22.11.2024

Аятжан Ахметжан. Ұстаздарды «періште» дей алмаймын

Ұстаз, «Kazbilim.kz» сайтының редакторы 

  • «Ұстаз – келер күннің ұстасы» дейді дана халқымыз. Кейінгі кездерде осы ұсталарымыз ұстанымынан ажырап бара жатқан жоқ па?! Әлеуметтік желі мен жаңалықтарда қаптаған мұғалімдерге қатысты дау – дамайларға не айтасыз?!
  • Кез келген қоғамда, оның ішінде осы ХХІ ғасырда ең өтімді мәселе – танымалдылық пен PR болып тұр. Ал ұстаздардың атының жаман жағынан танылуы қоғамға өте ауыр. Бір мысал айта кетейін: бір апай өзіне көмектескен бір балаға: «Рахмет, балам, мұғалім бол», – десе, оқушы тұрып: «Апай, өтініш, қарғамаңызшы»,- деп айтқан екен. Қоғам болып «ұстаз» атын қарғыс деңгейіне жеткізіп алып, одан кейін олардан бедел сұрау ұят. Оларды жамандамай тұрып, ұстаздарды әлеуметтік топтың ең төменгі сатысынан емес, ең жоғарғы сатысынан көру керек. Бұл жердегі ең бірінші кінәлі топ – журналистер. Себебі, бізде кез келген істің қара жағын көрсету басымырақ. Бір мұғалім оқушыны ұрып қойса, жаппай телеарналардан көрсетеміз де, ал енді республикалық, халықаралық деңгейде жеңімпаз шәкірттер дайындап жүрген ұстаздарды көрсету өте кемшін. Өздеріңіз білесіздер, халықаралық деңгейдегі боксшы немесе балуан тәрбиелеген бапкерді барша Қазақстан таниды және оларға Үкіметтен бөлініп жатқан қаржы да көп. Сондай – ақ, халықаралық шоуларға қатысып жүрген әнші, әртістердің табысы да өте жоғары. Бұл менің қызғанғаным емес. Ең қатты күйінетінім, пәндік олимпиададан халықаралық чемпиондарды шығарған ұстаздарды бүкіл Қазақстан демей, тым болмаса, бір қала тани ма?! Аллаға шүкір, елімізде үздік оқушылар жоқ емес. Мысалы, дүниежүзілік химия олимпиадасынан екі мәрте алтын алған тараздық Қайрат Әшім деген баламыз бар. Ол қазір Америкада оқып жатыр. Астаналық Аманжол Әзім деген шәкіртіміз бір рет алтын, бір рет қола алып келді. Санай берсек, барлық пәндерден халықаралық деңгейде жеңімпаз болып жүрген оқушылар бар. Ал, осы балалардың ұстаздары туралы неге жарқыратып бермеске?! Сол кезде ғана мектеп партасында отырып әнші болғысы келуді армандайтын үздік оқушылар «мен де ұстаз болып, маңдайым жарқырап жүрер ме екем?!» деп ойланар еді. Қазір кім мұғалім болады десе, ҰБТ – дан төмен балл жинап, басқа мамандықтың грантын иелене алмаған оқушылар ғана осы салаға келеді. Осындай жолмен мамандар қатары толығып отырғанда ұстаздардан бедел сұрау ұят тірлік. Шындығын айтқанда, жақсы ұстаздың алдына жаман оқулықты тастасаң да, жақсы білім береді. Ал өзі беске оқымаған адам ешкімді беске оқытпайды. Өзі табысқа жетпеген адам, табысқа жететін шәкірт тәрбиелемейді. Егер осындай деңгейде жалғаса беретін болса, мұндай шулардың қатары алдағы жылдары әбден артуы мүмкін. Екіншіден, жоғарыда атап кеткенімдей, ұстаздарды ақпараттық қана емес, экономикалық салада да қолдау жетіспейді. Халықаралық, республикалық деңгейде жеңімпаз болған оқушылардың ұстазына мемлекеттен көмек көрсетілуі керек. Кез келген мектептегі сапалы мұғалімдердің орта жасы қазір 50 – ден асты. Міне, осы топ зейнетке кеткен кезде біз ұстаздардан үлкен зардап шегеміз. Сондықтан ұрпағымызды ойласақ, ұстаз беделін қалыптастыра алуымыз қажет.
  • Сонда мемлекеттік деңгейде ұстаздарға ешқандай сыйақы дайындалмаған ба?!
  • Қаттырақ айтсам, жиырма теңгелік бір қағаз. Оны мәртебе санай алмайсың. Мемлекет ұстаздарға лайықты сыйақы дайындауы қажет. Оның кемшілігі де бар, бәрі ақшаға жұмыс істеп кетеді. Бірақ бір пайыз болса да, пайдасы тиеді. Біз осындай тәуекелге баруға мұқтажбыз. Ұстаздардың әлеуметтік жағынан нашар қамтамасыз етілетіні белгілі. Кез келген адам өзінің мәселесін бірінші ойлап отыратыны рас. Пәтерге, тамаққа жетпейтін ақшаны қалай бөлем деп алаңдап жүргенде, оқушыны оқыту мәселесі екінші орынға кетеді. Оларды үймен немесе кезегін тезірек келтірумен қолдау қажет. Сонда ғана олар шығармашылық жұмыс жасауға талпынады. Шыны керек, қазір мектептегі жай кіріп – шығып жүрген мұғалімнің деңгейі мен шәкірттері жетістікке жетіп жүрген ұстаздардың деңгейі бірдей. Екеуі де ұстаз. Екеуінің алатыны да бір айлық. Осындай кезде кім басын ауыртқысы келеді?! Бәріне де жай ғана кіріп – шығып, айлығын алған жақсы. Бұл жайбарақаттылық білім саласының түбіне жетеді.
  • Ұстаз болғандықтан, шәкірттерді бәйгелерге баптап жүрсіз. Өзіңіз білім алған Қытай жері және өзге де шетелдермен салыстырғанда, қазақ балаларының артықшылығы неден көрінеді?
  • Қазақ балаларының логикалық басымдылығы өзге ұлттың балаларынан кемінде 40 – 50 % жоғары. Егер халықаралық IQ тесттен тексеретін болсақ, бірінші сыныпқа кірген қазақ баласының деңгейі өзге шетелдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болады. Бұл біздің ең үлкен мүмкіндігіміз. Бірақ, біз бұл мүмкіндікті ұстай алмай келеміз. Біздің бірінші сыныпқа кірген балалардың деңгейі өзгелерден жоғары болатын болса, сегізінші сыныпқа келгенде, керісінше, төмендеп кетеді. Бұл нәрсеге кінәлілер өте көп. Біріншіден, оқулықтардың жүйесі. Қазақта «айрандыұйытқың келмесе, сапыра бер, сапыра бер» деген сөз бар. Білім саласы да осылай, қайта – қайта реформалай береді. 11 жыл мектепте оқыған бала кем дегенде бес реформаға ұшырайды. Ал ол баланың тікелей түбіне жетеді. Екіншіден, дарынды балаларға арналған бағдарламамыз кем. Дарынды балаларға арналған мектептер бар, бірақ олардан шығып жатқан шәкірттер қайда жүр деген статистика жоқ. Нақты жауапты ешкім бере алмайды. Егер тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық деңгейде жеңімпаз болған қазақ балалары қайда жүр десек, олардың жартысы шетелде жұмыс істейді. Демек, біз өз артықшылығымыздан пайда таба алмай келеміз. Мысалы, қазақ – түрік лицейлерінде білім алған балалар Түркияда қызмет етеді. Үшіншіден, ұстаздардың салақтығы. Жоғарыдағы айтып өткен себептерге байланысты ұстаздар да оқушы біліміне салақ қарайды. Сол себепті, сегізінші сыныпқа дейін логикалық сана төмендеп кетеді.
  • Өзіңіз айтып өткен бірінші сыныпқа баратын балалардың IQ – ы туралы ресми статистикалық мәлімет бар ма?
  • Нақты мәлімет жоқ. Неліктен?! Себебі, Қазақстандағы білім саласы туралы жазатын журналистердің саны онға да жетіспейді. Спорт журналистикасы сияқты білім журналистикасы да салалық деңгейде дамитын болса, осы саланың үтір – нүктесін білетін журналистер қалыптасар еді. Қазіргі кезде ақпарат тек студенттер мен жоғары оқу орындары туралы беріледі. Ал мектептегі баланың қабілеті туралы жазатын журналистер аз. Сондықтан журналистер жаңа бағытта ізденуі керек. Бізде дарынды ұстаздар жетерлік. Бірақ олардың ақылын қолдана алмай келеміз. Шынын айтқанда, министрліктің өзінде білім саласының қыр – сырын жақсы білетін маман жоқ. Сол үшін министрлікке таныс – білісті емес, мектепте жарқырап көрінген, осы саланы жақсы білетін адамдарды тарту керек. Ендігі бір мәселе, статистикалық мәліметтердегі пафостардың көптігі. Бзде шынайы ақпарат аз. Бұл білім саласындағы тәуелсіз бақылаудың жоқтығы. Жалғыз тәуелсіз бақылау бар, ол – ҰБТ. Бірақ, біз оның да қадірін кетірдік. Сондықтан бізге тәуелсіз бақылау қажет. Қарапайым ғана мысал айтайын, бүтін мектептің үздігін жинап алып, IQ тест немесе қандай да бір халықаралық нормадағы тест алатын болса, мектеп шынайы білім бере ме, бермей ме, анықталады. Тәуелсіз білім жүйесін бағалайтын зерттеу орталығы болу керек. Бұл бізге өте қатты жетіспейді. Үздікті мектеп шығарады, ал бағаны мұғалім қояды. Қандай бағаны қоятыны мұғалімнің арына байланысты дүние. Ұмытпауымыз керек, біз ардың мәселесіне мемлекеттік стандартпен қарап жүрміз.
  • Еліміздегі ұстаздардың жай – күйін ашық жазып, өздерінің сайлауларда қолбала, айлығын әртістердің концертіне жұмсауға мәжбүрлейтінін айтып, қысымға ұшыраған Айман Сағидуллаева ханымды жақтап, министрге хат жазған ұстаздардың бірісіз. Бұл іс қалай шешімін тапты? Жалпы, бұл оқиға қоғамның осы сынды ағысына өзгеріс әкеле алды ма?
  • Айманның мәселесі соңғы кезде әлеуметтік желіде ең көп талқыланған мәселенің бірі болды. Менің хатқа қол қойғаным да рас, оны жариялауға көмектескенім де рас. Осы хатта көрсетілген талаптардың ішінде менің көңіліме қонатыны да бар, қонбайтыны да бар. Ең алдымен ұстаз өзіне сұрақ қойып, содан кейін ғана өзгеден сұрауы керек. Кешірім өтінем, бірақ мұғалім өзі дайындаған шәкіртінің деңгейіне қарап, содан кейін ғана қоғамнан бірдеңе сұрау керек. Өйткені, кеңінен талқыланған осы мәселе ұстаз қадірін одан әрі түсіріп, қоғам алдында бейшара қылып көрсетіп жатыр. Ал өзімді сол бейшараның ішінде емеспін деп айтар едім. Бұл сөзімді жоғарыдан тапсырма алып айтып отыр дер, бірақ шындығы осы. Егер ұстаз өзіне сұрақ қойып, өз деңгейінің қаншалықты екенін дәлелдей алса, онымен орынбасарлар да санасуға міндетті, оған директор да әңгіме айтпайды. Сондықтан өз әріптестеріме айтарым, ең біріншіден, сауаттылықты арттыру керек. Айман ханымның үндеуінде қоғам алдына шықпай тұрып жеке шешілетін мәселелер бар. Ақпарат бергенде біз қоғамға тәрбие жағынан әсер етуіміз керек. Сол себепті, кей нәрсені бұқаралық ақпарат құралдарына жарияламаған дұрыс. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда оқушылардың жүктілігі артқаны туралы ақпарат жарияланды. Егер журналист қоғамды ойлайтын болса, оны әлеуметтік желіге емес, министрлікке жазу керек. Өйткені, біздің ақпаратты шетелдіктер көреді. Айман әріптесімнің батылдығын мойындаймын, ол көптің айтпай жүрген мәселесін айтты. Бұл мәселе айтылмай жүрген мәселе емес еді, бірақ осы жолы жоғары деңгейге көтерілді. Алайда, Айман ханым бұл жағдайды пайдалана отырып, салмақты дүниелер айту керек еді. Өйткені, бір мектепте болған іс немесе орынбасарлармен болған сағат бөлу мәселесі қоғамдық деңгейде талқылайтын мәселе емес. Бір ғана Айман ханым емес, сағат бөлу мәселесін мұғалімдер әлеуметтік желілерде жазып отырады. Бұл жерде ұстаздың өзі жүз пайыз білгір болса, мектептің өзі жалынып сағат береді. Директор қанша нашар болса да, мектептің нәтижесі бәрібір маңызды. Сондықтан сағатсыз қалу – ұстаздың өзінің ұяты.
  • Білім саласында кездесетін жемқорлық туралы барлығы біледі. Осы мәселе қаншама рет көтерілгенімен, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Не үшін қоғамдық санада «ақшамен ғана дипломға қол жеткіземіз» деген ой қалыптасқан? Бұған білім беру мекемелері басшылары мен ұстаздардың қандай да бір ықпалы бар ма?
  • Бізде бір қызықты парадокс бар. Жол полициясы қызметкерлері ақша алады деп олардың жалақысын жоғарылатты. Енді, осылардан екі есе төмен жалақы алатын мұғалімдер періште дей алмаймын. Амал жоқ, тұрмыстың тауқыметі неше түрліні жасатады. Білім саласындағы жемқорлық ең ауыр жемқорлық екенін мойындаймын. Бірақ, бізден басқа да жемқорлықтар бар. Мысалы, мектепке мұғалім қабылданған кезде оның біліміне емес, ақшасына қарайтын жағдайлар көп. Жұмысқа тұру бағасы бес жүз мың – бір миллионға барады дегенді естігенде мен жағамды ұстадым. Біз бағалайтын дүниенің барлығын қағазбен бағалаймыз. Өйткені, тәуелсіз бақылау ұстаздарға да жүрмейді. Үш жылда бір рет мектеп мұғалімдерін тестілеуден өткізу қажет. Егер, осы нәрсе әділетті түрде жүзеге асатын болса, одан шығатын картинаны көз алдыма келтіруден қорқамын. Себебі, қоғамда үлкен қопарылыс болуы мүмкін. Бір мысал келтірейін, өткен жылы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен тестке қатысып беруімді сұраған соң бардым. Сол жерде тестке қатысқан мұғалім саны сексеннен асты. Қорытындысында, 25 тесттен жоғары балл алған мұғалімнің саны 10 % – ға жетпей қалған кезде менің қарным ашты. Осының өзі әділетті, тәуелсіз бақылауды қажет етеді.
  • Өз тәжірибеңізде жақсы баға алу үшін таныстарын ортаға салып немесе көк қағазды ұсынған оқушылар кездесті ме?
  • Өмір болған соң бәрі болады. Ақшасын алып келген немесе таныстарын ортаға салған, былтыр магистратурада оқып жүргенімде өз ұстаздарыма қоңырау шалдырған оқушылар да болды. Оны жоққа шығара алмаймын. Өзім мінезділеу адаммын. Осы мінезіммен біраз нәрседен бас тартқаным рас, бірақ қойып бермедім дей алмаймын. Бұл бағаның бәрін шешетінін білдіреді. Егер бізде ҰБТ әділ өтіп, мектептегі баға ештеңеге жарамайтын болса, мұндай жағдай болмас еді. Бірақ мен баладан бұрын ата – анаға қапалымын. Ата – аналар баласының білімі үшін емес, бағасы үшін жүреді. Бес қойып берген мұғалім керемет мұғалім де, үш қойып берген ұстаз ең нашары болып қалады. Осындай кезде күйінгеннен: «баланың тәрбиесінен бұрын ата – ананың тәрбиесін бастау керек» деп айтамын.
  • Ұстаздардың жалақысын көтеру туралы ұсыныс жиі қозғалып жүр. Бұған жауап ретінде ҚР Премьер – министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев 2016 жылы 27 % көтерілетінін атап өтті. Сіздің ойыңызша, бұл ақпарат қаншалықты рас?
  • Бұл рас. Себебі, доллар бағамына қатысты өзгерістер болып жатыр. Тек қана ұстаздардың ғана емес, барлық сала мамандарының жалақысы жоғарылайды. Бұл қуанатындай дүние емес, өйткені, қазіргі экономикалық жағдайды бағамдасақ, алдағы екі – үш жылдықта қымбатшылық та аяқтан тартқалы тұр.
  • Өзіңіз редакторлық етіп отырған «Қазбілім» сайты жұмысын бастағанына бір жылдан енді асқан сияқты. Сайтты ашудағы басты мақсатыңыз қандай еді?
  • Осы кезге дейін әртүрлі ортада білім мәселелерін шамам келгенше көтердім. Кей сөзім далаға тас атқандай болса, кей сөзім жүзеге асты. Осылайша ойлана келіп, білім беруден тыс осы саланың ақпараттық жағын өз қолыма алғым келді. Сайтта осы саланың көкейкесті мәселелерін қозғап, жазып жүрмін. Қазір бастағаныма бір жарым жыл болды. «Қолыңа көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» дейді. Мен көтере алатын болған соң беліме байладым, бұдан әрі де көтере алатыныма сенімдімін. Өйткені, білім саласының бір пайыз болса да жақсарғаны мен үшін қуаныш. Ескертерім, бұл сайтта жалғыз өзім жұмыс істеп отырмын. Сондықтан мақсатым жайлап босла да, жүзеге асып келе жатыр. Сайтты ешкім қаржыландырмайды, сайт ешқандай мекемеге қарамайды. Қаржылық қолдауға зәру екенім рас және бұл мәселені шешетін мүдделі адамдар да келді. Алайда, өз мүддесін тықпалайтын адамдарға жоламаймын.
  • Білуімше, сайтқа ұстаздармен қатар оқушылар да, ата – аналар да өз пікірлерін, ойларын жариялай алады. Олардың даты мен тілегі жоғары жақтың құлағына жетіп жатыр ма? Сайтты бақылап, көмектесіп жүрген қандай азаматтар бар?
  • Мақалалар жазып, көмектесетін адамдар бар. Алдыңғы жылы сайттың жұмысын бастай сала, оқулық мәселесіне қатысты «Оқулық олқы болса, оқушы қайдан оңады?» деген мақаламды жарияладым. Мұны көрген кейбір ағаларымыз мәселені тікелей Бауыржан Байбектің назарына жіберді. Осының арқасныда «Нұр Отан» партиясының «Мирас» қорының қарамағында бір жарым ай бойы депутаттармен бірге оқулықтың сараптамасын толтырдық. Біз мәселені осындай деңгейге жеткіздік, борышымызды ақтадық, бірақ сараптамада кіргізген ойлардың көбісі қағазда жазылған күйінде ғана қалды. «Иә» деп кеткен азаматтарымыз уәдесінде тұрмады.
  • Білім саласына деген көзқарасыңыз бен жауапкершілігіңіздің өте жоғары екендігі байқалады. Еліміздегі білім беру сапасына қатысты көкейіңізде қалыптасқан ұсыныстар мен тілектер бар шығар?
  • Әрине, білім саласында шешімін табуға тиіс түйінді мәселелер бар. Ең бірінші мәселе, ұстаздың әлеуметтік жағдайы мен беделін көтеру. Бұл арқылы ұстаз жағдайы жақсарады, ол жақсарса, көп нәрсе сапаланады. Екіншіден, бағалау жүйесі. Мектептегі баланы үш түрлі бағамен бағалау – баланың тағдырымен ойнау. Бір сыныптағы оқушыны үш топқа ғана бөліп қарастыруға бомлайды. Бұл жерде университетте қолданылатын әлемдік стандартқа сай бағалауды алуға тиіспіз. Жүздік арқылы бағалау балалар арасындағы бәсекелестікті арттырып, құлшынысты қалыптастыра алады. Үшінші мәселе, бастауыш білім жүйесі. Бастауыш сыныпта барлық пәнді бір ғана мұғалім береді деген жүйе әлі өзгерген жоқ. Бұл жүйе ТМД – дағы сегіз – тоғыз мемлекетте ғана қалды. Не үшін қазақ – түрік лицейлері мен зияткерлік мектептер оқушыларды жетінші сыныптан бастап алады?! Себебі, ол мемлекеттерде бастауыш сынып алты сыныпқа созылады. Осы жердегі бір саясатқа қараңыз: ағылшын мен орыс тілін арнайы маманы береді, ал қалған қазақ тілді пәндерді бастауыштың педагогикасын оқыған адам береді. Бұл жерде ағылшын, орыс тілі бірінші сортты, ал қазақ тілі екінші сортты болып отыр. Сондықтан бастауыштық білім жүйесін халықаралық стандартқа салып, әр пәнді өз маманы беретін жүйеге көшіруіміз керек. Егер осы үш мәселені дұрыстаса, орта білім беру сапасы әлдеқайда жоғарылайтын еді.
  • Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Арайлым Әкім

«Парасат» журналы, 9, 2015

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА