шалдығып шахтадан шығып келе жатқан кеншілер, сан алуан машиналарды жүргізіп, тас қопарып жатқан жұмысшылар, жатақ үйлер, ауыр тұрмыс, тартысты өмір суреттері алғыр, зерек, есті бала жүрегіне ыза, намыс, кек болып байланды. Кейін олар ақынның көптеген шығармаларына арқау болады.  осындай қым-қуыт тіршіліктің ортасында жүріп Сәкеннің ой, танымы дами түседі.

Сәкеннің жан-жақты білім алуы, азаматтық-әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуы, шығармашылық қадамының басталуы оның 1908-1913 жылдары Ақмолада приходская школада, қалалық училищеде, 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарымен тығыз байланысты. Сол оқып жүрген 1913 жылы Омбыда құрылған қазақ жастарының «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымына Шәймерден Әлжанов, Мағжан Жұмабаев қатарлы оқығандар мен бірлесіп,  қоғамдық қимылдарға белсене атсалысады. 1914 жылы жиырма жастағы семинарист Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шығады.  1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі кезінде де ел аралап, халықтың жәй-күйімен таныс болады.. осы реткі қара халықтың тартқан азабы мен аянышты тағдыры сұңқар азаматты мықтап саяси жолға түсуге жетектеп әкеткен еді…

М.Қойшыбайұлы

С.Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА