22.11.2024

ҰСТАЗДАРҒА ҚАРА ЖҰМЫС СОҒЫС ЖАҒДАЙЫНДА ҒАНА РҰҚСАТ ЕТІЛЕДІ.

Мектептерде мұғалім құқын қорғай алмайды емес қорғай алады. Дегенмен артынан қуғындап түсе ме деп қорқады. Барлық мектептерде, ауданда, облыста, республикалық «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» жұмыс істейді. Біз хабарласқан сауалдарға, жіберген хаттарды жауапсыз қалдырған жоқ. Тіпті өздері де хабарласып жағдайды барынша түсіндіруге тырысты. Бұнымен мен кәсіподақ жұмысын жарнамалайын деп отырған жоқпын. Істің шалағайлығының көбінесе аудандық, мектепішілік кәсіподақтан кетіп жататыны өтірік емес. Басты салмақ соларға түседі. Олар шеше алмайды деген жағдайда «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ұйымына шағымданып, құқықтық көмек ала аласыздар. Көптің көкейінде жүрген біраз сауалдарға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ұйымының төрағасының (кәсіподақ төрағасы кезекті еңбек демалысында болғандықтан) орынбасары Виктор Федоровичті сөзге тартып көрген едік.

– «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының» негізгі қызметі қандай, қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік билік органдарынан, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктерінен, саяси партиялар мен өзге де қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз, оларға есеп бермейді және бақылауында болмайды. Кәсіподақ қызметінің негізгі міндеттері – кәсіподақ мүшелері мен кәсіподақ ұйымдарының кәсіби ынтамағын, өзара көмегі мен серіктестігін нығайту, сонымен қатар әлеуметтік әріптестікті дамыту болып табылады. 

Жалпы Кәсіподақ жарғылық мақсаттары мен міндеттерін шешу үшін ұжымдық келіссөздер жүргізу арқылы келісімдер, ұжымдық шарттар жасайды, олардың жүзеге асырылуына ықпал етеді. Салалық келісім жасауда әлеуметтік әріптестіктің тарапы болып табылады, келісімің жобасын әзірлеу мен оны жасау жөніндегі келіссөздерге қатысады. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық үшжақты немесе екі жақты комиссияның жұмысына қатысады. 

Сонымен қатар жарғылық міндеттерді шешу мақсатында қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарына қатысты заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерге ұсыныстар әзірлеуге, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің мүдделеріне байланысты әлеуметтік-экономикалық саясат сұрақтары, әлеуметтік бағдарламаларды жасақтау мен өзге де сұрақтарды әзірлеу мен талқылауға қатысады. Кәсіподақ мүшелеріне тегін әдістемелік, кеңесшілік, құқықтық көмек көрсетеді.

– Жалпы бүгінгі жағдайда білім саласы қызметкерлері көбінесе кәсіподаққа сенімсіздікпен қарайды. Оларды көбінесе «директордың адамы» деп атап жүр. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Өз қызметін әлсіз танытатын бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшысы жөнінде айтылған теңеудің болуы мүмкін. Одан басқа, негізгі жұмысынан босатылмаған кәсіподақ функционері жұмыс берушінің өкілінен тәуелді болатынын біз жақсы түсінеміз. Егер әңгіме мектеп жөнінде болса, онда мектеп директорынан. Кәсіподақ ұйымы жұмысының тиімділігін көтеру үшін бірінші кезекте қорғаныс функциясының іске асуына көзқарасты қайта қарастыру қажет. Кәсіподақ мүшесінің мүддесін кәсіби негізде қорғау бойынша негізгі жұмысты құқықтық қызмет атқару керек, қазіргі уақытта осы қызметтің қалыптасуына кәсіподақ жұмыс жасап жатыр. Жұмыс берушінің еңбек заңдылықтарын cақтауын қоғамдық бақылау жасауды, қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қорғауға көмекті мамандар көрсету керек. Кәсіподақ комитетінің құрамына сайланатын қарапайым мұғалім, біріншіден, өзінің еңбек міндеттерінғы жүктемесі жеткілікті; екіншіден, бақылау жүргізуге және даулы жағдайларды шешуде қажетті білімі жеткіліксіз. Бүгінде кәсіподақ ұйымдарында қорғаныс функцияларын жандандыру мақсатында барлық облыстық ұйымдардар кәсіби заңгерлермен, келіссөз процестерін жүргізетін мамандармен жасақталуда.

Кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі кәсіподақтық оқыту болып табылады. Бүгінде сайланбалы қәсіподақ қызметкерлерінің кәсіподақ заңдылықтарын, еңбек құқықтары бойынша сұрақтарын игеруіне басты көңіл бөлінуде. Осы мақсатта кәсіподақ комитеттері бірігіп тұрақты түрде жұмыс жасайтын кәсіподақ үйірмелерінің сынамалы жобасы іске қосылды.

Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының оқу орталығында әрдайым семинарлар өткізіледі.

Кәсіподақ лидері, яғни кәсіподақ төрағасының имиджі, оның жеке қасиеттеріне байланысты.
Кәсіподақ лидері – өз пікірі бар және оны тік, әрі нақты білдіруге қорықпайтын, егер қызметкердің құқы бұзылғанын көрсе, оған араша бола алатын, ұжымдық шарт жасауда қызметкерлердің мүддесін қорғай алатын беделді тұлға болуы тиіс.

Бірақ, батыл әрекет ету барысында, байыптылық сақтау керек, шешімдер қабылдау кезінде еңбек заңнамасына сүйене білу және ұжымдағы нақты жағдайды білу қажет, өйткені кәсіподақ мүшелерінің және кәсіподақ ұйымының позициясын әлсіретіп алуы әбден мүмкін.

Кәсіподақ лидерінің ең басты қасиеті – заңнамаларды, нормативтік- құқықтық актілерді бағдарлай білу. Ол ең алдымен кәсіподақ қызметінің құқықтық негізін, өзінің жеке құқықтары мен міндеттерін, және де қолда бар кепілдіктерін жіті білуі тиіс. Сонымен қатар тиісті Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтік – құқықтық актілерін де меңгерген дұрыс.

Кәсіподақ лидеріне ерікті ма, еріксіз ба құқықтық сауатты болуына тура келеді. Әрине, кәсіби деңгейде қиын, бірақ кәсіподақ мүшелерінің сұрақтарына дұрыс жауаптар таба білу үшін, қолданыстағы заңнамаларға сауатты бағдар жасай алуы керек.

Әсіресе бастауыш кәсіподақ ұйымының басшысына қажетті қасиет – ұйымдастырушылық қабілетінің болуы. Кәсіподақ басшысы – кәсіподаққа біріккен барлық қызметкерлердің идеялық дем берушісі, ұйым қызметін ұйымдастыра білетін басқарушысы болып табылады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметіне тағайындалмайды, оны сол еңбек ұжымының тікелей дауыс беруі арқылы сайлады. Сонымен ұжым жұмыс берушімен еңбектік қатынасында өз мүдделерін кім қорғайтынын айқындайды. 

Біздің кәсіподақ жұмысының ең бір әлсіз тұсы бар –ол өз жұмысын көрсете алмауы. Кәсіподақ ұйымының мәнділігін арттыру үшін, оның лидерлері өз жұмыстарын жариялылықта ұстауын қамтамасыз еткендері жөн. Жалпы ұйым жұмысы ашық, ал қаржы қызметі – барынша мөлдір болуы керек. Бастауыш ұйымда осы жұмыстардың тиісті деңгейде орын алуына көмегін тигізетін жақсы жолға қойылған апараттық жұмыс болып табылады. Қызметкерлердің мүддесін қорғауда тиімді болған дәлелдер мен деректер қызметкерлерді кәсіподақ ұйымының қажеттілігіне көз жеткізер еді. Егер кәсіподақ мүшелері кәсіподақтың атқарған жұмыстарынан хабардар болып отырса, онда кәсподақты белсенді қолдап, оған сенім артуы күшейе түседі.

Кәсіподақ және оның мүшелерін байланыстыратын қосымша ақпараттық каналдар дайындау мақсатында кәсіподақ сайты құрылды (адресі-www.edu-tradeunion.kz), оның беттерінде салалық одақтың барлық құрылымдарының қызметі жайында ақпараттар орналасады, кәсіподақ мүшесінің ұйым басшылығымен «сұрақ-жауап» рубрикасы арқылы интерактивті сұхбаттасуына мүмкіндік жасалған. Сайтта еңбектің құқықтық реттелуі, салалық заңдылықтар сұрақтары бойынша ұсынымдар мен түсініктемелер орналастырылып тұрады.

Кәсіподақтың ақпараттық жұмысында республикалық және аймақтық басылымдар мен электронды БАҚ белсенді қолданылады.

– Осы уақытқа дейін сіздердің жәрдемдеріңізге жүгінгендер болды ма? Мысалы?

Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – құқықтық жұмыс болып табылады. Құқықтық жұмыс, жұмыс берушімен еңбек заңдыдылықтарының, кәсіподақ турлы заңдылықтар, ұжымдық шарттағы міндеттемелер және келісімдердің сақталуын бақылауды, кәсіподақ мүшесінің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғауды, кәсіподақ ұйымдары мен мүшелеріне кеңес, құқықтық көмек беруді, құқықтық-тәрбие жұмысын, кәсіподақ активін оқытуды қамтиды. Мысалы, кәсіподақ ұйымдарының 2015 жылғы құқықтық қорғау жұмыстары бойынша қызметінің сандық және сапалық көрсеткіштеріне тоқталсақ: еңбек заңдылығын бұзушылық- 2480, оның ішінде 379- жалақы бойынша; жұмыс және демалыс уақыты бойыншы – 298, еңбек қатынастарын рәсімдеу – 629 құрғандығы анықталған.

Жұмыс берушілерге орын алған еңбек қатынастарының бұзылғаны жөнінде 678 ұсыныс жолданды, оның ішінде 484 ұсынысқа кемшіліктерді жойғаны туралы жауап алынды; мемлекеттік еңбек инспекциясына, прокуратура, басқа да мемлекеттік ұйымдарға жіберілген құжаттар саны 32; кәсіподақ мүшелерінің заңдық мүдделерін және құқығын қорғау мақсанда 21 талап сотқа жіберілген. Кәсіподақ мүшелерінің өтініштері бойынша 23 талап-өтініші және басқа да процессуалды құжаттар жасалды; 28 кәсіподақ мүшесіне сот процестерінде өкілділікті қамтамасыз етті.

Есеп жылында барлығы 25 кәсіподақ мүшесі өз жұмысына қайта қосылды, оның ішінде 11 сот инстанциясы арқылы. Кәсіподақ талабы бойынша 82 заңсыз жұмыстан босатудың алды алынған. Сонымен қатар 7 358 542 тенге заңсыз ұсталынған немесе төленбеген қаражат кәсіподақ мүшелеріне қайтарылған; кәсіподақ мүшелерінің 1234 жазба өтініштері қаралса, құқықтық сұрақтар бойынша 8626 ауызша кеңестер берілген, оның ішінде жеке қабылдауда 3927, телефон арқылы 4944, БАҚ 455, интернет желісі арқылы 238.

– Даудың көбі жеке ұжымдарда шығып жатады. Сол даудың бірі кейбір мектепте жеке еңбек шартын жыл сайын жасайтын директорлар да бар екен. Бұл қызметкерді «жіптің ұшында» ұстап отырып ұнамаса немесе басқа адам алғысы келсе келесі жылы жұмыстан шығара салады деген сөз. Жалпы еңбек келісім шарты қалай және қанша жылға жасалады?

– Тараптар еңбек шартын жасауда Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабына сәйкес, оның мерзімін айқындайды. Еңбек шартын жасауда қойылатын талаптың бірі міндетті түрде, оның мерзімі. Егер еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабы 1- тармағының 1- тармақшасында көзделген мерзімге сәйкес жасалса, онда «Еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған», деп көрсеткен дұрыс. Егер Еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабы 1-тармағының 2- тармақшасында көзделген бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалса, нақты мерзімін көрсету керек, мысалы, мерзімі бір жыл болса, онда «Еңбек шарты 2016 жылдың 20- маусымынан 2017 жылдың 19-маусымы аралығында».

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі еңбек шарттарының негізгі түрі ретінде белгіленбеген мерзімге жасалған Еңбек шартын анықтайды. Орындалатын жұмыстың жағдайын немесе алдағы жұмыстың сипатына қарай жедел еңбек шарттары жасалады, яғни:1) бір жылдан кем емес мерзімге; 2) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына; 3) уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына; 4) маусымдық жұмысты орындау уақытына; 5) Заңды тұлғаның уәкілетті органы немесе ол уәкілеттік берген тұлға заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек шартын Қазақстан Республикасының заңдарында, тараптардың құрылтай құжаттарында немесе келісімінде белгіленген мерзімге.
Егер еңбек шартында, оның мерзімі көрсетілмесе, онда еңбек шартының мерзімі белгіленбеген мерзімге жасалған болып саналады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30- бабы 1- тармағының 2- тармақшасына сәйкес бір жылдан кем емес мерзімге жасалған еңбек шарты үшінші рет жасалып немесе ұзартылып жатса, онда еңбек шартының мерзімі белгіленбеген мерзімге жасалған болып саналады

– Мұғалімдерді көбінесе «қоғамдық жұмыс» деген желеумен сенбілікке шығару, кейбір жерлерде концерттерге билеттер алдыру, қажетсіз газеттерге жаздыру туралы не айтасыз?

– Елімізде Конституция бойынша мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы 1- тармағына сәйкес «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі».

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 51- бабы 4-тармағында – Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог жұмыскерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейтіндігі туралы нақты көрсетілген. Сондықтан да сенбіліктер ерікті негізде өткізіледі, мәжбүрлеуге ешкімнің де құқы жоқ. Сонымен қатар басылымдарға жазылу немесе әртүрлі мәдени іс-шараларға билеттер сатып алу тек ерікті түрде ғана болуы тиіс.

– Көбінесе жеке қызметкерлерде еңбекақыға байланысты дау болып жатады. Кейбір жерлерде мектептерде бухгалтерлер бар, кейбір жерлерде орталықтандырылған яғни бір ауданға «бір бухгалтер». Көбінесе өзінің алатын ақшасын есептетіп алғысы келеді. (негізі есептеп түсіндіру олардың міндеті екенін мұғалімдер біледі, дегенмен) Не кем, кейде артық болып келесі айда ұстап қалып жатады. Осының барлығы мұғалімдерге сенімсіздік танытады. Бухгалтерлермен сөйлеспек түгілі есігін ашып кіруге де қиындық туып жатады. Осы жағдайда білім саласы қызметкері не істеуі керек?

– Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113- бабы 2- тармағына сәйкес жалақы төлеу кезінде жұмыс беруші әрбір жұмыскерге тиісті кезең ішінде, оған тиесілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшерлері мен негіздері туралы, оның ішінде ұсталынған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электрондық нысанда ай сайын хабарлауға міндетті.
Жұмыскер жұмыс берушіден тиесілі жалақының құрамдас бөліктері жөнінде ақпарат алуды талап етуге құқылы. Жұмыс беруші ол міндетін орындамаған жағдайда жұмыскер өзінің құқын қорғау үшін мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуіне құқылы.

– Кәсіподақ төңірегінде көптеген сөздер де туындап отыр. Оның көбісі мектепішілік кәсіподақ туралы. «Ол ананың адамы, ол ештеңе шешпейді, анау-мынау» деген алып-қашпа әңгіме көп. Егер мектепішілік кәсіподақ мұғалім құқығын қорғай алмаған жағдайда не істеу керек? Кейде туындаған даудың «шын-өтірігін» анықтаудың өзі қиынға соғады. Өйткені көп жерде ұйым басшысының «күші» басым. Сол жағдайда қалай шешесіздер? Сотқа берген жағдайдың өзінде істі қалай өрбіту керек?

– Өкінішке орай еңбек қатынастары әрдайым даусыз қалыптасып, шешіле бермейді. Мүдделері сәйкес келе бермейтін субъекттер бола отырып, кей жағдайларда қарама-қайшы болып келетін жұмыскер мен жұмыс беруші арасында келіспеушіліктер жиі туындайды. Барлық келіспеушіліктер жәбір көрген тарап құқық бұзушылық деп тапқан әрекеттер салдарынан туады. 

Туындаған жеке еңбек даулары Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларымен реттелген. Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 159- бабына сәйкес жеке еңбек даулары келісім комиссиясымен, ал келісім комиссиясымен реттелмеген сұрақтар немесе шешімін таппаған мәселелер жалпы сот құзыретінде қарастырылады.

Жеке еңбек дауларын қарау тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексімен реттеледі, сондай-ақ соттардағы еңбек дауларын қарау тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық процессуалдық заңнамасымен анықталады. Кейбір санаттағы қызметкерлердің Жеке еңбек дауларын қарастыру ерекшеліктері арнайы заңдармен белгіленеді.

«Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16- бабына сәйкес кәсіподақтар қызметкерлердің құқықтарын қорғау үшін сотқа талап қоюға, сонымен қатар сот орындарында қызметкерлердің мүдделерін білдіруге құқылы. Келісім комиссиясында және сот орындарында қызметкердің құқын және мүддесін қорғауда заңгерлік көмек тегін көрсетіледі. Ол үшін тиісті жергілікті кәсіподақ ұйымына жазбаша түрде өтініш білдіру қажет.

– Кәсіподақ мүшелігінен шығуға бола ма?

– Кәсіподақ – қоғамдық ұйым, оның қызметі меншікті Жарғысымен реттеледі. 
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жарғысының 4.11-тармағына сәйкес кәсіподақ құрамынан бастауыш кәсіподақ ұйымына жеке өтініш беру арқылы кәсіподақ мүшелігінен шыға алады.

– Көбінесе БАҚ беттерінде Кәсіподақты «ақша жасап» жатқан «орган» деп көңілі толмай жатқандар да кездеседі. Барлық жерде жарна төленеді. Демалыс орындарының 50 пайызын кәсіподақ төлейді. Тағы басқа сіздердің тараптарыңыздан қандай көмектер бар?

– Салалық кәсіподақ қозғалысы қызметінің принциптерінің бірі оның транспаренттілігі, яғни қызметінің ашықтылығы. Бізде талқылауға салатын жабық тақырыптар жоқ. Барлық ақпараттар, оның ішінде кәсіподақ жарнасы да ашық болып табылады. Кәсіптік одақ «Кәсіптік одақтар туралы» Заңның 1- бабы 6)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбектік, өндірістік-кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде өз мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшін ерiктi түрде құрылатын, тiркелген мүшелiгi бар қоғамдық бiрлестiк. Сонымен қатар осы Заңның 9- бабы 1- тармағы 8)-тармақшасына сәйкес мүшелік кәсіподақ жарналарын төлеу және оларды бөлу тәртібі кәсіподақ Жарғысында көзделеді.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Жарғысымен Кәсіподақта мүшелік кәсіподақ жарналарын төлеу және оларды бөлудің біріңғай тәртібі белгіленген. Осы Жарғының 13.1 тармағына сай әр айдағы минималды мүшелік жарна кәсіподақ мүшесінің барлық жүргізілген айлық жалақысының 1 пайызын құрайды.

Кәсіподақ жарнасы кәсіптік одақ алдында тұрған міндеттерді шешуге пйдаланылады, бірінші кезекте жұмыс берушілер мен мемлекетпен қарымқатынасында сала қызметкерлерінің мүдделерін және құқықтарын қорғау және өкілдік ету.

Кәсіподақ жұмысы белгілі щығындарды қажет етеді, олар қызметтік ғимаратты ұстауға, кәсіподақ қызметкерінің еңбек ақысы, басылымдардың шығарылуына, заңгер, бухгалтер-экономист және қажетті мамандарды ұстауға арналған шығындар.

Бастауыш кәсіптік ұйымда жиналған қаржының 6 пайызы салалық кәсіподақ және кәсіподақтар Федерациясына аударылады, қалған 9 пайызы облыстық, аудандық комитеттер және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының араларында бөлістіріледі. Бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитеті құзіретінде 50 пайыздан кем емес бөлігі қалады. Кіріс және шығыс сметасымен анықталған, алқалы кәсіподақ ұйымымен (комитет, кеңес) бекітілген қаржының бөлігі қызметкерлерге, олардың жанұя мүшелеріне сауықтандыру, материалдық және қайрымдылық көмек көрсетуге, сонымен қатар ағартушылық, мәдени іс-шараларды өткізуге жұмсалады.

Мүшелік кәсіподақ жарналары тек кәсіподақ жарғысымен айқындалған мақсаттарға жұмсалатынын ұмытпаған жөн.

Кәсіподақтар әлеуметтік қамтамасыз ету ұйымдарына жатпайды. Кәсіптік одақ қызметкердің өзінің қатысуынсыз барлық оның мәселелерін шешетін сервистік команда емес.

Кәсіподақ қозғалысының мәні қызметкерледің барлық деңгейде өз құқықтарын қорғауда ұжымдық әрекетті ұйымдастырудағы бірлігі мен өзара көмек көрсетуінде. Күнсайын жүздеген адамдар қызметкерлердің мүдделерін қорғау үшін жұмыс істейді: ауданда, облыстарда, республика деңгейінде білім беру басқармаларымен келіссөздер жүргізу, әлеуметтік әріптестік жөнінде келісімдер жасау, еңбек ақыны арттыру бойынша тиісті органдарға ұсыныстар беру, еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастар сұрақтары бойынша нормативтік – құқықтық актілерді жетілдіру, жеке еңбек дауларының шешілуіне ықпал жасау, құқықтық сұрақтар бойынща тегін кеңестер беру және көптеген басқа да жұмыстар атқарылуда.

– Жалпы білім саласы көп министр ауыстырған, реформаға жиі ұшырайтын саланың бірі. Қазір «үштілді» оқыту жүйесіне кезеңмен көшуге оңтайланып жатыр. Жер-жерде мұғалімдерге арналған курстар өтуде. Кейбіреуі тегін болса интернеттегі ақпараттарға сүйенсек кей жерлерде ақшалай яғни мектептегі мұғалімнің қалтасы есебінен төленіп жатқан көрінеді. Жалпы қайта даярлау курстары жіберіп отырған мекеме есебінен төленетін. Осы туралы не айтасыздар?

– Бүгінде қоғамда көп талқыланатын тақырыптің бірі білім беру жүйесінде болып жатқан реформалар, оның ішінде білім берудің үштілді жүйесі. 

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында білім берудің үштілді жүйесіне өту қарастырылғаны белгілі, жоспарға сәйкес әрбір қазақстандық оқушы сабақты үш тілде: казақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқитын болады. Осыған орай қоғамда, ата-аналар арасында көптеген сұрақтар мен толқулар туындағаны рас, олар біздің мектептеріміздің дайындығы, ағылшын тілінде сабақ беретін мамандандырылған пәндік мұғалімдер, яғни кадр әлеуетінің деңгейі жөніндегі сұрақтар.

Қазақстан мектептерінде үштілді білім беру 2017-2018 оқу жылынан басталады. Осы оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап ешбір сыныпта үштілді оқыту енгізілейін деп жатқан жоқ. Бағдарламаға сәйкес тек 10 және 11-сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде өткізіледі, оның өзі тек 2019 жылдан басталады. Жаңалықты жүзеге асыру үшін мемлект 1 трлн. 391 млрд.тенге бөлуді жоспарлап отыр.

2016 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 55 мың қазақстандық педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. 2016 жылдың 30 мамырында 4187 мұғалімге бір уақытта курстар ашылды. Курстарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы» және «Назарбаев зияткерлік мектебі» бірігіп өткізді.

Назарбаев зияткерлік мектебінен 80 оқытушы тренер дайындалған. Олар қазіргі уақытта «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы 540 оқытушы-тренерін және мектептің 140 оқытушысын оқытуда. 760-тан астам тренер бастауыш мектептің 73 мың мұғалімін жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жаз маусымында оқытатын болады. Бұл жұмыс өңірлердің 280 мектебінде өткізілетін болады.

Қазақстанда үштілді білім беруге өтуде мұғалімдерді дайындау үшін қаржы ресурсы жеткілікті деп сенеміз. Бүгінде білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясында педагогикалық қызметкерлер өз қаражаттары есебінен оқуда, деген бізде нақты дерек жоқ. Егер ондай нақты деректер белгілі болса, тиісті пікір білдіру үшін Сізден ол жөнінде хабар беруіңізді өтінеміз.

– Біраз әріптестеріміз мұғалімдерді әртүрлі жұмыстарға «шегу», сыбайлас жемқорлықты әшкерелегенде қудалауға түсті. БАҚ беттерінде осыған орай мақалалар да жарияланған. Мысалға алатын болсақ Қарасай ауданындағы Айман Сағидуллаеваның мәселесі. Мұғалімнің кәсіптік қызметімен байланысы жоқ жұмыстарға қарсы шыққаны үшін қудалап қысым көрсеткен. Сол сияқты Айнұр Күленбаева мектептегі жемқорлықты әшкерелегені үшін қудалауға түскен. Тағы сол сияқты Алматы облысында директор мектептен тігін цехын ашып мұғалімдерді жұмысқа шегіп ол мұғалімдер де құқын талап етумен талай зардап шекті. Тек журналистердің, қоғам қайраткерлерінің, Қазақстан аумағының мұғалімдерінің қол жинап араласуымен іс шешілген. Міне осындай жағдайда кәсіподақ барлық мәселені орнына қою керек емес пе? Мүмкін сіздерге ақпарат жетпеген болар. Бұндай даулы мәселелерді орнына қою үшін сіздерге хабарласу керек пе?

– Еңбек дауларын шешу сұрақтары тікелей жергілікті аумақтық кәсіподақ ұйымдарымен қарастырылады. Орын алған жағдай – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Алматы облыстық ұйымының жауапкершілігіндегі аймақ. Алматы облысы Қарасай ауданы аумағында облыстық ұйымның құрылымдық бөлімі – Қарасай аудандық кәсіподақ комитеті қызмет етеді. 
Қызметкерлердің тікелей кәсіподақтың орталық басқару ұйымына өтініш жолдаулары бойынша сұрақтарына қажетті кеңестер беріледі, қызметкерлердің аумақтық ұйымдармен құқықтарын қорғау жөнінде тиісті шешімдер қабылдануына ықпал жасайды, және де міндетті түрде мәселелері бақылауға алынады. 

Айман Сағидуллаеваға тоқталатын болса, оған қатысты мәселелер бізге белгілі, орын алған дауды шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Айнур Куленбаева кәсіптік одақтың Салалық Кеңесіне жүгінген жоқ. Дегенмен, біз орын алған жайды міндетті түрде қарастырып тиісті шараларды қолданамыз.

– Сіздердің жеке сайттарыңыз бар, жұмыс істеп тұр. Заңнамалардың барлығын орналастырыпсыздар, жақсы. Енді облыстар мен аудандардың да сондай сайттарын ұйымдастырып мұғалімдердің хабарласып құқықтық көмек көрсететіндей жеке блогтар ашылса нұр үстіне нұр болар еді?!

– Әрбір аудандық кәсіподақ ұйымдарында жеке сайттарды құру біршама материалдық ресурсты қажет етеді. Бүгінгі таңда біздің аумақтық ұйымдар ондай қаржыға мүмкіндіктері жоқ. Әрине, келешекте бұл мәселелер қарастырылып, шешімін табады деген сенімдеміз.
Бүгінде әрбір қызметкер біз адресін атап өткен салалық кәсіподақ сайтынан қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндіктері бар.

– Сұхбаттарыңызға рахмет, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Түйін

Балаларымыз жақсы жетістікке жетіп көтерілсе «иә бұл сөзсіз мұғалімнің арқасы» деп марапаттаймыз да балаларымыз жаман қылық көрсетсе барлығын мұғалімге жаба саламыз. Мұғалімнің мәртебесін көтеруге қоғам болып, ата-аналардың арасында да жақсы түсінік қалыптаспайынша көтерілуі екіталай…

Мейіржан Темірбек, «Ағартушы» ҚҚ мүшесі. 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА