Сарыла күткен жазғы демалыс та келіп жетті. Түлектердің көңілдері орындарына түсіп, барлығы мектеппен қоштасу кешін тағаттана күтіп жүр. Еліміздегі басты емтихан өткеннен кейін Ұлттық тестілеу орталығында да жұмыс аяқталды деп ойлап қалуға болады. Бірақ олай емес. Міне тура осы мәселе төңірегінде бүгін сөз қозғамақпыз.
Еліміздегі білім беру жүйесіндегі барлық сыртқы емтихандар мен мониторингтер түрлерін ұйымдастыру және өткізуге арнап тест тапсырмаларының базасын қалыптастыру ҰТО-ның негізгі мақсаты болып табылады. Оларға Ұлттық бірыңғай тестілеу, Талапкерлерді кешенді тестілеу, Оқу жетістіктерін сырттай бағалау, Жалпы орта білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау, Педагог қызметкерлердің біліктілігін тестілеу, Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі (ҚАЗТЕСТ), Жоғары білімнен кейінгі білім алуға қабылдау емтихандары жатады.
Жоғарыда аталған әр емтиханға жеке-дара тест тапсырмаларының базасы қалыптастырылады. Осы орайда «Орта білімге арналған тапсырмалар базасын кімдер қалыптастырады?» деген сұрақ туындауы мүмкін.
ҰТО-да жыл бойы 200-ден астам қызметкерлер еңбек етеді және олардың әрқайсынының атқаратын белгілі бір міндеттері бар. Қазір сіздер осы мақалада жаңа тест тапсырмасына өмір сыйлайтын, ҰТО-ның қызықты бөлімшесі, Орта білім берудегі тест тапсырмаларын қалыптастыруды ұйымдастыру басқармасы туралы ақпарат аласыздар.
Тестіленушінің қолына емтихан кезінде жеке өзіне арналған сұрақ-кітапшасын беру үшін, аталған Басқарманың мамандары әр пән бойынша тест тапсырмаларының формасы, саны, оқу бағдарламасының бағаланатын материалдары нақтыланған құжат құрастырады. Ол құжат – тест спецификациясы деп аталады.
Басқарма мамандарының атқаратын келесі үлкен міндеті – мектеп мұғалімдеріне тест тапсырмаларын қалай әзірлеп, қалай тексеру керектігін үйрету болып табылады. Басқарма мамандары ол үшін еліміздің барлық аймақтарының мұғалімдеріне жыл сайын оқыту семинарларын жүргізеді. Оқыту семинарларының бағдарламасы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып құрастырылған.
Мұғалімдерді оқытқаннан кейін, тест тапсырмаларын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп, ол тапсырмалар кемінде 2 рет сараптамадан және Қазақстан Республикасының мектептерінде апробациядан өтеді. Содан кейін ғана тест тапсырмалары базаға енгізіледі. Сол базадағы тест тапсырмаларынан әр пән бойынша тест нұсқалары қалыптастырылады.
Жоғарыда айтылған тест тапсырмаларын әзірлеу механизмі жыл бойы жүреді. Ол механизм Орта білім берудегі тест тапсырмаларын қалыптастыруды ұйымдастыру басқармасындағы ғылыми-әдістемелік зертханаларда өтеді. Зертханаларда жоғары педагогикалық білімі, мектепте жұмыс тәжірибесі бар, әр түрлі формадағы тест тапсырмаларын әзірлеу әдістемесі бойынша халықаралық сарапшылардан біліктілігін арттыру курстарынан өткен, әрқайсысы өз ісінің маманы болып табылатын 30 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 1 ғылым кандидаты, 15 магистр бар. Олар біріге отырып, тест тапсырмаларын әзірлеу үрдісін ұйымдастырады, емтихан қорытындыларын зерттейді, әдістемелік, сонымен қатар ғылыми мақалалар жазады, ҰБТ мен Оқу жетістіктерін бағалауға арналған оқу-әдістемелік құралдарын шығарады.
Қорытынды атестттауға басқа сөзбен айтқанда ҰБТге арналған тест тапсырмаларын қалыптастыруды ұйымдастыру зертханасының меңгерушісі Асайынов Жоламан Әкімжанұлы туралы жеке айтып өткіміз келеді. Еңбек өтілі 30 жыл, математика пәнінің мұғалімі Асайынов Ж.Ә. мектеп жүйесін өте жақсы біледі және пән мұғалімі ретінде алған тәжірибесін тест тапсырмаларын құрастыру, мұғалімдерді оқыту барысында барынша пайдаланады.
Бұл басқармада кездейсоқ адамдар жұмыс жасамайды, басқарманың әр қызметкері өз жұмысын тиімді нәтижеге бағыттайды. Барлық қызметкерлер бірігіп тест тапсырмаларын құрастыру үрдісін ұйымдастырады, емтихандардың нәтижесін зерттейді, әдістемелік және ғылыми мақалалар жариялайды, ҰБТ, ОЖСБға дайындалуға арналған оқу-әдістемелік құралдарды құрастырады.
Басқарма жылдан жылға кәсіби тұрғыда өсу үстінде және ол елеулі нәтижелерден көрініс табуда.
Қазіргі уақытта қызметкерлер «Оқушылардың білім сапасын бағалауға арналған құралы ретінде тапсырма жүйелерін жобалаудың ғылыми-әдістемелік негіздері», «Мектеп оқушыларының ақпараттық-коммуникативтік сауаттылығын қалыптастырудың ғылыми негіздері» атты екі ғылыми-зерттеу жобасын әзірлеуде.
Аталған Басқарманың ұжымы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға белсенді түрде қатысып, атқарылған жұмыстар туралы баяндамалар оқиды. 2015 жылдың өзінде қызметкерлер 28 мақала жариялаған. Оның ішінде: Қазақстан Республикасы баспаларында – 20, Ресей Федерациясында – 3, конференция жинақтарында – 5.
Әр қызметкер өзінің бойында өз жұмысын жетілдіру мақсатында үйрену қабілеттерін және жинақылық, креативтік, икемділік, шапшаңдық, қасиеттерін дамыта отырып әдіскер, ұйымдастырушы, зерттеуші ретінде өз міндеттерін атқарады.
ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК