22.11.2024

Ауыл ұстазынан Астана ұстазына хат

Қайырлы күн, Аятжан! Білім саласында болып жатқан әрбір жаңалықтардан «ҚАЗБІЛІМ» сайты арқылы хабардар болып отырамын.
Жаңа оқу жылынан бастап білім беру саласында біраз жаңалықтар іске асырылмақ көрінеді. Ауылда тұрып жатсақта бұл өзгерістер бізді бей-жай қалдырмақ емес. Сондықтан өзіңмен ой бөлсуді жөн санап хат жолдап отырмын. Бірінші. Бес күндік оқу жүйесіне көшу; Екінші. Біріккен мектеп формасын енгізу; Үшінші. «Үш тұғырлы тіл» саясатын іске асырудың алғашқы қадамы жасалмақ.
Алғашқы екеуін біртіндеп іске асыру мүмкіндіктерін дұрыс қарыстырса құба-құп. Қолдау тауып кетуі мүмкін. Білім министрінің бұл туралы бұйрығы шығып кеткендіктен талқылауға салмаймыз, іске асырамыз деп аудан, облыс деңгейіндегі білім басшылары белсенділік танытуда.
image (4)Министрдің қабылдауында болдың. Бұл туралы ой бөліскен шығар? Ұсыныстарыңды жазып жібер дегендіктен, көп ойларды ортаға тастаған шығарсың?
Ал мені толғандырып жүрген мәселе үшіншісі. Өздерінің түсіндіруінше, он-он бес жыл бұрын бұл істі бастап, Назарбаев зияткерлік мектептерінде, ҚТЛ, Назарбаев Университетінде іс-тәжірибеден өткізген көрінеді. Өте сәтті аяқталғаны сонша бүгін бұл мектептерде балаларын оқытуға тілек білдіруші ата-аналар өте көп және оқығысы келетін оқушылар симай жатқан сыңайлы. Дұрыс-ақ.
Дәл барлық жерлерде, алыс-шалғай ауылдық елді мекендерінде де осындай жағдай болса қолдау керек. Өйткені өркениетке ұмтылу, әлемдік деңгейде білім беру, одан қалыс қалмай бәсекеге түсу бүгінгі күн талабы …
Ол мектептерде жұмыс жасайтын мұғалімдер мен оқитын оқушылардың деңгейін ауыл мектебімен салыстыру мүмкін емес. Және оқу материалдық базасы жер мен көктей. Сондықтан дәл осы жағдайға Астана мектептері дайын болса дайын шығар. Ол жағын өзің араласып жүргендіктен хал-жағдайларының толық қалай екендігін өзің жазарсың. Және іске асыру тетіктері туралы толық ақпаратың бар болса ортаға саларсың.
Ал ауыл мектептері мен көзіміз көріп жүрген аудан, облыстық жалпы білім беретін мектептерін дайын деп мен айта алмаймын.
Сондықтан өз басым мұны қолдап отырған жоқпын. НЕГЕ?
Біріншіден, біз тілдік тұрғыдан бұған дайын емеспіз. Қазақ тілін күні бүгінге дейін мемлекеттк тіл деңгейіне көтере алған жоқпыз. Ең басты фактор осы болу керек.
Елбасының 2011 жылғы Қазақстан Халықына жолдауында: « 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады», – деген. Бұл қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтеру үшін қойған үлкен мақсат болатын. Бірақ Елбасы айтады, ал төмендегілер оны іске асыруда салғырттық танытады. Біз ең алдымен осы саясатты толық іске асырумыз керек еді. Қоғам толық мемлекеттік тілде сөйлегеннен кейін келесі жобаны, бүгінгі «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын алға қойғаны дұрыс еді. Ал бұл жобаны бүгін қолға алсақ ешқашан қазақ тілі «атқа мінбейді». Бүгінге дейін орыс тілінің қағажауынан құтыла алмаған қазақ тілі, енді орыс тілі мен ағылшын тілінің көлеңкесінде қалады. Көлеңкесі болып еріп жүрсе қайта жақсы ғой. Көлеңке көмілмейді. Ал бұл жолы қазақ тілін бір жолата жерлейміз десек те болады.
Ал министр өз сөзінде: «Атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында 2020 жылға қарай Қазақстанның барша халқы, яғни тек қазақтар ғана емес, сонымен қатар барша тұрғындары қазақ тілін түсініп, сөйлей алуы тиіс», – деп атап өтіпті. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын көріп жүрген жоқпын. Жылдан-жылға орыс тілінің күші басым түсіп барады. Оған бір ғана дәлел келтірейін. Қазақ мектептерінің мұғалімдері аттестатциядан өткен кезде барлық құжаттарын тек мемлекеттік тілде тапсырып келсек, былтырдан бері өтініш, аттестатция парағын екі тілде толтыруды талап етіп жүр. Бұл «бір қадам алға бассақ, екі қадам кейін кеткеннің» белгісі. Сондықтан қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейне көтеріп алмайынша, бұл саясатты қолдауға болмайды.
Екіншіден, «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын іске асырудың іс-тәжірибе дайындық жұмыстары теріс жүргізілген деп ойлаймын.
Өкімет неден бастау керек еді? Оны Назарбаев зияткерлік мектептерінде, ҚТЛ, Назарбаев Университеттерінде емес, он-он бес жыл бұрын ағылшын тілін меңгертуді барлық жоғарғы оқу орындарынан, колледждерден, әсіресе мұғалімдік мамандық дайындайтын оқу орындарынан бастау керек еді. Ол үшін мұғалім мамандығына бейім үздік оқушыларды іріктеп алуға, олардың тегін оқуына жағдай жасап қолдау көрсету керектін. Өйткені, бүгінгі мұғалімдердің деңгейі бұл жобаны іске асыруға дайын емес. Мұғалімді дұрыс дайындап алмайынша ешбір жоба дұрыс іске аспайды. Мұғалім мамандығын дайындайтын жоғарғы оқу орындарының кадр және материалдық база мәселесін, Назарбаев Университетіндегідей мемлекеттік деңгейде ұйымдастыруды о баста қолға алу керектін. Мұғалім мамандығын дайындайтын жеке меншік оқу орындарына рұқсат берілмеу керек еді.
Ары қарай ауылдық мектептерге барып жұмыс жасайтын мұғалімдердің жалақысы, әлеуметтік мәселелерін жан-жақты ойластыру, осының бәрін рет-ретімен іске асыратын мемлекеттік бағдарлама дұрыс құрылған болса бүгінгі таңда мәселені тағы басқа қырынан қарауға болар еді. Менің ойымша,
– Бұл дұрыс емес, – деп жай айтқаннан гөр нақты дәлел, іске асру ой-пікірді ортаға салған жөн сияқты.
Қазақ атам: «Асыққан – шайтанның ісі», – демеуші ме еді. Мұны шайтанның ісі демесіңе лажың жоқ.

Сәлеммен ауыл мұғалімі Ануарбек Талғаттан.

Ақмола облысы
Атбасар ауданы
Мариновка аулы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА