Қазақстандық білім беру саласындағы реформалардың басталғаны бүгін емес. Ертең соның жаңғырығы алдымыздан шығады. Ол кезде ұрпағымыз тегін ұмытып, өзін таппай қалуы бек мүмкін. Оның алғышарты қаланып та қойды. Олай дейтініміз, «Қазақстан тарихы» пәнінің жоғары оқу орындары бағдарламасынан алынып тасталуы баяу іске қосылатын бомбаны еске түсіреді.
Тарихты түртпектеу кімге керек?
«Тарих – өткеннің куәсі, ақиқат нұры, жанды жәдігер, өмір ұстазы, көненің шежірешісі» депті көне Рим шешені Цицерон. «Өткенді білмесең, бүгінің бұлыңғырланады, ертеңің еңіреумен өтеді» дейді хатқа түспесе де, Ұлы Дала заңын қатаң ұстанған бабаларымыз. Соның арқасында болар, тегін танып өскен қаншама текті ұрпақ төсін елі мен жері үшін оққа тосудан тайсалмады. Еуропаның тарихта танымал болған бір қолбасшысы «Қазақ өз тарихын түгел таныр болса, бәріміздің көкемізді танытады» дегені айтылып жүр. Дәл сондай сөздің болғанын ғалымдар дәлелдеген жоқ. Бірақ теріске де шығарған ешкім болмады. Кезінде тұлпарының тұяғы бергісі Балқан, арғысы Араб түбегіне жеткен түркілердің бүгінгі тұяғы – қазақтың да тегіне тартып кетерінен қауіптенетіндер көбейіп бара жатқан секілді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап осы саладағы толассыз жүргізіліп келе жатқан реформа мұғалімдердің миын ашытып, балалардың басын «былықпай» етіп жіберді.
Ал, жаңа министрдің «үштілділікті» енгізу ниетінен оқушыны айтпағанда, ұстаздардың өзі үркіп отыр.
Бірінен соң бірі ауысып, әрқайсысы өзін көрсеткісі келіп, алдыңғысының бастамасын жоққа шығарып, тың идея ұсынатын министрлердің реформаларына бірізділік пен жүйелілік жетіспейтіні ақиқат. Оған жұмсалып жатқан қыруар қаржыны айтыңыз. Осы екеуін қосқанда, егеменді ел болғалы ширек ғасырда білім саласындағы реформа бір жағына шығуы тиіс секілді еді. Алайда, ақыры әлі көрінер емес. Білетіндер «Реформа жүргізу – қазынадан аққан қаржы көзін өзіне бұрудың бір жолы» дейді. Бірақ, кейде соның бәрі қазына қалтасын қағумен бірге ұлтты мәңгүрттендіруге бағытталған саясат сияқты көрінеді де тұрады…
Алысқа бармай-ақ, білім саласындағы соңғы өзгерістерді алайық. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» оқытылмайтын болды. Бұл жаңалық қоғамда түрлі пікір туындатып отыр. Бұл бастаманың төркінін іздегендер де болды. Осы уақытқа дейін оқу бағдарламасынан қазақтың тарихын жойып жіберуге деген жоғарыдағылардың құлшынысын өздері де, өзге де дөп басып түсіндірген жоқ еді. Халықты ағарту ведомствосының шешіміне түрткі болған дүниелерді жақында Мұхтар Тайжан әлеуметтік желіде жариялады. Қоғам белсендісі «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасына Қазақстандағы он шақты жоғары оқу орны басшыларының Білім және ғылым министрлігіне жолдаған хатын шығарыпты. Оның бірі – Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке, бірі соған қарасты Жоғары, жоғары оқу орындарынан кейінгі білім және халықаралық әріптестік департаментіне жолданған. Үшбу хатта отандық білім ошақтары басшылары «типтік оқу бағдарламасын сараптау нәтижесінде кей пәндердің мектеп бағдарламасын қайталайтыны» анықталғанын бір ауыздан айтады. Бұл, әсіресе, «Қазақстан тарихы» пәніне қатысты. «Қазақстан тарихының» орнына «Қазіргі замандағы Қазақстан тарихы» пәнін енгізуді ұсынған. Бір ғана мысал, қойнауы тарихқа тұнған Тараздағы М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университет ректоры Махметғали Сарыбековтың оқу ордасы ұжымының атынан министрге 2016 жылдың 27 сәуірінде жолдаған хатынан үзінді келтіре кетейік:
«Біріншіден. «Қазақстан тарихы» жеке пән ретінде ЖОО-да 1990-1991 оқу жылынан бастап КСРО кезіндегі партия тарихы орнына оқытыла бастады. Еліміздің сол кездегі тарихи ой-сананың жаңаша қабылдауында «Казақстан тарихы» пәні өзіндік міндетін атқара білді. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның экономика, білім, ғылым, инновация саласындағы жетістіктері мен жаңа тұрпатты кәсіби кадрлар даярлаудағы заманауи талаптарға байланысты «ҚP Жапыға міндетті білім беру стандарттарындағы» жалпы білім беру пәндері компонентін, соның ішінде «Қазақстан тарихын» оқытуды түбегейлі өзгертудің уақыты жетті.
Екіншіден. Жалпы білім беретін мектептерде «Қазақстан тарихы» пәні ежелгі дәуірден бастап кезең-кезеңімен оқытылады. Мектеп бітірушілер «Қазақстан тарихы» пәнінен алған білімдерін Ұлттық біріңғай тестілеу, кешенді тестілеу секілді сыртқы бағалау формалары арқылы дәлелдеуде. Сондықтан да жалпы білім беретін мектептерде оқытылатын «Қазақстан тарихы» пәнін жоғарғы оқу орындарында қайтадан оқытудың аса қажеттігі жоқ.
Үшіншіден. Жаңадан қабылданатын «ҚP Жалпыға білім беру стандарттарындағы» жалпы білім беру пәндері компонентіндегі «Қазақстан тарихы» пәнінің орнына «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнін 3 кредит көлемінде оқытуды енгізуді сұранамыз.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ұжымының ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім беру саласында қазіргі кезеңде жүргізіп отырған реформаларды толығымен қолдайтындығын білдіреміз. Ректор М.Сарыбеков».
«Молда білгенін оқиды»
Енді елді ағарту жұмысындағы осынау «реформаның» қаншалықты қажеті бар дегенге тоқталсақ. ҰБТ-да мектепті үздік бітірген оқушының өзі сүрініп жататыны қалыпты көрініске айналды. Оның дені сол сынақ сұрақтарындағы мағынасы көмескі, бірнеше жауабы бар сұрақтардың еніп кетуіне байланысты. Тестілеуді тиянақты тапсыра алмаған оқушылар сол кезде «Қазақстан тарихынан» келетін сауалдар төңірегінде көбірек дау шығарып еді. Түлектердің тағдырын Абылайхан мінген тұлпардың аты, тоқалының саны секілді «сандырақтаған» сұрақтар шешті. Талабы таудай болса да, тиісті балл жинай алмай, «бабы шаппаған» шәкірт босағада қалды да, «бағы шапқаны» оқу ордасының студенті боп шыға келді. Бұған ең бірінші сол тест сұрақтарын дайындаған мамандардың оқу бағдарламасынан алшақтап кеткені бір себеп. Яғни, білім беру саласындағы мектеп пен министрліктің, білім ұясы мен жоғары оқу орындарының арасында байланыс жоқ. Екінші себеп, әрине, оқулық сапасында. Жыл сайын жаңадан жарық көретін оқу құралдарының мазмұны төңірегіндегі әңгіме осы жақында ғана сөз бола бастады. Оған дейін бұл туралы құзырлы мекемелер де, баспагер де бас ауыртқан жоқ. Шымкенттегі мектептердің бірінде дәріс оқитын, жоғары санатты ұстаз-тарихшы Өмір Шыныбекұлы әр оқулықтағы тарихи оқиғалардың орын алған орындарын көрсетуде алшақтық өте көп екенін айтады. «Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін бағамдау үшін, мектеп мұғалімі емес, өмір бақи тарихты зерттеген тарихшы-ғалым болуың керек» деген педагог әрі қоғам белсендісі алдымен мектеп оқулықтарының қандай деректерге сүйеніп жазылатынына талдау жасап берді.
«Т.Тұрлығұлдың басшылығымен жазылып, 2011 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Жаратылыстану-математикалық» бағыттағы 11-сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының 9-бетінде былай көрсетілген: «Оқулықтың осы басылымында біз Қазақстан тарихының академиялық басылымы (3-том, «Атамұра», 2002 жыл) мен интернеттегі ең соңғы мәліметтерді негізге алдық». Оқулық авторлары тарих ғылымындағы дереккөздердің рөлінен хабары жоқ секілді. Интернеттегі мәліметтің барлығы шындыққа жанаса бермейтіні мектеп оқушысына да жақсы белгілі. Оның үстіне көзі қарақты адам жазба тарихы көп сақтала қоймаған қазақ тарихын аңыз-жырларды, архив деректерін салыстыра отырып зерттеуі керек екенін түсінсе керек. 10-сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарына тоқталсақ, «Қоғамдық-гуманитарлық» бағыттағы сыныпқа арналған оқулық материалы мен «Жаратылыстану-математикалық» бағыттағы сыныптарға арналған оқулықтарда тас дәуірін кезеңдеу бір-біріне мүлдем қайшы келеді. Тарих оқулығына қатысты тағы бір мәселе. Профессор Зиябек Қабылдиновтың 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының бірінші басылымы 2008 жылы, ал екінші басылымы 2012 жылы шықты. Осы оқулықта Сұлтанбет деген азамат бірде «би», бірде «сұлтан», бірде «төре» атанып, 1723 жылдан 1822 жылдарға дейінгі кезеңді қамтитын 10 шақты параграфта жүр. 1-параграфта аты атала бастаған Сұлтанбетке 27-параграфта «Сұлтанбет төре (XVIII-ғ.) – Абылайдың немере ағасы» деген түсінік беріледі. Ал 2016 жылы баспадан шыққан 3-і басылымының 16-бетінде Сұлтанбеттің аты Әбілмәмбет, Барақ, Сәмеке, Әбілқайырмен қатар ірі қолбасы ретінде аталады (3-параграф)» дейді тәжірибелі ұстаз Өмір Шыныбекұлы.
Тарихтан білгенін беттеген «молдалардың мемуарларын» балаға оқытамын деп алдымен мұғалімнің басы қатса, бір-біріне қарама-қайшы мәліметке толы ақпаратты санаға сіңіремін деп оқушының жаңылысуы – заңдылық. Бұл – жоғарыдағылар мен төмендегілердің байланысының жоқтығынан. Оқулық шығарарда оның жобасы білікті ұстаз-мамандар тарапынан талқыланбауынан, әр автор білгенін жазды. Әрі сол оқулықпен балалар білім алды. Қолда бар оқулықты реттеп алмай жатып, балаларға үш тілде білім бергісі келетінін қайтесің.
Шаш ал десе…
Оқушыны жаңылыстырған оқулық пен ҰБТ сұрақтарының мәселесі ушыққаны соншама, ақыры бұл мәселе мемлекеттің ең жоғарғы мінберінен айтылды. Әдеттегідей бізде Елбасы атын атап, көзге шұқып, көрсетіп бермесе, мәселе шешілмейді. Бар гәп – оны шешудің жолында. 2012 жылғы 3 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жариялады. Сол кезде біздегі білім беру мен оны бағалау жүйесін сынға алған Елбасы «Іс жүзінде бүкіл оқу-тәрбие үдерісі ескірген әдістемелерге негізделген. Оқу-тәрбие үдерісінің тарихи білім сынды маңызды ісі жеке тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуы міндеттерін шешуге атымен бейімделмеген. Нақтылық мынада, оқушылар Қазақстан тарихы пәнін «зеріктірерлік», «қызықсыз», «бытысқан» пән деп санайды. 2012 жылы «Алтын белгі» медалін алуға үміткерлердің талайы нақ осы отандық тарих жөніндегі «өкінішті» сұрақтардан «омақасқаны» көп жайды аңғартады. Мектеп курстарында көбіне-көп кеңестік білім беру жүйесінің сарқыншақтары сынды «Әскери дайындық», «Өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіздері» бағдарламалары бар. Сонымен бірге, оқушыларға қазірдің өзінде қажетті инновациялық курстар жоқ. Мысалы, өте көкейкесті болып табылатын «Қазақстан құқығы» (оның болмауы жастардың құқықтық нигилизмі мен сауатсыздығына соқтырады), «Өлкетану» (туған жерге махаббат отаншылдықтың негізі ғой), жеке табысқа жетудің, жеке тұлғаның әлеуметтенуінің әдістемесі сынды «Акмеология» сияқты пәндер қайда? Олардың жоқтығы жастардың едәуір бөлігінің әлеуметтік инфантилизміне, ересек өмірге бейімделе алмауына, басқа да келеңсіздіктерге ұрындырады. Жастардың бір бөлігі діни секталардың, экстремистердің, есірткіге құмар және қылмыстық топтардың «оңай олжасына» айналады. Мұның бәрінің басты себебі – әлеуметтік инфантилизм, өзінің өмірі мен өз отбасының әл-ауқаты үшін өзі жауап бере алатын ересек әрі кемел азамат болуға шамасы жетпеушілік. Сондықтан бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды» дей келе, ҚР Білім және ғылым министрлігіне:
« – 2013-2014 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді көздесін;
– Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізсін, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде іс-шараларды жүзеге асырсын;
– орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасасын» деп тапсырма берді.
Орындалуы тиіс міндет айқындалды. Енді оны жүзеге асыру жолы қалай болмақ? Министрліктегілер ол жағына бас қатырып жатпады. Жалпы, қазақстандық басқару жүйесінде соңғы уақытта қалыптасқан бір қағида бар – мәселені шешу үшін мәселенің өзін жою керек. Осыны қарапайым тілмен түсіндіруге тырысайын. Президент «Қазақстан тарихы» пәнін алып тастаңдар деді ме? Жоқ! Қазақстан тарихын оқыту әдісі мен қолданылатын оқу құралдарына талдау жасап, пәннің санаға сіңіп, тамырға өтетіндей қызықты болу жағын ойластыруды тапсырды. Соншама дене қимылын жасап, бас мидың бар жасушасын іске қосуға ерінді ме, министрліктегілер алды да «Қазақстан тарихы» пәнін ҰБТ-дан да, ЖОО-ның бағдарламасынан да алып тастауды ұйғарды. Пән жоқ – проблема да жоқ. Ең бастысы, «мен тұрғанда қозғалмаса болды, кейінгісін су алса да мейлің». Мәселені осылай, «оңай ғана шешу» үшін ЖОО басшыларынан министрлікке жоғарыда айтылған мағынадағы хаттар да «ұйымдастырылды».
Сол хаттарды жариялаған, Польшадағы Варшава универститетінде білім алған Мұхтар Тайжан поляктардың өз тарихына деген көзқарасын айтады. «…Поляктар өз тарихын бала болып мектепте оқиды, әрине. Бірақ университеттерде тағы да өте мұқият түрде оқиды. Себебі ұлттық тарих сол ұлттың сана сезімі жоғары болуы үшін маңызды. Ал жоғары оқу орындарында ғылыми кафедралардың болуы ұлттық тарих ғылымын дамытады. Тарих ғылымы мектептерде дамымайды, себебі мектептерде оған алғышарт жоқ» дейді М.Тайжан. Қоғам белсендісінің бұл пікірі орта мектепте тарих пәнін оқытып жүрген мұғалімдердің ойымен ұштасатынын айта кетейін. «Орта білім беретін мекемелерде «Қазақстан тарихы» пәнін толық қамту мүмкін бе әлде оны жоғары оқу орындарында да жалғастыру керек пе?» деген сауалымызға талай жыл шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз Өмір Шыныбекұлы «Балабақша мен мектеп патриоттық тәрбие берудің ең алғашқы сатысы болса, ЖОО – келесі сатысы. Төл тарихымызды оқытпай, патриоттық тәрбие беру мүмкін еместігін естен шығармау керек. Оның үстіне педагогикада «Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту» деген ұғым бар. Олай болса, ЖОО-да Қазақстан тарихын оқыту мектепте алған білімді бекіту болып табылады» деп жауап берді.
Тарихы өлген елдің санасы да өледі
Бұдан шығатын қорытынды: Оқушының ойлау мен ақпаратты өңдеу қабілетіне байланысты «Қазақстан тарихы» пәні мектептерде аса терең оқытылмайтыны айқын. Ел тарихындағы әр маңызды оқиғаға жеке тоқталып, оны ересек оймен талқылау арқылы ғана лайықты бағасын ала алады. Бұл өз кезегінде шәкірттің (студенттің) санасында өткен күннің тағылымы таңбаланып, өз ұлтымен мақтану сезімін ұялатады. Сол кезде ғана нағыз патриот тәрбиелеуге болады. Оны жасамаған күнде мектеп қабырғасында оқығанын бірер жылда ұмытқан бала бірте-бірте мәңгүртке айналары хақ. ЖОО-ны бітіріп, одан оқуын жалғастырып, не өзге жақта тәжірибеден өтіп, елге келген ондай «компьютер басты космополиттер» үшін сенің ата дәстүрің, ел мен жеріңнің қадірі көк тиын! Егер Үкімет ЖОО-дағы «Қазақстан тарихы» пәнін алып тастауға келісімін берер болса, онда баяу іске қосылатын «бомба» тетігін өз қолымен басқан емей не?! Қала берді, ғылыми кафедралар болған жағдайда ғана ғылым дамиды. Ғылыми атақ алу үшін ЖОО ұстаздары ізденеді. Тың деректер табуға тырысады. Сонысымен онсыз да ақтаңдағы көп қазақ тарихының парақтарын толтырады. Жоғары оқу ордаларындағы ондай кафердаларды жабу – ғылымның дамуына тоқтау салу. Онда Қазақстан тарихы өледі. Ал, тарихы өлген елде тұратын халықтың санасы да уақыт өте өледі.
Бекжігіт МӘУЛЕНОВ